Пайғамбар аттас ақын – Жүсіп Қыдыров

0
1055
программы

Махаббат деп түсінді мына әлемді…

Талантты лирик-ақын Жүсіп ҚЫДЫРОВ рухымен сырласу

Жүсіп, міне, сен көре алмай кеткен жаңа мыңжылдықтың наурыз айы тағы да келді. Бұл сен туған ай. Егер тірі болсаң, ол сенің жетпісінші көктемің болар еді. Әттең, жазмыштан озмыш жоқ екен.

Сонау өткен ғасырдың елуінші жылдарының орта шенінде аялы құшағына алып, бауырына басқан ару қала – Алматыға, білім ордасы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түскен сәті де күні кеше ғана сияқты еді. Сенің сұңғақ бойың мен мейірімді жүзің, елжіреген жүрегің, толқынды қою бұйра шашың әлі күнге көз алдымда. Жібектей есілген биязы мінезің қандай еді шіркін. Иә, ол күндер ешқашан да ұмы­тылмас!

Сен университет қабырғасына сүмбіле жырлардың сүлейлері туған Сыр елінен келдің. Киелі ақындықты жас шағыңнан мұрат еткен екенсің. Мектеп қабырғасында жүріп жазған жырларыңды университет қабырға­сында жалғастырғаныңның куәгері болдық. Сол балаң жырларды оқып беретін де әдетің болатын. Ол жыр­ларыңның әдемілік пен сұлулық­тың шолпысындай сыңғырлаған әуезге толы екенін айтқанымда көңілің өсіп, көлдей тасыған шақтарың да есімде. Түн баласына көз ілмей, бізді ұйық­татып тастап, Шығыс әдебиетінің інжу-маржандарын, әсіресе “Мың бір түн” хикаяларын бас алмай оқитының ше? Содан әсерленіп жазған мына бір жолдарың көкейімде қалыпты.

Толды әлем күлкісінің сыңғырына,

Толды әлем әуезінің сылдырына…

Сұлулар, бар екенсің шын іздесе,

Сендім мен “Мың бір түннің” шындығына!

Ұлы Абайдың “Көзімнің қарасын”, “Татьянаның қырдағы әнін” жаныңдай жақсы көруші едің.

Университеттің соңғы курсын­да заманымыздың заңғар жазушысы, ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің Абайтану курсынан дәріс оқуы бәріміздің, ең алдымен сенің әдебиеттегі жолыңды ашты. Біз Мұхаңның Абай өмірі мен ақындық жолы туралы әңгімесін, Шығыс пен Батыстың өткен ғасырлардағы ғаламат ақын-шайыр­лары, философтары туралы уәзипалы ойларын ұйып тыңдайтынбыз. Сол заманда тілге тиек бола бермейтін Мағжан лирикалары туралы айтып, мөлдір де мөлтек жырларын төгілте оқығанда кейіннен, бұл жырлардың сенің бойыңа ұрығын сепкенін де білемін. Иә, ақындық жолыңда Мағжан лирикалары мен Омар Хайямның төрттағандарына, Афанасий Феттің махаббат өлеңдеріне ғашық болдың. “Фет өмірбойы махаббат жырын жырлап өткен екен. Оның жетпістегі өлеңдерін қарап отырсаңыз, мөлдіреп тұрған махаббат. Егер тірі болсам, мен де жетпісімде сондай өлеңдер жазған болар едім деп ойлаймын” (“Қазақ елі” газеті, барыс жылы, 10-16 сәуір) дегеніңді де оқығанмын.

Сол А.А.Феттің мынадай өлеңі бар:

Сад весь в цвету,

Вечер в огне,

Так освежительно – радостно мне!

Вот я стою,

Вот я иду,

Словно таинственной речи я жду…

Ақын әсте де қарттықтың қауқар­сыз­дығын емес, лириканың мәңгілік жастығын айтып отыр. Сен де алдағы өміріңнен үміт үзбей, сұлулықтың мәң­гілік отын алаулаттың емес пе? Тіпті қатерлі сырқаттың қамытын амалсыз киіп, көңіліңе кірбің кіргенде де былай деп жазғансың:

Тіл сараң,

Дәл айта алмас өнер сараң,

Әлі де сан арнармын өлең саған…

Жүзге келіп, мұңайып отырармын

Сезімді жеткізе алмай сені аңсаған.

