Шал ақын – Тілеуке Құлекеұлы

0
560
явления

ӘЗIЛ СӨЗДIҢ АТАСЫ – Шал ақын .

Көркем сөз өнерiнiң көрнектi өкiлi, қазақтың ақтангер ақындарының бiрегейi, әйгiлi Шал ақынның туғанына биыл 250 жыл толып отыр. Кейбiр газеттерде анда-санда шын жанашырлықпен жарқ еткен қызғылықты мақалалар, арнаулар болмаса бабаның тойы деп, бауыр тартып, дананың тойы деп дабыл салушылық бұл жолы бұйырмай тұр. Неге екенiн бiлмеймiн, шiлде айында өткен “Халық бiрлiгi мен ұлттық тарих” жылына арналған Қазақстан Республикасы Ғылым Министiрлiгi – Ғылым Академиясының жалпы жиналысында елiмiздiң Мемлекеттiк Хатшысы, атақты жазушы Әбiш Кекiлбаев мырза ұлттық тарихымызға дәнекер болған ұлы бабаларымыздың қатарында атаса да мерей тойлы жылына қазақтың ақындық әлемiнде ешкiмге ұқсамас кесек тұлға, үздiк дарын иесi – Шал ақын Құлекеұлы туралы той қызуының дүбiрi мен от шарпуы бiлiнбейдi. Өкiнiшке малтықпай әлi де уақыт бар ғой, жыл аяғы ардақты бабамызға салмақты естелiк жасатар деген үмiттен де құралақан емеспiн.

Шал ақын жайлы сөз көтерсек, отаршылдықтың орынан шошып, құрығынан құтылуға кiрiсiп, арыстандай айқасқан, жолбарыстай шайқасқан, ХУШ- ғасырдың басында алты Алашқа аты шығып, Абылай ханның ең жақын серiгi болған Құлеке батырды еске алмай өте алмаймыз. Оның себебi: шын аты Тiлеуке – Шал ақын сол Құлекенiң бел баласы. Осы жағдайдың өзi Шал ақынның ұлт тiлегiн ұран еткен ұлы әулеттен абзалдығы, күшiне адуындылығы, талабына тапқырлығы сай өнер иесi екенiн көрсетедi.

Әкесi Құлеке өлгенде:

“Құлеке жиырмада арқар едi,

Отызда би, қырқында-дарқан едi,

Кешегi дулап өткен Құлекенiң,

Алдынан орыс, қазақ тарқап едi”, -деп тегiн айтылмаған.

Құлеке жаудан жаны шайлықпас батыр да, дауда орыс, қазақты таңдантқан орақ тiлдi шешен, байыпты туған саясаткер де болып өткен дарабоз. Ол Абылай ханның жалаңтөс батыры ғана емес, ең сенiмдi елшiсi болып қызмет еткен, өз заманының сауатты да, салауатты озық туған шын мәнiндегi зор қайрат-керi.

Атаға тартып туған ұл – Шал ақынның қолда бар шығарма-ларына үңiлсек, арқа сүйер негiзi берiк, топқа түссе тайсалмас, айтысқа кiрсе жан салмас, ән шырқаса ерен, сөз сөйлесе әрi терең, әрi шалқар шабытымен “мен мұнда” -лап тұр. Арқалы ақынды оқығанда, әрине, ең алдымен оның өмiр сырына жаны қанық, даналық салауаты көз тартады.

” Жақсының жүрген жерi той болады,

Ақыл жоқ кей адамда бой болады.

