Кенен Әзірбаевтың әдеби шығармашылығы

0
709

ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Адамзат тарихындағы үшінші мыңжылдықтың басталуы жаңа қоғамдық құндылықтардың қалыптасу жолында өткен дәуірлердегі мәдени, тарихи процестерге жаңаша көзқараспен қарауға зор мүмкіншілік тудырды. Соның ішінде, қазақ әдебиеті тарихының ХІХ ғасырдағы әдебиет пен өнер саласындағы тарлан тұлғаларының шығармашылық мұраларын қайтадан қарап, жарияланбаған еңбектерін халыққа насихаттауға еркін қол жетті.

ХІХ ғасырдағы ұлт әдебиетінің Қазақстандағы сол кездегі саяси-әлеуметтік, қоғамдық үлкен өзгерістерге, ауысуларға ұшырауына байланысты сан-салалы дамып, жаңа бағыт-бағдарға ие болғанын ХХ ғасырдағы кеңестік идеологияның социалистік реализм принципі тек біржақты таптық тоталитарлық тұрғыда зерттелуін қадағалап отырды. Сондықтан, қазақ әдебиетіндегі жыраулық поэзия, одан кейін дүниеге келген ақындық поэзияның ролі мен мақсат-мүддесі терең зерттелмей келді.

Жұмыста кеңес дәуірінде тиым салынып келген немесе кештеу зерттеле бастаған ХІХ ғасырда ақындық поэзияның ірі өкілдерінің бірі саналған және дәстүрлі айтыс өнерінің ақтангері атанған Кенен Әзірбаевтың (1884-1976) шығармашылық әдеби мұрасы зерттеледі.

Қазақ әдебиеті тарихында Кенен тектес халық ақындарының есімдері аталып, бірді-екілі кішігірім мақалаларға арқау болғанымен, кеңес дәуірінде олардың шығармашылық өмірбаяны, әдеби шығармашылығы жайлы арнайы зерттелмеді.

Диссертация жұмысының өзектілігі – ақын Кенен Әзірбаевтың барлық әдеби шығармашылығын алғаш рет тұтастай толық қарап, оның әдебиеттегі орны мен бағыттарын анықтау. Ақынның әдеби шығармашылық мұрасы диссертациялық зерттеуге арқау болып, бұрын ғылыми айналымға түспеуі себепті алғаш жалпы шығармашылық тұтастық күйінде арнайы сөз болуы және ақынның өзі өмір сүрген дәуірдегі тарихи-мәдени даму ауқымында саралануы тақырыптың зәрулігін анықтайды.

Кенен Әзірбаевтың әдеби шығармашылығын түбегейлі зерттеп, оның басты ерекшеліктерін, атап айтқанда, ақындар айтысын дамытудағы көшбастаушылық, жетекшілік ролін, ақындық поэзиядағы шығармаларының маңыздылығын тереңірек зерделеу қажет. Жоғарыда айтылған мәселелердің негізінде қазақ әдебиеті тарихында арнайы ғылыми зерттеу арналмаған Кенен Әзірбаевтың әдеби шығармашылығын толықтай зерделеп шығу тақырыптың өзектілігін дәлелдейді.

Тақырыптың ғылыми зерттелу деңгейі. Ұлттық әдебиеттануымызда Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығы ғылыми тұрғыда арнайы зерттелген емес. Кенен мұрасы хақында М.Әуезов [1], С.Мұқанов [2], Е.Ысмайылов [3], А.Жұбанов [4] және халық ақыны Ж.Жабаев құнды пікірлер айтты. Ал С.Бегалин [5], С.Бақбергенов [6], С.Сейітов [7], Т.Сыздықов [8], Ә.Тәжібаев [9], Н.Төреқұлов [10], М.Жолдасбеков [11], С.Негимов [12] т.б. мақалалар мен естеліктер жазды. Кенен мұраларына қатысты жеке зерттеу еңбек болмағанымен, әр жылдарда жазылған Т.Тебегенов [13] пен Ш.Керім [14], С.Жумкина [15], Т.Әлібековтардың [16] еңбектерінде ақынның аты аталып кетеді.

1984 жылы Н.Төреқұлов пен Б.Әзірбаевтың құрастыруымен екі томдық таңдамалы шығармалар жинағы, 1998 жылы Т.Кененқызының авторлығымен «Кенен» [17] естелік-эссесі, 2000 жылы «Аңыздар сыры» [18] жинағы, 2001 жылы «Екі Кенен тумайды» [19] естеліктер жинағы, 2003 жылы Е.Қосбармақовтың құрастыруымен «Көпшілік, тыңда әнімді» [20] әндер жинағы, 2004 жылы ақынның 120 жылдық мерейтойына арналған Б.Кененұлының құрастыруымен «Әке рухымен сырласу» [21] атты ақын туралы естеліктер мен мақалалар топтастырылып, кітапша болып жарық көрді.

