Хамза Есенжанов

0
4185
информатика

ҚАЛАМ ҚҰДІРЕТІ

Алла тағала берген ақылымен, теңіздей терең білімімен уақыттың өзінен озған ғұлама фәниден бақиға аттанарда өсиет айтыпты: “Дауыл ма, жауын ба, сең бе, сел ме, өрт пе, дерт пе… қандай қысылтаяң, қиын шақ болса да ең алдымен ха­лықтың қазынасын құтқарыңдар, сол қазынаны жасаушыларды жан салып қорғаң­дар. Сонда араларыңнан кемел ойлы кемеңгерлер шығады. Сонда ғана ұлтта рух, елде бүгінгіден де нұрлы болашақ болады”. – “Халықтың қазынасы дегеніңіз не?” – деген сұраққа: – “Ол – кітап”, – деп жауап беріпті ғұлама. – Қазынаны жасаушылар кімдер?” – дегенде: “Таланттар!” – депті әлгі данагөй.

Арғы заман ғұламасының өсиеті одан беріректегі Шекспир айтқан: “Кітап маған тақтан да қымбат”, деген ғажап сөзбен үйлесіп-ақ тұрған жоқ па?! “Талантты адам алтын тақта туған патшамен тең”, деген Фридрих та осылармен үндес.

Сол кітап атты құдіретті өмірге әкелетін, адамзат даналығы туғызған бейнелер әлемі – әдебиетті жасайтын жазушы. Жазушылық – арыстанның апаны. Оған бір кіргесін қайтып шыға алмайсың. Табиғи таланттың дүние-думанның қызығын тәрк етіп, жайлы өмірден безіп шығар шыңы бар. Ол шың Эльбрустан да биік. Бір шықсаң жанкештілікпен шыққан биігіңнен қайтып төмен түсе алмайсың. Биікте басың айналмай, құламай, жыламай тұру шарт. Құласаң өмірден де қымбат өнерің зая. Басына талант дейтін тарыдай бақ қонған, бойына творчествоның таудай азабы дарыған сондай бейнеткердің бірі бүгінде жүз жылдық мерейтойын бүкіл еліміз тойлап жатқан Хамза Есенжанов.

Жұмысты кім істемейді? Бейнетке белшесінен батқандар аз ба? Кітап жазғандар да жетерлік. Жүз дейтін межеге де біреу тірі, біреу о дүниелік болып жетіп жатыр. Әйтсе де солардың бәрін бірдей елеп жатқан ел бар ма? Сол қажет пе өзі? Ал Хамза Есенжановтың жөні бөлек, жолы басқа. Халық оған сонау 60 жасқа толған кезінен бастап біртуар, бірегей перзентіне, тұғыры биік тұлғаға көрсетілер құрметті көрсетіп келеді. Міне, бүгінде оның туған жері Орал облысында дүркіреп өткен мерейтой енді Алматы мен Астана аспанында асқақтап, қазақтың ұлы даласына қанатын кең жайып тұр.

Көркемсөздің көрнекті шебері Хамза Есенжанов бізге ең алдымен “Ақ Жайық” три­логиясымен, сосын “Жүнісовтер трагедиясы” дилогиясымен қымбат. “Ақ Жайық” кей жағдайда “Тынық Донмен” үндес шығарма. Михаил Шолохов Нобель сыйлығын алған атақты эпопеясын 14 жыл жазды. Хамза Есенжановта ондай мүмкіндік бол­ған жоқ. Сонда да ол “Ақ Жайық” трилогиясын 4 жыл жазды. М. Шолоховтың Қазақстан жазушыларының съезінде айтқан: “Асығыстықтан ақаулы бала туады”, деген мысқылға толы уытты сөзін біле тұра асықты. Егер Хамза Есенжанов шығармаларында әлдебір жетімсіздіктер болса, сол асығыстықтың салдары. Әйтсе де ол үшін оны айыптаудың қажеті жоқ. Өйткені, оның асықпауға шарасы жоқ еді. Оны асықтырған қиын тағдыр – суық Сібірдің сыз түрмесінде желге ұшқан, зая кеткен 17 жыл.

Өз сөзімен айтсақ, “өжет, арлы қылышын қаламымен қайраған”, “қазақтан тамшы қаны бар, адамнан шыбын жаны бар” Хамза Есенжанов роман жанрына біраз дайындықпен келді.