Көрмеге қандай жаман болсадағы,

Парасат кей шаһбазда ой болады”-

– дегенiн оқығанда мал баласының пiрi Құлагердi көрген аталарымыздың айтқаны еске түседi. Үкiлi Ыбырай ауылының бiлiктi ақсақалы, менiң екiншi шешемнiң әкесi атақты аңшы, құсбегi, әйгiлi балуан Қожағали Бекiбайұлы: “Құлагер жәй тұрғанда ерекше тұрпатымен көрмеге көз тартпайтын, тек қос құлағы мен төрт тұяғына таңданушы едiм, ал бәйге өрiнде шаба жөнелгенде iле алға түсiп, өзге мал баласын iлестiрмей кететiн. Әне, сонда есiң шығып таң қаласың”, – деушi едi. Шал ақын-ның қай өлеңiн алсаң да адамға үлкен ой салады, салыстырмалықтың шеберi адамға заман әлпетiн таныстыра бiлiп, қыр-сырын айдай айқын ашады. Өлеңiн, не айтысын, не әзiлiн оқысаңыз екi жүз елу жыл уақыт өткендей емес, екi елi қалыспай қасыңда жүргендей сезiнесiң. Шал ақынның ұрпаққа дарығыш жыр қуатының шын құдiретi де осында – деп бiлемiн.

Әйгiлi жазушымыз, Шалақынтанудың ерен майталманы, үздiк бiлгiрi Мұхтар Мағауиннiң деректерiнде Шал ақынның айтыс өнерiнiң де үздiгi болғандығы айтылады. Оған”Өске мен Шал ақын”, “Шал мен кемпiрi”, “Бәйбiше мен Шал ақын”, “Шал ақын мен қыз” атты айтыстары куә болмақ. Ал, қақтықпалы, соқтықпалы шағын қақпақылдар, қамшы қағыстар өрiс алған Шалдай жүйрiк ақындар кем де кем. Айтыстарының бәрi де өмiрдiң шын көрiнiсiн ашық айтып, адамның құмарын қандыра бiлетiн озық ойлы, алмас кездiктей өткiр тiлдi әзiлге бай келедi. Өлеңдерi де көтерем ұйқас емес, буыны берiк төрткүл дүниенiң тұтқасындай төрт буынды ұйқаспен шұбыртпалы әрi құтыртпалы сомдалады. Шал ақын ғылым, бiлiмдi уағыздап, өзi ұстанған фәлсә-фасын алға тарта бiлдi. “Кедейлiк ер жiгiтке намыс емес”, “Жоқ болсаң қызыл бүйi үйiң болар”, “Шешен сол – сөйлер сөзден қамалмаса”, “Ашу – дұшпан болғанда, нәпсi – жауың” десе ұлағатты ұлылыққа бой ұрған дана дер едiк.

” Адамды жөн бiлетiн дана деп бiл,

Iстерiн жалқау жанның шала деп бiл.

Құ р жасы елулерге келсе-дағы,

Бiлiмсiз сондай жанды бала деп бiл”-

– десе, ақынның үлкен парасат иесi болғанын айқындай түседi.

Шал ақынды тек қана ауыз әдебиетiнiң өкiлi деушiлер бар. Менiңше, сегiз қырлы, бiр сырлы ақында бәрi бар, ол – айтыскер, суырып салма импровизатор, қолы тиген жердi жұлып алар, көзi түскен жердi үзiп алар өткiр экспромт иесi, тапқыр сөздiң үздiк шеберi, ауыз әдебиетiнен жазба әдебиетке көше бастаған қазақ поэзиясының көш басындағы кемеңгер.

” Мен өзiм талай сөздi хатпен жазғам,

Әзiлден мерт болады артық қазған,

Өткен iске өкiнсем өмiрiм зая,

Тұяққа iлiнгендi қайта жазбан”-

десе “хатпен жазғандығын”әдейiлеп кейiнгi ұрпаққа паш етiп отыр. Ол өлең сөздiң сан саласын, талай түрiн игерген өз заманындағы нағыз реформатор ақын.

” Келiн жақсы болса

Үйiңе көп кiсi келедi.

Келiн жаман болса

Келген кiсi кеткiсi келедi.

Ас құй десең төккiсi келедi,

Төкпей құй десең сөккiсi келедi”- десе бұл нағыз экспромт.