Бұл еңбектердің бәрі – ақын мұраларына, оның қазақ поэзиясына қосқан үлесіне ғылыми тұрғыдан баға беретін татымды дүниенің бастауы, бір арнасы ғана. Алайда Кенен шығармашылығын ұлттық әдеби дәстүрлер аясында кеңінен қарастырып, әдеби-тарихи контекстте байыптау, сол арқылы ақынның өзіндік дара бітімін ашып, әдеби дамудағы, рухани өмірдегі орнын айқындау, шығармаларын халықтың әдеби мұраларымен сабақтастыра зерттеу кешеуілдеп келді. Әдеби-тарихи кезеңді объективті бағалауға қолайлы жағдай жасалуы, сондай-ақ әдебиет тарихына қатысты көптеген деректердің жиналуы, молығуы әлі күнге тұтас зерттеле қоймаған көрнекті шығармашылық өкілдерінің өмірі мен әдеби мұрасын бүгінгі күн тұрғысынан таразылауға мүмкіндік береді.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты – ХІХ ғасырда өмір сүрген ақын Кенен Әзірбаевтың әдеби мұрасын жинақтау, оның шығармашылығын қазақ әдебиеті тарихы аспектісінде дәуірлік сипаттарын айқындау және тақырыптық, көркемдік өрнектеріне талдау жасау арқылы тұтастай әдеби баға беру болып табылады. Сол себепті диссертация орындау барысында ақынның шығармалары жүйеленіп, мазмұндық мағынасына орай сипатталды.

Негізгі мақсатты орындау үшін осы диссертациялық жұмыста төмендегідей міндеттер қойылды:

• Кенен Әзірбаев өмір сүрген дәуірдің қоғамдық саяси-әлеуметтік

сипатын саралай отыра, оның жекелей ғұмырнамасы мен әдеби

ортасына баға беру;

• Ақын туралы әдеби-тарихи мағлұматтарды, архивтік деректерді, жеке

адамдардағы материалдарды жинастырып, оны толықтырып, жан-

жақты сараптау жұмыстары жүргізілді;

• Ақынның ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне қосқан үлесін анықтау,

шығармаларын ғылыми жүйелік негізде жан-жақты талдау;

• Әдебиеттануда ақын туралы айтылған әр қилы ой-пікірлерге, түрлі

материалдарға назар аудара отырып сараптамалар жасау;

• Қолда жинақталған барлық шығармаларының тақырыптық

және көркемдік ерекшеліктерін айқындай отырып, оған әдеби баға

беру арқылы ғылыми айналымға енгізу;

• Айтыстары мен өлең, толғауларының мазмұны мен түріне қарай

олардың әдеби теориялық құрылымын анықтау;

• Кененнің айтыс өнерін игерудегі, жетілдірудегі үлесін, суырып салма-

импровизаторлық шеберлігі мен кәсіпқойлық деңгейіне әдеби

сипаттама беру, ақындық поэзияны дамытуға қосқан үлесін анықтау.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. ХІХ ғасыр әдебиетіне, соның ішінде, айтыс жанры мен ақындық поэзияны дамытып жетілдіруде зор үлес қосқан Кенен Әзірбаевтың әдеби шығармаларының алғаш рет толықтай жинақталып зерттелуінің өзі тақырыптың ғылыми сипатын көрсетеді.

Ақын мұраларын зерттеу барысында диссертациялық жұмыстың жаңалықты тұстары төмендегі мәселелерден көрінеді:

1. Кенен Әзірбаевтың шығармашылық өмірбаяны тұңғыш рет біртұтас

жүйеде қарастырылып, осыған дейін түрлі жинақтарда, баспасөз

беттеріндегі әр қилы пікірлер сараланып, оған тұжырымды дәлелдер

беріліп, ғылыми тұрғыда сарапталды.

2. Ақынның тарихи-ғұмырнамалық деректері негізінде ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелерін қазіргі жаңа көзқарас тұрғысында бағалауға талпыныс жасалып, зерделенді.

3. Диссертациялық жұмысты жазу барысында Кенен Әзірбаевтың бұрын еш жерде басылмаған, баспасөз бетінде жарияланбаған еңбектері Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорынан және ұрпақтарынан алынып, оларға тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан зерттеу жүргізілді.

4. Кенен Әзірбаевтың айтысы туралы әр жылдары жарыққа шыққан жинақтарда, баспасөздерде, жекелей монографияларда шағын мақалалар ғана болған. Жұмыста ақынның айтыстарына жан-жақты ғылыми талдау жасалынады және оның ХІХ ғасырдағы ақындар айтысы жанрына қосқан үлесі сараланды.

5. Кенен Әзірбаевтың ақындық поэзиядағы орны, өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері алғаш рет таразыланып, жаңа қорытындылар ұсынылады. Сонымен қатар, тұңғыш рет табылған «Абай», «Құрметті інім Жұмабайға» деген өлеңдері талданып, ғылыми баға беріліп, әдеби айналымға түсірілді. Ақынның өнердегі басқа да қырларына (әңгімешіл, ертегішіл, әншілігі, күйшілігі) зерделеу беріледі.

6. Қоғамдағы саяси, тарихи-әлеуметтік құбылыстар мен жағдайлар негізінде қалыптасқан рухани-мәдени ортаның көркемдік талап пен талғамға әсері, Абай, Біржан, Балуан Шолақ, Жамбыл мектептерінің Кенен шығармашылығына жасаған ықпалы мен орны жайлы тұжырымдалған байламдар жасалды.

7. Ақынның шығармашылығы жекелеген мақалалар көлемінде болмаса диссертациялық тұрғыдан зерттелмеген. Ғылыми нәтижесі тұңғыш рет ақынның мұрасы жан-жақты жинақталап, талданып, оқу құралы ретінде баспа бетінен жарық көрді.

Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар.

Кенен Әзірбаев шығармашылығын зерттеу арқылы қазақ фольклоры мен