Сен гүлімсің бақшадағы,

Мен айналған көбелек.

Аймалаймын сүйем тағы –

Жау қойса да у себелеп, –

сынды жастық жалыннан туған жырларын айтпағанда “Әдебиет майданы” жур­налында жарияланған “Өлеңті жағасында”, “Қызыл құм” әңгімелері, өзге аудармаларын еске алмағанда М. Шолоховтың әлемге әйгілі “Тынық Дон” эпо­пеясының бірінші және төртінші томдарын тәржімалауы осы пайымымызға айқын айғақ.

“Ақ Жайық” пен “Тынық Донда” біраз үндестік бар деп біз жоғарыда айттық. Ең алдымен атап, қадап айтарымыз бұл екеуі де кең құлашты, көп салалы әлеуметтік роман эпопея. Бірі ақ Жайықтың, екіншісі тынық Донның перзенттері өз өлкесін, өз өзенін жырлаған. Революциялық және таптық күрестің оқиғаларын шығармаларына өзек еткен. Бас кейіпкерлер Григорий Мелехов, Аксиния мен Хакім Жүнісов, Мүкараманың тағдыры мен жан дүние иірімдері де үндесіп, үйлесіп тұр. “Тынық Донның” беташарындағы ескі казак әні: “Жерімізді жыртқан соқа емес, аттың тұяқтары; егін емес, казактардың бас сүйегі тұқым болып себілген; Дон бойының көркі кілең жесір ғана, гүлі өңкей жетім бала; толқындары ата-аналар көз-жасы”,– деп төбе шашыңды тік тұрғызар ащы шындықты ашына жырлайды.

Жиырмасыншы ғасырдың басында Жайық өзенін жағалаған, оны айтасыз, кең байтақ қазақ жерін мекендеген халықтың халі де Дондағыдай қайғылы болатын. Ресей империясы мен қазақтың ұлы даласында кең қанат жайған революция мен азамат соғысы жазықсыз, жазықты жандардың қанын судай ағызды. Дон ка­зактары сияқты Жайық қазақтары да қақ айырылды. Замана дүрбелеңімен екіге бө­лінген бір халық бірін-бірі аяусыз қырды. Олардың арасында Ресейден ентігіп жет­кен, ақтар мен қызылдар болып алысқан орыстар да бар. Адам мен ажал беттескен сол топтың ортасында “Ақ Жайықтың” кейіпкерлері жүр. Жай жүрген жоқ, оқты күндер мен отты түндерде жандарын шүберекке түйіп атысып, шабысып жүр. Трилогияның үшінші кітабындағы бірінші сөйлемнен сөйлетсек: “Тартыс тас қамау­дың ішінде де жүріп жатты”.

Атыс пен айтыстың бір жағында ағайынды Жүнісовтер – қажының ұрпақтары Хакім, Әлібек, Әділбек және Мәмбет, Нұрым, Бақытжан Қаратаев, Мүкарама, Быков, Қален Көптілеуов, Шолпан, Белан, Дмитрев, Кәрімғали, Меңдікерей. Қарсы топ, қарсы бетте Халел, Жанша Досмұхамбетовтер және төтенше әскери соттың төрағасы Емуганов, сұлтан Арон Қаратаев, ақ генерал Михаев, аяу білмес Абы­лаев, жазалау отрядының бастығы Акутин. Осылардың бәрі де көркемдік жүк көтерген, Хамза Есенжанов талантымен сомдалған сом бітімді бейнелер.

“Тынық Дондағы” сияқты бір отбасы тағдыры негізгі желі болып тартылған “Ақ Жайықтың” үш кітабындағы алты бөлім, елу тарау, екі жүзге жуық эпизодта шашау шыққан шашыраңқылық жоқ. “Төңкеріс үстінде” деп аталатын бірінші кітапта ақтардың Орал қаласын басып алуы, “Шыңдалу” есімін иеленген екінші томда халық санасының оянуы мен күреске шығуы, “Тар кезең” атты үшінші шығармада Совет өкіметінің орнауы баяндалады. Жай ғана баяндалмайды оқиғалар мен кейіпкерлер тағдыры арқылы кең тыныс, кемел оймен суреттеліп, кестелі тілмен көмкеріледі.