“Кәрiлiк – күлге аунаған қотыр бура” , “Кемшiлiк бердiң алла, бiр қуатқа” – деген сияқты өлеңдер жазба әдебиетiнiң өкiлi екенiн көрсетiп тұр.

“Тау толағай көрiнер тасы кетсе,

Әр ел жесiр қалады басы кетсе,

Кәрi күш не болады, уа дариға,

Асырайтын қолынан жасы кетсе”-

дегенi шыншылдыққа сайыған тамаша өлең үлгiсi. Абылай хан өлгеннен кейiн жазылуға ықтимал, “Әр ел жесiр қалады басы кетсе”, – деп тұр ғой.

Ақынның жарық көрмеген дүниесi әлi көп. Мен Шал ақын-ға ешқашан терең зерттеу жүргiзген емеспiн, бiрақ, бала жасымнан Ақан Серi, Бiржан Сал, Балуан Шолақпен пара-пар көрiнiп ерте естiген өлеңдерi есiмде қалды. Ол кезде Шал ақынды арамызда қос ғасыр жатқан бабамыз деген ой келмейтiн, аталарымызбен шамалас ақын деп ойлаушы едiк. Көкшедегi Жалғызтаудың етегiндегi бiздiң ауылда Шал ақынның өлеңдерiн естiмеген, бiлмеген қарттар түгiл жастар болмайтын. Негiзiнде хатқа түспей, ел ауызына жатқа түскен өлеңдерi арқылы Шал ақынның талай шығармалары берiк сақ-талды. Сондағы естiп, бiлгенiмдi қорытқандай ойлансам, әзiл сөз алымды да, қарымды ойнақылығымен ел iшiн ерекше сүйсiн-дiретiн…

Жамбыл атамызды айтыс өлеңiнiң ақиығы десек, оның пiрi Сүйiнбайды сықақ пен мысқылдың атасы дер едiм. Абай, Мағ-жан, Мұхтарлардың орындары ерекше, ал “Жұмбақ жалауымен” Сәбит Мұқанов өлеңшiл қазаққа роман оқытты. Бұл кiтапты бала кезiмiзде кемпiр, шалдарға оқи, оқи жаттап алғандай дәрежеге жетiп едiм. Әбден көз майы таусылғанда оқыған болып, өзiмiзше зуылдата беретiнмiн. Ал, Шал ақынға келсек, әзiл сөзi ел арасында кең тарады, әнiмен айтылып жүрдi. Ақан серi бабамыздың орысша, қазақшасы аралас күлдiргi өлеңдерi секiлдi Шал ақын атамыздың әзiлқой әндерi жиi айтылатын. Алдымыздағы өнерлi ағаларымыз жұрт көзiнше айтса да, оңашада шырқаса да тап осы тектес өлеңдерге бала күнде құмар едiк, жаттап кеттiк, жиын-тойда орындап жүрдiк. Шал ақының кiм десе, ол – әзiл сөздiң атасы дер едiм.

Шал ақынның өлеңдерiн тапжылмай iздеп, тырнақтап тауып, түбегейлi талдау мен зерттеуден өткiзген атақты жазушымыз, бiлiктi ғалым, зиялы азаматымыз Мұхтар Мағауин-ның атқарған еңбегi орасан зор. 1998 жылғы “Жүлдыз” журналының сегiзiншi санында, ол жайлы әдемi айтылыпты. Мұхтар мырзаның кездесiп, көптеген iлтифатпен ардақтап, жерiне жеткiзе жетi атасын да, өз тұлға-тұрпатын да тамаша сипаттаған ақсақалымыз Шал ақынға төрт атадан қосылатын Жантiлеудiң Қошаны. Әрине, тiкелей осы ұрпақтың өкiлiне дәл түскен соң зерттеушiлер дөп басқан, көптеген мағлұматтар жинап уақытында шыққан “Алдаспанға” Шал ақынның өлеңдерiн кiргiзген, одан соң жарық көрген көне сөздiң асыл жинақтарында Шал атамыз лайықты орын алған.