Иә, сен Құдай пешенеңе жазған 46 жас ғұмырыңда ғашықтық ғазалдарың­ның жалтылдаған жалынымен, өшпес өлеңдеріңмен елге, жерге деген махаб­ба­тыңды өрнектеп кеттің. Осы уақыт ішінде жарық көрген оннан астам кітаптарыңдағы балдай тәтті, бұлбұлдай әуезді жырларың мен дастандарың, балладаларың оған куә. Солардың ішінде өміріңнің соңғы сәтінде жазған, осыдан он жыл бұрын талантты журна­лист інің, бауырың Бақтыбай Айна­беков өзге де өлеңдеріңмен толықты­рып қайта шығарған “Мың бір күннің” рухы күшті. Бұл жинаққа қазақ поэзия­сының Құлагері атанған Ілияс Жансү­гіров атындағы сыйлық та берілді. Әрине, оны өзің көре алмадың.

Ол жинақта оқырман сезімін оята­тын ойнақы жолдар, толымды ойлар ойқастап алдыңнан шығады. Бәрі­нен де ләззат, жыр кәусарынан тоят аласың. Сондықтан да кітап эпи­графында:

“Мың бір күн” – дидарласу нұр, гүлменен,

“Мың бір күн” – сұқбаттасу бұлбұлменен.

“Мың бір күн” – бал махаббат хикасы,

Жастық шақ, іңкәр көңіл, мың бір өлең”,

деуің тегін емес. Сенің өлеңдеріндегі ғашық – ғұмыр, айналып келгенде, бейнелі теңеулерімен, көркемдікпен астасып жатады. Мына суретті аңдайықшы:

Шашың қандай, жаным-ау, шашың қандай,

Қара раушан үлбіреп ашылғандай.

Төмен қарай төбеңнен құйылғанда,

Екеумізді қою түн жасырғандай…

– деп басталатын жыр жолдарында ға­шықтық, ғарыштық ой тұспалдары тұста­сып жатыр.

Мен сенің шығармашылығыңды тал­дайын деп отырғаным жоқ. Десе де, осындай көр­кемдікпен көмкерілген лирикаларың­ның қуатын тағы бір айтпасқа болмады.

Сен поэзияда ғана емес, есейе келе әдебиеттің басқа да жанрларына қалам тартып, қаламыңның қарымын таныта білдің. Оған республикалық “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газеті мен “Жұл­дыз” журналында жұмыс істеген кез­дерің куә. Драматургия жанрына бейіл болып, 8 пьеса жаздың, өлең жайында танымдық сыни-зерттеуге де қалам тарт­тың. Бұл орайда да табыссыз болмадың. “Поэзиядағы стандарт және ізденімпаз­дық” деген мақалаңда лирика жанрын­дағы жастардың шығармашылығы, оның ішінде өзіңнің поэзияға енгізген жаңа­лықтарың – өлең өлшемі мен теңеу сияқты көркемдіктің жай-жапсары кеңі­нен сөз болған еді.

Сонау өткен ғасырдың 60-жылдарын­да әдебиетке енді келген жастар легінде болған сен өз замандастарыңның осы майдандағы алғашқы табыстарына мар­қайып, өз достарыңның өркен жайғанына да мақтана білдің. Сол жауқазындар қатарындағы Мұқағали мен Қадырдың, Тұманбай мен Төлегеннің өлең өнеріндегі қауырсын қанаттарына қуат беріп, жылы лебіз білдірдің. Сол тұста сыншы көзінен қағыс қала беретін өз замандастарың – қыз-келіншектер поэзиясы туралы жақсы­ны тап басып, жандарын жадыратқан да сен едің. Фариза Оңғарсынова, Қанипа Бұғыбаева, Марфуға Айтқожина, Ақұштап Бақтыгереева сияқты, басқа да талантты ару-ақындарды талғампаздықпен тани білдің.

Сен ауыр сырқат тауқыметін тартып, аурухананың кереуетіне таңылып, үйде төсек тартып жатқанда аяулы достарың жаныңда болды. Өзің жазған “Алматы әуендері” сонеттеріңде жырлағандай, біз сенің халіңді біліп, медеу де, демеу де болдық. Сонда өзің:

Тілегінен қанат ап,

Алаң көңіл әлденген.