“Ақ Жайықтың” бас кейіпкері – үш кітапта бірдей көрінетін, жай ғана бой көрсетіп қоймай бедерлі бейнеленіп, мінсіз мүсінделген Хакім. Трилогия оқиғасы реальное училищеде оқитын Хакімнің сүйген қызы Мүкараманы ойлап, онымен сүйіскен тәтті шақтарын еске алумен басталып, балаң бозбаладан күрестің от-жалынында шыңда­лып, революционер дәрежесіне жеткен жігіттің сүйіктісі Мүкараманың қан жұтқызған қазасына тап болған қайғылы оқиғамен, сонан соң Бақытжан Қаратаевтың халық алдында жалынды сөз сөйлеуімен аяқталады.

Қанішер Абылаев басқарған елу офицердің “түнде төсекте бейғам жатқан” екі жүз жасақшыны қырып салған Ащысайдағы қанды оқиға оқушының сай сүйегін сырқы­ратады. Сол қаралы түнгі қанды өртте Хакімнің Мүкараманы жаны ышқынып іздеген, сәлден соң оның өлі денесін көрген сәті трилогияның ең бір көркемдік биікке көтерілген тұсы. Сөзіміз жалаң болмас үшін бір ғана үзінді келтірейік: “Хакімнің тілі байланып қалды. Ол аппақ қудай болып кетті. Көзінен жас, аузынан үн шықпады. Ол тек аулаға шығарып көгендеген қозыдай қатар салған қанды өліктің ішінен адам іздеді… Ол тапты. Шеткі төбесі ортасына түсіп, қопарыла құлап қалған үлкен үйдің жанында Нұрым жатыр еді. Нұрымның қасында Орақов. Екеуінің де басы кесілген, Хакім Нұрымның бассыз кеудесіне төніп, тізелей, мойырыла отыра кетті. Біраз уақыт өтті… Оның ойына бір кез үрейлі нәрсе сап етті. “Мүкарама қайда? Жау қолында!.. – дей берді ол іштей. О, тәңірі! Неге өлмеді жауға олжа болғанша! Неге қанға көміліп жатпады ақ дене! Неге!.. Неге!.. ” – Бұл тілек пе, әлде ашынған ащы қасіреттің елесті үні ме? Оны Хакім білмеді. Тек: “Неге! Неге мына жерде жатпады! Неге жау қолында қор болды! Неге! Неге!” дей берді. Ол бір сәт назарын Нұрымнан басқа жаққа аударғандай болды. Қасында қопарылған үйдің астынан бір топ ауыл адамы өлік шығарып жатыр екен. Хакім мағынасыз көзін сол жердегі үй астынан шыққан өлікке бұрды. Ол бірте-бірте орнынан тұра бастады. Әйел өлік… Жас әйел. Келіншекті екі адам көтеріп шетке шығарып салды. Тағы әйел… Оны да көтеріп келіншектің қасына әкелді. Кәрі әйел. Бір кез… о, тәңірі… бір әйел… бір бала… қыз бала… әйел емес. Шашы төгілген… аппақ… Қағаздай аппақ жүз… Жаңағы қысқа тілек! Жаңағы тар тілек қабыл болғаны ма?.. Хакім ұмтылып келіп өліктің басын құшақтай алды. Өлік Мүкарама еді…”

Трилогияның сюжеттік желісі мен композициялық құрылысын сымға тартқандай сұлу тізген автор бас кейіпкер Хакімнің жандүниесіндегі күйзелісті тамыршыдай тап басып, тамаша бейнелеген. “… Сүйген жардан, тел өскен бауырдан. Бірге оқыған жолдастан айырылып, аз күнде өлік жандай қуқыл тартып кеткен Хакімнің тек өңі емес, іші де қуқыл, дене жансыз, кеуде бос қуыс, ой мұздай, көңілі суып қалған”.

Әртүрлі әлеуметтік топтардың тартысын шебер суреттеген жазушы әр кейіпкердің жан дүниесін жарқыратып ашумен қатар олардың іс-әрекетіне оқушыны сендіре біледі. Бір ғана мысал. Етегін жел ғана желпіген, тәні де, жаны да таза ауыл қызы Зағипаның ақтардың әскері зорлап, абыройы ашылғаннан кейін ашынып, у ішіп өлуі де, жаратылысынан қатыгез Абылаевтың жауыздық іс-әрекеттері де олардың бітім-болмысына сай сенімді суреттелген.