Қошан ата мен әкемiз Айтақмет те, оның ақын ағасы, халық ақыны Молдақмет Тырбиев те ерекше сыйлас, құрметтес болып өттi. Қощекең Молдекеңнен кiшi, Айтекеңнен жасы үлкен кiсi едi. Тұлғасында Құлеке батыр бабасының тұрпаты, миығында Шал ақын атасының байқампаз күлкiсiнiң үзiгi, тұрғысында өз әкесi Жантiлеудiң кербездiгi, бет әлпетiнде тек қана өзiне бiткен ерекше паң-сырбаз сымбаттылығы адам жанын баурап алатын. Оның ес бiлгелi араласа жүрiп Қожағали атаммен аңшылығы, Молдақмет атаммен сөз сарасын сүйгiштiгi, Айтақмет әкеммен саясаттан қалмас сарапшы болғандығы ерекше таңдантатын. Қошан ақсақалдың баласы академик Қошанов Аманжол Ғылымдар академиясының вице-президентi болса, оның түбiнде де осы берiк тұғыр, асыл негiз жатыр. Қорытып айтсам, зерттеушiлердiң Қошекеңе тап болуы үлкен олжа, айшықты сәт.

Кейде ойға оралар бiр нүкте секем салады. Зерттеушiлер қайсыбiр жанашыр ақсақалдарға, ақындарға жолықса да елде бар Қошан ақсақалға пара-пар адамдарға, толығынан кездесе алмады. Қошан-атамен ұшырасу зор ғанибет, мол табыс, ол да құдайдың төге салып бергенi. Ал, сол төңiректi ән мен күйге орап дүркiретiп өткен, өзiнен бұрынғы сал, серi ақын ағаларының, аталарының өнерiн жалғастырып өткен ғажайып ақын Молдақмет Тырбиев сияқты дүлдүлдерге кездеспеулерi өкiнтедi. Бұл кiсi халық ақыны атанып қана қоймай кезiнде болыс болып, ел басқарған, һәм мұсылман дiнiнiң бiлгiрi болған жанжақты оқу, тоқуы бар асқақ әншi, майталмен ақын, сұңғыла жыршы, ақтангер шежiрешi, айтыстар мен дастандардың телегей теңiзi, Ақан Серi, Үкiлi Ыбырайлардың төл шәкiртi едi. Мұса Асайыновты алсақ, ол Үкiлi Ыбырайдың шөбересi, оған қоса, Молдакеңнiң ең жақын шәкiртi болып өттi. Көкшетауда Бiржан сал – Ақан серi – Үкiлi Ыбырай – Молдақмет – Мұса деген сал, серiлiк жалғастыққа ешкiмнiң таласы жоқ. Оған қоса Ырысбайдың Тоқымына, Досмағамбеттiң Қапарына, Сәрсенбайдың Қожахметiне, Бимырзаның Қасымына, Үкiлi Ыбырайдың Есебiне, Жауардың Уәлиханына, Жақыптың Рақымбегiне кездессе ғой. Онда қоржындары лықсып толар едi. Бұл кiсiлер ақындық өнердiң Сарыарқадағы сұңғыла бiлгiрлерi ғой.

Мұса Асайынов асқақ әншiлiгi Үкiлi Ыбырай бабасына тартып туған жүйрiк болса, Молдекеңнен үйренгенi көп ауыз әдебиетiнiң де сыр сандығындай көкiрегi алтын қазына-тын. Мен Шал ақынның өлеңдерiн бала кезiмде сол Мұсаның жақын ағалары, Ұлы Отан соғысынан оралмаған тамаша әншi Сақайдың Өмiржаны деген ағамыздан естiдiм. Жұрт ол кiсiнi де Ыбырайдың аруағы дарыған әншi дейтұғын, сұлу, сымбатты, тайпалма жүрiсi де Ыбырайдың көшiрмесi саналатын. Сол өлеңдердi бертiн өзiмнен төрт, бес жас қана үлкен бөлем Мұсаның айтқанынан жазып алып, есiме сақтадым. Жас кезiмде өзiм де айтып жүрушi едiм. Сол “Шал ақынның әнi” – деп аталатын өлең былайша басталатын:

“Мен өзiм Шал да болсам қатқан шалмын,

Сақалға меруерт, маржан таққан шалмын.

