С.Бегалин – халықтың сүйікт жазушысы

0
903
информатика

Сүйіктісі халықтың

Жүрегіңнің алаулатып жалынын,

Тамыршыдай дарындыны таныдың.

Қабыл болып ізгі тілек, ақ батаң,

Алдым шексіз ғибрат, мол тағылым.

Танымастай өзгерді ел, жер кейпі,

Озбырлықтың мәңгүрт басы еңкейді.

Семейдегі жарылыстың үні өшіп,

Абыралы қайта түлеп, көркейді.

Көкірегіме ұяласын қалай мұң,

Егемендік, еркіндікті қалаймын.

Кең әлемге нұрын төкті жарқырап,

Қайта туған бақ жұлдызы Абайдың.

Жалауымды күн аймалап, өпті шың.

Өзін емес өзгені де дос тұтқан,

Ұмытпайды өсер ұрпақ тектісін.

Жауды жеңіп көтерген ел іргесін,

Аруақтарды сыйламасақ бізге сын.

Дүр сілкінген қайта түлеп қырандай,

О,Сапеке, халқыңменен біргесің.

Жеңіс Қашқынов

Қазақ халқының кемеңгер әрі сүйікті жазушысы Сапарғали Бегалиннің есімі елімізде кеңінен танымал.

Сапарғали Бегалин артына мол әдеби мұра қалдырды.

Ол-халқымыздың ғасырлар бойы ауызша тараған әңгіме-аңыздарын, айтыс-өлеңдерін, шешендік толғаулар д ы жатқа білетін ескінің көзі, оның үстіне этнограф, әрі тарихшы, қазақ халық ауыз әдебиетінің білгірі және жинақтаушысы. Ол көптеген халық әндерін, аңыз-ертегілерін, айтыскер ақындардың айтыстарының мәтінін жазған.

Сапарғали Бегалин-әдебиетіміздің поэзия, проза жанрларында тартымды, толымды шығармалар берген көрнекті суреткер. Оның ш ығармашылық сапарында суреткер қаламынан жиырманың үстінде поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, бір роман, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар туды.

Ол-сазды лирик, сыршыл ақын. Оның өлеңдеріндегі басты тақырып-туған жерге деген махаббат, өмірге, тіршілікке деген құштарлық.

Талантты аудармашы. Ол Пушкин, Лермонтов және басқа да көптеген орыс классиктерінің шығармаларын қазақшаға аударған.

Сапарғали Бегалин драматург ретінде де көпшілікке танымал. Ол оншақты пьесаның авторы.

Қазақ халқының ұлы ақыны Жамбылдың шығармашылық өміріне арнаған шығармасы, С.Бегалиннің ғалымдық еңбегінің үлкен жемісі.

Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмірбаянын жазған. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген де Сапарғали Бегалин. Халық ақындарының шығармаларын сұрыптап «Халық ақындары», «Өмір жыры», өнер саңлақтары жөнінде «Сахара сандуғаштары» атты жинақтар шығарды. Сапарғали Бегалин 50-ден аса әндерге өлең жазған ақын. Олардың ішінде «Ақтамақ» (муз. С.Кәрімбаевтікі), «Ақ көгершін» (муз. А.Жұбановтікі) сынды әндері халық әніне айналып кеткен. Ақынның өлеңдері бойынша М.Төлебав, Л.Хамиди, Е.Ерзакович, С.Мұхаметжанов, Е.Рахмадиев сияқты талантты композиторлар ән жазды.

Қаламгердің жоғары сауаттылығы, аса зеректігі үшін, басқалардан ерекшелеп, даралап көрсететін өзіндік қайталанбас сыпайы мінезі мен тиянақтылығы, ұқыптылығынан, құбылып, өзгермейтін рухани әлемінің кереметтігінен айналасындағы жақын, жора-жолдастары, қаламдастары, зиялы қауым сыйлы ақсақал ретінде таныған, оны ұстаз тұтқан, үлгі еткен.

Десек те, ең бірінші Сапарғали Бегалин қазақ балалар әдебиетінің дамуына көп еңбек сіңірген, оның негізін қалаушы алғашқы көшбасшысы. Оны қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы және классигі деп атайды.

Бүгінде жас ұрпақты Сапарғали Бегалиннің кітаптарын оқуға шақырғанда, біз алдымен одан халықтың дәстүрлі тіршілігі тудырған кәсіптердің неше түрлі көріністерін, дала өмірінің сан қилы қызықтарын тамашалауға болатынын еске аламыз. Оның төрт түлік туралы жырлары, ертегі, аңыз, мысалдары балалардың өмір тануына, табиғат сырын түсінуге, жан-жануарлар дүниесін ұғып, сырласуына жол ашады. Көпшілік қауым арасында жоғары баға алған «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері» сияқты тамаша туындылары құсбегілік, саятшылық өнердің қызықтарына тартпай қоймайды.