“Ақ Жайық” трилогиясындағы диалогтар серпінді де сенімді әрі кейіпкер табиғатына сай. Соның мыңнан бір мысалы мынау:

– Қойшы әрі, – деді Мәулім жұлып алғандай. – Сүйіскені несі, сүйісу былай тұрсын өзіміздікі бетімізден өбіп көрген жоқ

Осы сөзді бүгінде көшедегі ағылған халықтың көзінше, тапа-талтүсте көзіңді бақы­райтып қойып көрінген жерде үлкенді-кішілі еркекпен жаласып жататын бойында иман, бетінде ұят жоқ жалаңбұт қыз-қырқын айтса күлкілі болып шығар еді. Өткен ғасырдың басындағы қаймағы бұзылмаған қазақ ауылындағы әйел затының дәл осылай сөйлері хақ.

Енді мына бір шағын да шалымды диалогқа зер салып көрейік:

– Сен де айта білесің-ау, қаншама орыс болып кетсе де Барқынның баласы Барқынның қызын алмас.

– Ойбай-ау қыз алыспайтын енді не қалар дейсің?

– Қойшы әрі, соншама діннен безіп кетті дейсің бе?

Бұл да ақылға қонымды, уақытқа сыйымды сөздер. Анасы ұлына тұрмысқа шыққан, күйеуі әйелін ақша үшін жезөкшелер тобына қосқан бүгінгі күні айтылса, әрине ақылға сыймас еді. Хамза Есенжановтың кейіпкер аузымен айтқан бұл сөздері бір емес, бірнеше міндетті мінсіз атқарып тұр.

Шығарманың ажарын ашатын теңеулерді де автор сәтімен таба білген. Аз ғана мысал: “Үлкен тас көшенің бойы домбыраның шегіндей дыңғырлап тұр”. “Қала ауру жандай сұлық жатыр”. “Аттың тағасындай дөңгелек шұқыр сай…”

Бұлар трилогияның тек бірінші томынан теріп алынған теңеулер. Екінші, үшінші том­ды сүзсек, олардың көлемі ғана емес, көркемдігі де арта түсері анық.

Адам – табиғат ананың перзенті. Көркем шығармада адам мен табиғатты тығыз бір­лікте суреттеу жазушы шеберлігіне сын. Хамза Есенжанов бұл тұста да сүрінбейді. Мәселен, трилогияның бірінші кітабындағы: “Күн сәске түс. Ыстыққа арқасын қыз­дырып, шөп арасынан өрмелеп, бидайықтың басын да бота тірсек сарыала шегіртке бебеу қаға шырылдап тұр”, деп басталатын, оған жалғас Хакімнің көзімен берілетін табиғат көріністері автор қаламының қарымын толық танытады.

“Ақ Жайық” трилогиясының тақырыптық жалғасы “Көп жыл өткен соң” мен “Жүнісов­тер трагедиясында” азамат соғысынан соңғы Орал өңірінің өмірі бейнеленіп, халық шаруашылығын қалпына келтіру баяндалып, Батыс Қазақстандағы ұжымдастыру жылдарының көркем шежіресі жасалған. Автор мұнда да “Ақ Жайықтағыдай” кейіп­­керлерін қалың оқиғалар ортасында бейнелеп, олардың жан дүние иірімдерін оқу­шының көз алдына алып келеді. Бұл дилогияда ерекше есте қалатын кейіпкердің бірі де, бірегейі де – кесек қимылдарымен кескінделген Құныскерей. Аз көрінсе де есте қалатын бедерлі бейнелер де аз емес. Олар Сталин, Мирзоян, Сәкен, Ғабит.