Бозбала iшiң күйсе тұз жалашы,

Қойнына талай қыздың жатқан шалмын”.

Кiм шырқаса да тыңдаған жұрт дүркiреген жылқыдай дабырлы дүбiрмен қол соғатын. Кiм шырқаса да қайталатпай қоймайтын. Бiздерге бұл өлең, өлең сөздiң шыңы мен сыры көрiнетiн, құпиясыз жалауы саналатын. Балалық шақтың сындай ән бесiгiнде өткенi де бақыт екен. Осы күндерде пайғамбар жасынан асып кетсем де Шал ақын бабамыздың әнiн жиi орындаймын, жасара түсем, қасара түсемiн. Осы өлеңнiң әнi де Шал ақыннан аман-есен жеттi деп, белгiлi ақын Сұлтанмұратұлы Әмiре мен Молдекең кеңесiп отырғанда құлағым шалғаны бар. Әнi де әйгiлi әндер қатарын-дағы дүние, “Қыз-Жiбек” операсындағы Бекежанның ариясына ұқсас-тын. Ал, негiзiнде ән сарыны Шал ақыннан жетуi мүмкiн. Не де болса бұл өлең қос ғасырды араға салып, бiздерге жеттi. Бұл да сирек кездесетiн дарын иесiнiң өлместiкке жол салған өнерiнiң шын белгiсi деп ұғынамын. Дарқан дарынның сарқылмас шапағаты да осы шығар.

Молдақмет атамыз “Халық жауы” атанған Үкiлi Ыбырайдың өлеңдерiн есiк, терезенi жауып тастап, авторын атамай үйретсе, Шал ақынның күлдiргi өлеңдерiн өзi айтпай жас шәкiрттерi Мұса Асайынов, Тұрсынбай Кәкiмовке үйрететiн. Ал, өзi Шал ақынның:

“Сөйлеп қал, сөйле тiлiм, арыс келдi,

Алдыңа сөйлетұғын намыс келдi,

Сөйлеп қал, қызыл тiлiм осындайда,

Қысқарып ұзын дүние қарыс келдi”-

деп басталатын өлеңiн нақышына келтiрiп, өз сарынымен бүлкiлдете жөнелетiн. Содан кейiн осыған ұқсас Үкiлi Ыбырайдың “Заулап қал, тiлiм мүдiрмей” атты өлеңiн асқақтата шырқайтын, содан соң өзiнiң “Дүние” атты өлеңiмен бiр топшылайтын. Бұл көрiнiс ендi ойлап тұрсам ғасырлар жалғасы, асыл өнер өркенi, ұрпақтардың сабақтастығы iспеттес көрiнедi. Кейбiр ағаларымыз Шал ақын Кеңес үкiметi кезiнде “қағажу көрiп келдi” десе, тап осы тұжырымға мен жапа-тармағай қосыла қоймаймын. Қазiр де Кеңес үкiметiнiң салдары ма, 250 жылдық мерейтойы туралы не бiлемiз? Олай емес, “сабақты жiп сәтiмен” дегендей әр iстiң сәтi бар, таратудың кемдiгiнде болды, Шал ақынның бар мүлкi әлi тегiс жиналған жоқ, ұлы дарынның асыл қазынасын байыпты көрсетердей үлкен топтама ғана жасалды. Ал iзденiс әлi бола бермек. Өзiм өскен Есiл, Көкше өңiрiнде Шал ақынның өлеңдерiне тиым, һәм кедергi бар деп естiмедiм. Мәселе зерттеудiң аздығында. “Әр елдiң Абайы бар ғой Мұхтары болса” – деп Жамбыл атамызға жоритын қанатты сөз бар. Мен бұл сөздi Жәкеңнiң өлеңдерiн өте көп бiлетiн, жатқа айтып қызықтыратын ардақты ағамыз марқұм Евней Арыстанұлы Бөкетовтен естiп едiм. Сол ұғымға жүгiнсек, Шал ақынның да Мұхтары туды, тек ол Әуезов емес, одан кейiнгi буынның ең көрнектi ұлдарының бiрi Мұхтар Мағауин. Кiшi Мұхтарға үлкен алғыс айту зор мiндет, Шал ақынның аруағы қолдап жүрсiн демекпiн.

