Тәрбие сағаты “Бірлігі жарасқан Қазақстан”

0
4283
информация

Мақсаты: Балалардың «достық», «бірлік», «халық» құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту, ынтымақтыққа, достыққа, өз Отанын сүюге, қорғауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Ту, Елтаңба, Әнұран, Президенттің суреті, шаңырақ.
Барысы:

Шаттық шеңбері

Армысың асыл күн,
армысың асыл жер,
Армысың асыл дос,
Армысын асыл аспан,
Бір-біріңе жылу қос,
Болайықшы жақын дос!

Сендердей ақылды, мейірімді, білімге құштар балаларды көргеніме мен бүгін өте қуаныштымын.Ендеше, сендер де сондай қуанышты жүзбен бір – бірлеріңе күлімсірей қараңдар және бас иіп, мына залда отырған қонақтармен амандасайық.
Аян:
Әнұраным –жанұраным,
Айтар әнім -сөйлер сөзім.
Мәңгі бақи шырқалады.
Республикам Әнұраны!
Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.
– Біз сендермен Қазақстан Республикасының Әнұранын орындадық.Әнұранның авторлары кім?
Еділ: Әнұранның сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов,
Нұрсұлтан Назарбаев , Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов
Күндер өтті кешегі,
Жігер құм боп жасыған,
Несіне оны жасырам?
Әнұраным бүгінгі
Баға жетпес асыл ән
– Еліміздің тағы қандай рәміздері бар? Ол туралы не білесіңдер?
Даяна:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары — Жандарбек Мәлiбеков пен Шота Уәлиханов.
Елтаңба – егемен елдің белгісі.
Елтаңба – өзге елмен теңдіктің белгісі.
Амир:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының авторы — суретшi Шәкен Ниязбеков.
Жарасқан байрақтың мәні бар,
Көк аспан, күн, қыран –сәні бар.
Көк байрақ –ашық көк кеңісім,
Алтын күн – белгісі жеңістің.
Алтын күн көтерген ел құсы-
Халқымның батырлық белгісі!
Мұғалім:
Отан – әр адамның жүрегіне жылы тиер қасиетті сөз. Адам жүрексіз өмір сүре алмайтындай, Отансыз да өмір сүре алмайды. Отан – біздің туған жеріміз, өзіміздің туған – туысқанымыз, дос-жарандарымызбен бірге тұратын еліміз.
Біздің Отанымыз – Қазақстан.
Бүгінгі Қазақстан дүние жүзіндегі көптеген мемлекеттер таныған ел. Оның өз Елтаңбасы, Туы, Әнұраны бар.
Республика халқының саны 17 миллиондай.
Жергілікті ұлт – қазақтармен бірге басқа да 130-дай ұлт өкілдері бір-бірімен туысқандай болып кеткен. Қазақстанның шаруашылығы мен мәдениетін дамытуға барлық ұлт өкілдері белсене қатысып, бірлесе еңбек етіп келеді. Биыл Қазақстан Ассамблеясына 20 жыл толды.
Бүгінгі тәрбие сағатымыздың «БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ҚАЗАҚСТАН» аталғаны да осыған байланысты.
Би «Попурри»

Ақ қара деп алдымен,
Елім бөлмес адамды.
Дәстүр, өнер, салтымен
Таңқалдырған ғаламды.

Жырласа қазақ, түркімен,
Молдаван, тәжік үн қосқан.
Дос жүректер біріккен,
Мейірлер жарасқан.

Тыңда, тыңда, тыңда мені,
Ұлы жұртым – орыс халқым.
Сен тербетіп өсіргенсің,
Сенің даңқың – менің даңқым.

Кім сүймейді ет жақынын, туысын,
Украина туысымның бірісің.
Тұрды биік туымыздай бұл достық,
Ел басына төнгенде де ұлы сын.

Қадірменді бір досымыз – өзбегім,
Қалтқысы жоқ демің бейне өз демім
Өз сөзімдей жанға жайлы сөздерің,
Өз көзімдей күлімдейді көздерің

Дәм- тұзымыз араласпыз әріден,
Дастарқандар жайылады сәнімен.
Палауыңмен басбармағым сыбайлас,
Кезек жейміз алма, өрік дәміңнен.

Жолым түсіп, тағдыр талап,
Грузин дос, болдым қонақ,
Қазағымдай кең пейілің,
Дастарханды жайдың мол-ақ

Қазақ – қырғыз туыссыңдар, досссыңдар,
Бір тамырдан сендер өскен қос шынар.
Дос туыстар көп болса да дүниеде,
Нақ сендердей нағыз туыс жоқ шығар.

Ән «Достық»

Көрініс: «Қырғыз бен грузин айтысы»
Грузин: Дамир
Қырғыз: Амир
Қазақ қызы: Қарақат
Дамир:Қырғызға таңырқай қараған грузин қырғыздан.
-Сенің ұлтың кім?
Амир:-Қырғыз.
Дамир:-Сен қырғыз болсаң өз еліңе неге бармайсың?
Амир:-Менің өз елім – Қазақстан.
Дамир:-Жоқ сен Қырғызстанда тұруың керек!
Амир:-О не дегенің! Мен Қазақстанда тұрамын. Мен Қазақстанды өз Отаным деп білемін.
Дамир:-Сен өз еліңе қалайда кетуің керек.
Амир:-Ал сен грузинсің ғой! Сен мұнда не істеп жүрсің?
-Сен де өз елің бар! (осылай дауласып жатқанда, қазақ қызы келеді)
Қарақат: -Балалар, осыншама неге дауласып, жатырсыңдар? Менің білгім келеді.
(Екеуі қосарлана) Біз әрқайсымызды өз еліне баруың керек деп жатырмыз. Қайсымыздың кетерімізді білмейміз.
Қарақат:-О не дегендерің! Біздің Отанымыз Қазақстан көп ұлт мекендейтін мемлекет емес пе? Мұнда қырғыз да, грузин де, орыс та тағы басқа да тұра береді. Тұрғанда тату – тәтті тұрып жатыр, ал сендер дауласасыңдар келіп. Олай болса, бізге неге дос болмасқа! Қане салыңдар қолдарыңды!
(Бірге қосылып) Біз доспыз, әрқашан біргеміз. «Ынтымақ бар жерде бірлік,достық, татулық бар» Ендеше ынтымағымыз әрқашанда жараса берсін.

Қарақат:Кім білмес қазағымның қою шайын,
Жал-жая, қазы-қарта, құрт пен майын.
Ақ тілекпен әрбір келген қонағына,
Құрметпен шығаратын төрі дайын.
Келіңіз ұсынамын төрден орын,
«Досым» деген адамға міне қолым.
Әр қазақтың жүрегінде осы тілек,
Адамзат, оң сапарда болсын жолың.

Ән «Дастархан»

Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл!
Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл!
Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл!
Биыл Қазақстан Ассамблясына 20 жыл!

Мұғалім:
Бірлігі мен ынтымағы халықтың,
Көгімізде жарқырайды жарық күн,
Ырыс, дәулет, бақыт үшін халықтың,
Жайнай берсін, жайнай берсін жарық күн.

Хормен: Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз.
Ортақ болсын асар тау,
Жеміс толы бақша-бау.
Болсын жер мен су ортақ,
Болсын бізге ну ортақ.
Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз

Мұғалім:
Осымен тәрбие сағатымыз аяқталды.
Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!