Цель творчества – самоотдача,

А не шумиха, и не успех,

Позорно, ничего не знача,

Быть притчей на устах у всех, –

демеп пе еді Пастернак. Абыройынан азабы көп жазушылықтың қиямет-қайымы аздай-ақ тағдыр Хамза ағамызды тағы бір қылкөпір сынды қиынға салғанын қалай ұмытайық?! Алғашқы адымы сәтті басталып еді. Малдәрігерлік техникумынан кейін ҚазПИ-дің тіл, әдебиет бөлімін бітіріп, Шоқан, Мұхтар ізімен Ленинградқа барып әлемдік мәдениеттің қайнарынан қанып ішкен білімді, жалынды жас Хамза әуелі филармония, кейінірек опера және балет театрының директоры болып істеді. Оған қоса өзі білім алған ҚазПИ-де орыс әдебиетінен дәріс оқыды. Шығармашылықпен де қызу айналысты. Әке-шешесінен жеті жасында жетім қалып, өзінің талант, қабілетімен жетілген Хамзаға тағдыр тағы да қырын қарады. Сталин секілді бір адамның қолында ұзақ уақыт болған шексіз билік шексіз қырсық болып шықты. Одан туған қайғы-қасірет Хамзаның басына қоп-қою қара бұлт боп үйірілді. Аяқ астынан халық жауы болып шыға келген Хамза Есенжанов өмірінің өнімді еңбек ететін 17 жылын суық Сібірдің сұмдық түрмесінде өткізді. Жала мен пәлеге, қорлық пен зорлыққа, азап пен мазаққа төзе жүріп үміт жібін үзген жоқ. Сол бір аса қиын кезде қайсар талантқа қайрат берген Хамза ағамыздың серігі, жары София әпкеміз болатын.

1914 жылы желтоқсанда Қызылжар қаласында өмірге келген София Жақияқызы Тастемірова қазақ қыздарының арасынан шыққан ең алғашқы жоғары білімді дәрігерлердің бірі еді. Хамза ағамызбен 1937 жылдың ақпанында тағдыр қосқан. Арада жыл өте салып 1938 жылдың 19 сәуірінде Хамза Есенжанов халық жауы атанып темір торға қамалыпты. Княгиня Волконская ерлігін қайталаған София әпкеміз суық Сібірдің сыз түрмесінде отырған Хамза ағамыздың жанынан бір-ақ шығыпты. Мұны ерлік демей не дейміз. Сол ғажап әрекеті, батыл қадам Хамза Есенжановты азап дейтін апаттан аман алып шыққан. Сол ерлік емес пе қаламгер ағаға “Ақ Жайықты” жазуға септескен. Осы айтылғандардың “Ақ Жайық” трилогиясына ғана емес, “Жүнісовтер трагедиясы” атты дилогияға да тікелей қатысы бар. Хамза Есенжанов та бізге ең алдымен осы бес романымен қымбат екенін ұмытпайық. Оған 1967 жылы Мемлекеттік сыйлық та осы романдары үшін берілді. Сол шығармалары шоғырының жазылуын, әрине, ең алдымен Хамза Есенжановтың шығармашылық ерлігі деп бағалау ләзім. Осы тұста Хемингуэйдің “Зеленые холмы Африки” атты кітабындағы бірер сөз ойға оралып тұр. Ол мынау: “Мне нужно было только одно: работать. Я уже больше не принимал всерьез свою собственную жизнь. Работа, одна работа давала мне удовлетворение, а в промежутках была моя треклятая жизнь, которую я проводил где и как вздумается”. Мұхтар Әуезов айтқан “шығармашылық шабытқа қомағай” Хамза Есенжановтың 17 жылдық үзілістен соң өнімді еңбек еткен ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндерін жоғарыда айтылған Хемингуэй сөздерімен ғана дәл бейнелеуге болатын шығар.

Міне, осы тұста да София әпкеміз Хамза ағамызға аса бағалы көмек көрсетті. Есен­жановтың атын шығарған трилогия мен дилогияның өмірге келуіне өлшеусіз үлес қосты. Талант – құдайдан, бап – жұбайдан. София әпкеміз жазушының бабын тапты, алаңсыз жұмыс істеуі үшін бар жағдайын жасап бақты. Соның нәтижесінде Хамза ағамыздың құнарлы қаламынан әйгілі бес романға қоса, “Сәудібек найман” атты тарихи трагедия, бірнеше әңгімелер мен очерктер, көсемсөз бен творчестволық портреттер, әдебиет пен өнер мәселелері жайлы мақалалар, жолжаз­балар туды. Қаламгердің көңіл-күйін қас-қабағынан таныған сергек сезімсіз, ерекше төзімсіз соның бәрі мүмкін бе өзі? Адамның ең басты бақыты отбасы бақыты емес пе? Отбасының ынтымақ, бірлігінсіз ырыс, береке болмасы анық қой. София секілді асыл жар тапқан Хамза ағамыз бұл тұста да бақытты қаламгер. Темір тордың аржағынан ауру болып оралған кірпияз жазушы тұрмақ, аяқ-қолы балғадай қатардағы қаламгердің бабын табу да оңай емес. Бұл өмірде зейнетінен бейнеті көп, қартайса да, бойынан әл тайса да еңбек демалысына шықпайтын, соңғы демі біткенше қаламы қолынан түспейтін қаламгердің қосағы болу – еңбек пен ерлікті, сезім мен төзімді қажет ететін қиямет-қайым ғой. Біздің әдеби басылым­дар “Жазушының жұбайы” деген айдар ашып, София әпкеміз сынды қаламгер бағасын білетін, қалам құдіретін танитын қасиетті жандардың жан дүниесін жар­қыратып көрсетсе, бұ да бір сауапты іс болар еді-ау…