Осы орайда бiр айтылатын әңгiме 1955 жылы Мәскеудегi Түстi металл және Алтын институтын бiтiрiп, Жезқазғанға барар жолда елге – Солтүстiк Қазақстан облысы бұрынғы Октәбiр ауданы, Мәриевке кентiне келiп, бiраз күн ағайынды араладым. Сол жолы Молдекең бар, өмiрден ерте өткен тамаша жазушы Ермек Қонарбаевтың әкесi Ләмәлидiң үйiнде өте-мөте қызғылықты кеш болды. Ләмәли ақсақал менiң жеңгем Зейнидiң әкесi – құдамыз едi, әрi Молдакеңдi зор сыйлайтын кiсi, әрi менiң оқу бiтiргенiм бар салтанат тәуiр-ақ өттi. Бiздi басқарып келген Есiл өлкесiне белгiлi жiгiт Қыстаубай Борақаев ағамыз және сол кездегi Ленин атындағы совхоздың азаматы, мұғалiм Жылгелдi Мұқанов деген жiгiт бар-тын. Сол кеште он жылға сотталып, жетi жылды өтеп үйiне келе жатқан бiр тамаша кiсi ұшырасты, аты-жөнi есiме түспедi. Кеште Шал ақын туралы көп сөз болды.

Молдекең: “Атығай әулетiне айтар бiр назым бар, Шал ақынның өлеңдерiн айтпайсыздар, ал бiздiң ауылда ол аруақты бабамызды бiлмейтiн бала да жоқ” – деп қатты кеттi. Ләмәли ақсақал көне салды. Дәлел болсын дедi ме, Молдекең маған “Шал ақынның әнiн” айтқызды. Жамиғат әжептәуiр дуылдасып қалды, Молдекең өзi де Шал ақынның данагөй өлеңдерiнiң бiр-екеуiн бүлкiлдетiп бәрiмiздi дүр сiлкiндiрдi. Осы кезде әлгi сотталып, ақталып келе жатқан, орта жастағы сымбатты қонақ: “Молдеке, рахмет, ата бiздiкi, бiрақ өлең шiркiн Ақан Серiсi, Үкiлi Ыбырайы бар Қарауыл атаңызға қонған ғой, сiзден Шал ақын жайлы ұлы сабақ алып қалдық. Жасымда өзiмнiң де бiр қағарым бар едi” – деп, дайын домбырамды көп түземей шырқап салды. Қанша қажып келе жатсадағы думанның қызығы дүние-дүрмектiң бар әрекеттерiн ұмыттырғандай, айтқан әнi өте әдемi шықты. Әннiң аты “Тық, тық басқан”. “Осы өлеңдi жасымыздан Шал ақындiкi – деп өстiк. Молдеке қалай қарайсыз?” – дедi. Молдекең күлкiсiн жия алмай отырған күйi, әндi қайта орындатты. Содан кейiн ән құмар, өзi де әншi Ермек өтiнiп үшiншi рет айтқызды. Жаттап алғыш құдайдың бергенi бар, мен әндi жаттап алған сияқтымын. Әсiресе, қайырмасындағы

“Гекку-гекку, Гекку-гәй,

Геккугәйдiң етiгi-ай.