Дос жүрегі шарапат,

Қиын сәтте қол берген, –

– деп жазып едің. Иә, сол тұста шын достар сенің жаныңнан табылды. Сазгерлік-күйшілік өнеріңнің тағдырына араласқан абзал достарың, белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиұлы мен “Өнер” баспасының тұңғыш директоры Мақсұтжан Әубәкіров 40 күйіңді жарыққа шығарғанша жарғақ құлақтары жастыққа тимей, көңіліңді көтергендерін де көрдім. Сен өмірден озған соң сол Мақсұтжан ауру қармағына іліксе де, тақырыбы еліміздің тарихына тамыр тартатын, ұрпақтар сабақтастығын желі еткен, біздің студенттік шағымыздан елес беретін шырайлы шығарма жазу мұратына жетіп кетті. “Бір үмітпен өмір сүр” романы сенің де, менің де алыста қалған өндірдей жастығымыздың көркемдікпен өрілген шежіресі деп те айтуға болады. Осы бірегей шығармасын Мақсұтжанның да көруіне тағдыр жазбады. Бірақ ол артына бәріміздің ғұмырнамамызды тастап кетті. Талантты сыншы Зекең досының амана­тын бұлжытпай орындап, оның әдеби редакциясын басқаруға білек сыбана кі­рісіп, көркем туындының көңілден шы­ғуына тер төгіп, досымыз алдындағы па­рызы мен қарызын орындап, ол да кетті.

Жақында, биылғы ақпан айында ару қала – Алматыға жолым түсіп, Кеңсай­дағы сендердің зираттарыңа барып, құран бағыштап кеттім. Сонау Көктөбенің ұшар басында менің аяулы достарым – өзің, Зейнолла Серікқалиұлы, Мақсұтжан Әубәкіров, Сабырхан Асанов, Сәңгерей Тәжіғұлов, Амангелді Ахметәлімов, Өмірсейіт Шәріпов, Тұтқабай Иман­беков мәңгілік ұйқыда жатырсыңдар.

Университет қабырғасында жүр­генде тағы бір ұлағатты ұстазымыз, академик Зейнолла Қабдолов бізге әдебиеттанудан дәріс оқып, қызықты семинар сабақтарын өткізген еді. Бірде бізге ол ұсынған “Көркем образ деге­німіз не?” деген пікір алысу кезінде қызылкеңірдек болған сәттеріміз де есімде. Сонда аяулы ағамыз семинарды қорытындылай келіп:

– Менің осы курстағы сендерден үмітім зор, – деген еді. Ұстаздың үмітін сендер ақтап кеттіңдер. Зейнолла сараб­дал, адал да қатал әдебиет сыншысы болды, Амангелді мен Мақсұтжан партия­ның Орталық комитетінде, республика­лық баспасөз органдарында жауапты қыз­меттер атқарды. Мақ­сұтжан журналистік қызметін ақыры жазушылық дарынымен аяқтады, ол көпке әйгілі “Қызқарағай” әніне мәтін жазған. Әнді қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл апамыз орындайды. Қазақ вальсінің хас шеберлері атанған Шәмші мен Әсеттің әуезді әндеріне талай мәтін жазған ақын Сабырхан есімі де оқырмандарға жақсы таныс. Тұтқабай ақындығымен қатар проза жанрында да қалам тартып, өзінің сазгерлік өнерімен де із қалдырды. Ол жөнінде жақында Шерағаң – Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза “Егеменде” өзінің “Әттең, тонның келтесі-ай…” деген мақаласында жылы лебіз білдірді.

Жүсіпті, курстағы аға ақынымыз Қосжан Мүсірепов пен Сабырхан Аса­новты ұлтымыздың ұйтқысына айнал­ған бүгінгі “Егемен Қазақстан” газеті өзі­нің “Жиырмасыншы ғасыр жыр­лайды” деген “Қазақ поэзиясының ан­толо­гиясы” бетінде еске алуы да сен­дер­дің рухтарыңды асқақ­татты ғой деймін!

Жүсіп, сенің зиратыңдағы құлпы­тасыңды өзіңнің перзентің, талантты мүсінші Қайсар жасаған еді. Оның жобасын да жаңағы Зейнолла, Мақсұт­жан және мен мақұл көрген бола­тынбыз.

Құлпытас тұғырында қолына өзің талай күйлеріңді күмбірлетіп төккен домбыраңды ұстап, жырларыңа от алған Музаң мұңая төмен қарап отыр. Қасбеттегі сенің барельефің осында келген адамның көзіне оттай басылады. Мәрмәр тастағы эпитафиядағы:

Туған жердің тобылғысын жастанып,

Туған жердің аспанына мас болып.

Мен шалқамнан жатырмын …

Пайғамбар аттас ақының…

– деген жолдарда азаматтық, ақындық шабытыңның өшпес сыры да, жыры да бар. Өзің болсаң мынау жарық әлемнің сұлулығына тоймай, ғажайып ғашықтық ғұмырнамаңа масаттанып жатырсың!..