Осы мақаланы жазу үстінде мен Хамза Есенжановпен, дұрысы сұңғыла суреткер творчествосымен үшінші мәрте ұшырасып тұрмын. Алғашқы кездесу өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта тұсында болып еді. “Жазушы” баспасында жұмыс істейтінмін. Баспа директоры Ілияс Есенберлиннің тапсыруымен Хамза ағамның “Көп жыл өткен соң” атты романына редактор болдым. Сонда анық аңғарғаным, шығармасындағы шағын эпизод, штрих қана емес, жалғыз сөйлем, жалқы сөзге дейін қатты мән береді екен. Сырт көз сыншы ғой. Оның үстіне мен әдебиетке сыншы болып келген, еңбек жолын баспаның редакторы болып бастаған қырағы көз емеспін бе? Үлкенді-кішілі қаламгерлердің қолжазбаларын редакциялап үйреніп қалған әдетіммен оғаштау деген сөйлемдерді өзімше жөндеп, оқшау тұрған жеке сөздерді қалам ұшымен қағып тастап отырдым. Ондай батылдығымды “Суреткер парызы” атты қырық баспа табақ қалың қолжазбасына редактор болғанымда сөз зергері Ғабит Мүсірепов те үндемей кө­теріп еді, Хамза ағам көтере алмады. Өзі тым шамшыл. Өз еңбегіне келгенде қулық бие сияқты тым қызғаншақ екен. Менімен бір бөлмеде отыратын Жайсаңбек Молдағалиевтің әншейін әуестікпен оқып отырған бір тарауын көріп маған: “Менің қолжазбамды өзіңнен өзгеге берме”, деп ескерту жасады. Менің жүген, құрық тимеген асау аттай атылып, жалындап тұрған жас кезім. “Бір сөзі өзгермейтін, бірер сөйлемі қысқармайтын қолжазба бола ма? Артық, ауыс жерін көрмейтін редактор кімге керек? Маған бәрібір. Саяси қатесі болмаса болды. Оқымай-ақ қол қойып, өндіріске жібере беремін”, – дедім. “Жо-жоқ, о не дегенің? Оқы! Жазу ағыныммен отырғанда қайталаулар, ірлі-ұсақты қателер болады ғой. Көлденең көз көргіш. Қолжазбаны оқып бітірген соң бірге қарап, ақылдасармыз”, деді де кетіп қалды. Кейін бірге оқып отырып қарадық. Ара-тұра менікі, көбіне ол кісінікі дұрыс болып шықты. Не нәрсенің де басы қатты болса, аяғы тәтті болады деген рас екен. Кейін ағалы-інілі болып араласпасақ та амандығымыз түзу болды.