Тық, тық басып кетуi-ай!

Қыз қалқаның ауылының

Жетер ме едiм шетiне-ай!”-

– деген сөздердi бiр айтқанда өмiр-бақи ұмытылмастай әсер қалдырды. “Тық-тық” басып кетiп бара жатқан сұлу қыз елестейдi, ал дыбыс “құлақтан кiрiп бойды алады”.

Молдекең көп ойланып отырды да: “бұл әннiң кiмдiкi екенiн бiлмеймiн, бiрақ, Керей жаққа барғанымда үйренiп келдiм” – деп, Ыбекеңнiң баяғыда бiр айтқанын естiп едiм. Кейiн бұл өлеңдi үшты-күйлi жоғалтып алдым, өз әуестiгiм болмады, Жантiлеудiң Қошаны анық-қанығын бiлетiн шығар”, – деп сөзiн аяқтады.

Таң сәрiде ерте тұрып Молдекеңнiң домбырасын алып, “сенек” – деп аталатын ауыз үйге шығып кетiп, әндi екi iшекке төгiлтiп, сөзiн қағазға түсiрiп өзiме өзiм айтып берiп отырғанымда дәрет алуға Молдекең шықты да, айтқанымды құптап, бiр-екi жерiн түзеттiрiп кетiп қалды. Дәрет алып келгеннен кейiн: “Жаттыға бер, жөнiң дұрыс, шәй үстiнде айтасың” – дедi, шефтiң айтқаны заң, шәй үстiнде орындап бердiм.

Сонда отырып жұрт таңданғанда Молдекең “тұқым қуалаушылық қой өнер – деген. Кәкiжанның ұлы атасы Ерторы ағамыздың Ақан Серiнiң жаңа өлеңдерiн жаттампаздықпен аты шықты. – Ереке, кешегi әндi ұмытып қалдым, еске түсiршi” – деген Ақан-ағаңның сұрағын бұлжытпай орындайтын грамафоны дерсiң, сол қасиет немересiне дарыған да” – деп жақын шақырып, бетiмнен сүйдi. Тау-кен инженерлiк дипломы бар жас ақынға бұл мақтау зор қуаныш бiлдiрдi, атамның өнерiн де естiп, көкiрегiм жылынып қалды. Бұл өлеңдi Жезқазғанға келген жылдары айтып жүрдiм. Өлеңнiң сөздерi де, әнi де әлi есiмде, күлдiргi өлеңнiң ғаламаты – деуге болады. Жезқазғанда Ордабай Исаев деген көршi ағамыз жаттап алып айтып жүретiн, ол кiсi “Кәкiмбектiң әнi” дейтiн. Шындығы Шал ақындiкi болуы көп күмән келтiрмейдi.

Әлгi ақсақал алғашқыдай емес күнгiрт күйiн үштi-күйлi жойып, ашыла бастады да, Шал ақын жайлы жақсы әңгiме айтты. “Бiр байдың баласы, атын атамаймын, осында ұрпақтары отыр, алған жарының қыз белгiсiн дау етiп пәленi Шал ақынға жауыпты. Сонда ерке ақын осынау әндi шығарыпты” – деп желдiрте жөнелдi.

“Тәубаға кел, тәубаға,

Құнсыз iстi даулама.

Сақинасын бермей ме

Кететiн қыз сауғаға”-

– деп шырқап манағыдан бетер күлдiрдi. Бұл әннiң әуенiн жаттамадым, “Тық, тық басқан” басқа әнге жуытар емес. Жаңа әндi бiрнеше рет айтылғаннан кейiн сөзiн жазып алып, Ермек марқұм тамаша орындап бердi. Бұл әндi көбiне үлкендер жоқ, әйелдер жоқ жерде Ермекке айтқыза берушi едiк, сөзi қойын дәптерiмде сақталыпты. Ол кезде қойын дәптерге түсiрiп алып әлектенушi едiм. Осы дәстүрiм үлкен пайда бердi. Шал атамыздың тағы бiр өлеңi Мұса-ағайдың айтуынан жазылып қалыпты. Шал ақынның “Бұхарда көрдiм бұлама” – деп басталатын өлеңiн жас кезiмде бiр естiгенiм болатын. Онда ерекше назар аудармап едiм, “бұламасы” мен “сұламасын”ұқпаған шығармын.