Балаларға арнап жазған өлең, әңгіме, повестері ондап, жүздеп саналады. Сапарғали Бегалин есімін тек қазақ баласына ғана емес, көптеген елдердің балалары арасында да танымал. Оның балалаға арнап жазған кітаптары көптеген ел тіліне аударылған.

Бүгінде ақсақалдың «Балалар жазушысы» деген атағы мәңгілік тарихта қалып Республиканың балалар кітапханасы 1996 жылдан бастап Сапарғали Бегалин есімімен аталады.

Жазушы атымен аталатын Республикалық балалар кітапханасы өз тарапынан жазушының шығармашылығын көпшілік оқырман арасында насихаттаушы көшбасшылардың бірі ретінде оқырмандармен кітапхана көптеген шаралар өткізілуде. Солардың ішіндегі ауқымдысы, жыл сайын жазушының туған күні қарсаңында өтетін «Бегалин оқулары».

Міне, осындай көрнекті жазушы, ақын, тарихшы, этнограф, зерттеуші Сапарғали Бегалиннің туғанына биыл 110 жыл толады. Еліміздің жас жеткіншектері осындай тамаша жазушының шығармашылығын білулері керек. Жазушының мерейтойы қарсаңында оның еңбектерін көпшілік арасында насихаттау мақсатымен еліміздің кітапханаларында әр түрлі шаралар өткізілуде. С.Бегалин атындағы Мемлекеттік республикалық балалар кітапханасы өз тарапынан жазушының өмірі мен шығармашылығына арнаған «Қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы» әдістемелік құралды көпшілік назарына ұсынып отыр.

Құрметті балалар оқуының жетекшілері мен кітапханашылар!

Халықтың асыл мұрасын бойына сіңіріп бүгінге жеткізген ардақты ақсақал Сапарғали Бегалин – біздің алтын сандығымыз. Ол сандық ашқан сайын көз қызықтырып, көңілімізді өсіреді. Осы игілікті іске сәт-сапар тілейміз!

Қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы

Әңгіме

…Еңсеңді көкке көтере,

Кен есігін кең аштың,

Байлықтың өрін төтелеп

Мақтасам қалай жарастың.

Өсіп ем сенің өріңде,

Қайнарыңнан нәр алып,

Алуан қилы өмірге

Ер жеттім сенде жаралып…,- деп «Туған жер» атты өлеңінде өзі жырлағандай Сапарғали Бегалин бұрынғы Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан), Абай ауданы Дегелең ауылында, кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Сапарғали атаның ата қонысы-Шоқан мадақтаған, қобызға тартып, ән салған, үлкен эпикалық дастандар тудырған, айтыс ақыны Жанақ жүйрік жырына қосқан Арқаның киелі мекендерінің бірі- Дегелең таулары. Бағзы қазақ қауымындағы жақсы дәстүр бойынша, атасы Бегалы немерелері секілді Сапарғалидың да бес жасында кәлимаға тілін келтіріп, арабша сауатын ашып, өзі оқытқан. Осы алты-жеті жылға созылған сабақ обал мен сауап, күнә мен қылмыс, жұмақ пен тозақ секілді мәңгілік сұрақтарға имандай ұйытып жауап беріп, Сапарғалидың мінез-құлқын, кісілік келбетін, жүріс-тұрысын исламның адамгершілік мұраттары негізінде қалыптастырып, кейін таулар құлап, дариялар арнасынан ауып, тұтас қауымдар күйреп жатса да, құбылып, өзгермейтін рухани әлемнің алтын өзегін жасап берген.

Табиғатына зерек, ұғымтал балаға оқу оқыған, білім алған өте ұнайды. Бала Сапаштың одан кейінгі білім алуына немере ағасы, сол кездегі оқымысты Ысмағұлдың ықпалы өте зор болады. Сол жылдары Тәшкенттегі мұсылмандар медресесін бітірген Ысмағұл туған ауылына қайтып оралған болатын. Оның қаладан өзімен бірге алып келген шығыс әдебиетіне, тарихқа байланысты және бастауыш мектебіне арналған оқулықтары ауыл балаларының жаңаша сауатын ашуларына көп көмегі болды. Сол кезде-ақ, ағасы кішкене Сапаштың алғырлығына көңіл аударып, оны үнемі жанынан тастамай Қарқаралы, Семей сияқты қалаларға ертіп жүретін. Немере ағасының көмегімен Сапарғали Фирдоусидың «Шахнамасын», Ахмет Иассаудың «Хикметімен», Сайхали мен Бақырғани өлеңдерін, «Жүсіп-Зылиқа» дастанын, «Мың бір түнді» бас алмай, жастығы астына жастанып оқиды.