“Қазақ әдебиеті” газетінде істеп жүрген кезім еді. Хамза ағам қайтыс болып кеткен. София әпкеммен ұзақ әңгімелесіп, “Айдынды өзен – Ақжайық” атты естелік-эссе жаздым. Жазушының творчестволық лабораториясынан сыр шерткен көлемі көлдей материал кезінде осы газетте жарияланды, кейін біраз өзгеріспен кезекті сын кітабыма кірді. Енді, міне, бүгін ақиық ағаммен үшінші мәрте сырласып тұрмын. Осынау жолдарды жазу оңай болған жоқ. Көркемсөздің көрнекті шеберінің “Жазушы” баспасы 1978-1981 жылдары аралығында жарыққа шығарған алты томдық шығармалар жинағын, оған кірмеген пьесалары мен өзге де еңбектерін және де екі бірдей кітап болып шыққан қаламгер аға жайлы естеліктер жинағын тегіс оқып шықтым. Сонда көзім жетіп, көңілге түйгенім – Хамза Есенжановты бүгінгі биігіне алып шыққан қуатты екі күш бар екен. Оның бірі – Алла тағала бер­ген талант, екіншісі тапжылмай отырып жасаған табанды, табысты еңбек. Менің көз алдымнан жазуға тыйым салынған темір тордың ар жағында отырып, умаждалған газеттің шеті мен қолға түскен қағаз қиындыларына болашақ романдардың жеке эпизодтарын жазып, мақталы күртесінің астарын сөгіп, жасырған; елге оралған соң София әпкеміз екеуі сол сиырдың бүйрегіндей бөлек-бөлек қағаздардың орауын жазып, құрастырған; батареясы жылымаған суық пәтерде аяғына пима, үстіне тон киіп отырып жазу жазған; қатты ауырған кезде де қаламы қолынан түспеген қайсар қаламгер Хамза Есенжановтың бейнесі өтіп жатты.

Жалғыз Хамза Есенжанов па осы көрініс, осыншалық жанкешті еңбек күні кешегі Мұхамеджан Қаратаев пен Зейін Шашкинге де тән еді ғой. Өнердегі бақытын өмірінен артық көрген қайран асыл ағаларым-ай, сендер де өттіңдер-ау мынау жалғаннан.

Қаламнан үлкен қару жоқ. Жазушы қаламын қайрайтын оның жан жары емес пе? Қаламның шексіз күші жайлы айтқанда Наполеонның: “Феодализмді өлтірген зеңбірек, адамзат қоғамын қалам өлтіреді” деген сөзі ойға оралады. Ұлы француздың осындай ойын еске ала тұрып мен айтар едім, жазушы қаламының жойымпаздық қана емес, жасампаздық та күші бар деп. Наполеонмен иықтасып ұлы ойшыл Ф.М. Достоевский тұр көз алдымда. “Әлемді құтқаратын сұлулық”, деген ол. Менің Олжас досым: “Біз мәдениетті құтқарсақ, мәдениет бізді құтқарады”, дейді. Философ жазушы мен философ ақынның ойларын қуаттай отырып, мен айтар едім: “Әлемді құтқаратын сөз”, деп. Жеке тұлғаны ғана емес, тұтас мемлекеттерді де түтістіретін де, бітістіретін де сөз. Иә, әлемді билейтін сөз, сөзді билейтін – қалам!

Жүректің оты жеткенше, бұл дүниеден өткенше қолынан қаламы түспеген Хамза Есенжанов бақытты жазушы. Бақытты болатыны өзі өлсе де сөзі өлген жоқ. Гогольдің ойымен айтсақ: “Әдебиет әлемінде өлім болмайды, өлгендер де құдды тірілер секілді біздің іс-әрекетіміз бен қимыл-қарекетімізге бізбен бірге тікелей араласып алға тарта береді”.

Моцарттың қабірінің қайда екені әлі күнге дейін белгісіз. Ал Хамза Есенжановтың мәңгілік мекенін, ескерткіш тақтасы мен бюстін күтіп, оның қасиетті қара шаңырағының отын сөндірмей отырған, артында қалған әдеби мұрасының мұртын бұзбай көздің қарашығындай сақтап жүрген Әлихандай ұлы мен Дина сынды келіні бар. Хамза Есенжанов бұл жағынан да бақытты жазушы.

Әдебиет әлемін бірде ашық, бірде бұлтты, бірде бұлыңғыр зеңгір аспан деп бейнелер болсақ, қаламгерді қанатты құсқа балар ек. Қанаттылардың бәрі қыран емес. Құстың да құсы, оның да ірісі мен ұсағы, әлсізі мен күштісі бар. Әр құс өзі­нің қанатының қуаты жеткен биікке дейін ұшады, әлсіздері шоқыға, мықтылары шыңға барып қонақтайды.

Хамза Есенжановтың тұғыры шоқы емес, шың! Қыран қанат талант сол биіктен төменге көз салып:

О, пенделер, көзіңді ашып қарашы,

Алыс емес,

Тал бесік пен тар бесіктің арасы.

Қас-қағымдай мына қысқа өмірде,

Бір-біріңе ғашық көзбен қарашы, –

деп тұрғандай. Иә, дәл солай болып көрінеді маған ақиық, ақылман ағам!