1997 жылдың қысында Жезқазғаннан поезбен келе жатып, Мұстафа Шоқай ағамыздың немере iнiлерiнiң бiреуiне тап болдым. КГБ-ның запастағы полковнигi екен, бiз сияқты Мәскеу жақтан Кеңес Одағы ыдыраған соң елге келiптi. Таныса келе туған жерiм Солтүстiк Қазақстанда дегенге елең етiп, Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандас досы болған, туған жерi Есiл бойындағы қазiргi Сергеев ауданының бiр ауылындағы Мәнжүр деген досын есiне түсiрдi. Досы әскерден оралмапты. Мәнжүр ағайдың фамилисы есiмде жоқ, бiрақ, бiр сыныпта орта мектепте оқыған Әгiр қыздың соғыстан оралмаған ақын ағасы екенi есiмде. Жас ақынның өлеңдерiн бала кезiмде оқығаным да бар едi. Сол Мәнжүр-ағайдан қан майданда жүргенде естiдiм деп “Бұхарда көрдiм бұлама” – деген Шал ақынның өлеңiн жатқа айтты. Таң қалуымда шек жоқ, дереу жазып алдым да, Шал ақынға шөбере саналатын академик Қошанов Аманжолды сөз еттiм. Бұл кiсi шет жерде көп жүрiп, барлаушылық қызметте болғандықтан, қазақ зиялыларын бiле қоймайды екен. Жеңгемiз “Жезкиiктi” айтуға шебер болып шықты. Сол ән арқылы тезiрек танысып кеттiк. Өлеңдi жазып алып, Алматыға келген соң Аманжолға оқыдым.

“Бұхарда көрдiм бұлама,

Ташкентте көрдiм сұлама.

Саған да есен жетермiн

Есiлдiң қызы жылама”-

– деген өлең жолдары ерiксiз тыңдатты, әрi қарай өлеңнiң қызғылықты әзiлдiң, махаббат ләззәтiнiң ғажайып мезеттерiнен туатын, қыл сезiмнiң құштарлы шағын паш ететiн жерлерiне келгенде Шал ақынның құдiрет күшiн тағы да бiр жаңа қырынан байқайсың. Ол – эротикалық өлеңдер. Бұл саладағы ақын бабамыздың алар орны ерекше, әзiлдiң атасы десем, эротикалық өлеңнiң нағыз бабасы да осы Шал ақын.

Эротика дегенiмiз – махаббат майданындағы от сезiм мен жан толқытқан әрекеттердi сыйпаттау. Һау Ана мен һау Ата тиым салған жемiстi жеп қойып, жәннаттан қуылса да, жер бетiнiң жаңа жұмағы махаббат сырын ашты. Үрiм-бұтақ тарады, бұл да болса алланың рахматы деп махаббат пен ғадауаттың бал ләззатына бөлендi. Эротика – айқаласқан тайталас сәттегi сезiм селiнiң сыпайы толғағы, ол порнография, яғни былапыт, дөрекi тiлмен көсiлтетiн күнәһар емес, нағыз пiрадар тiлмен ашық айтылатын сыпайыгер, ләззәтшiл, рахатшыл мезеттердiң суретi. Осы заңдылықтарды өзгеден артық бiлгендей Шал ақын атамыз қазақ поэзиясында эротикалық өлеңдердi тудырды. Ақындықтың бұл саласында оның алатын орыны ерекше. “Өлшеуiнен асырса боғ

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите свой комментарий!
Пожалуйста, введите ваше имя здесь