Халел Досмұхамедұлы – Мұрат ақын шығармаларын жинаушы һәм зерттеуші

0
1013
общество

ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ – МҰРАТ АҚЫН ШЫҒАРМАЛАРЫН ЖИНАУШЫ ҺӘМ ЗЕРТТЕУШІ

Алаш қайраткерлері ұлтымыздың рухани мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде маңызды істер атқарғаны белгілі. Олардың бұл саладағы аса нәтижелі жұмыстары – осы халық үшін маңызды мәселенің бастауында тұрғандығымен де бағалы. Айталық, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы халық ауыз әдебиеті үлгілерін, Мағжан Жұмабаев Базар жырау, Ақан сері мұраларын, Мұхамеджан Тынышбаев қазақ тарихына қатысты деректерді жинап, зерттегені, жариялағаны бүгінгі күндері көпшіліктің игілігіне айналып отыр. Алаш зиялылары ұлттың саяси бостандығы мен азаттығы жолында күреске шыға отырып, халықтың рухани болмысын түгендеуді де ұмытқан емес. Өйткені, біздің ойымызша, қандай халық болмасын өзінің мәдени-рухани дүниесін дамытпай, өркендеу жолына түсе алмайтындығын ұлт-азаттық қозғалыс өкілдері өте жақсы түсінген. Алайда, олардың алған білімдері филологиямен, тарихпен немесе өнертанушы сияқты мамандықтармен байланысты болмаған.

Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі, Батыс Алашорда жетекшісі Халел Досмұхамедұлы Әскери-медициналық академияны алтын медальмен бітірген. Мамандығы – дәрігер. Соған қарамастан ол қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін құнды бірқатар еңбектер тындырды. Атап айтқанда, ол «Қазақ халық әдебиеті. Қысқаша очерк», «Самарқан шаһарындағы «Тіллә-кәри» және «Ширдар» медреселерін салдырушы Жалаңтөс батырдың шежіресі», «Бұхарадағы Көгілташ медресесінің салынуы туралы әпсана», «Қазақ-қырғыз комиссиясынан», «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы туралы қысқаша мағлұмат», «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингормонизм заңы», «Мұрат ақынның сөздері» сияқты күні бүгінге дейін деректік мәнін жоймаған еңбектер жазды. Бұл еңбектерді 1923-1928 жылдары жазды. Бұл кездейсоқ емес. Алаш зиялыларының мәдениет, әдебиет, тіл, тарих, ғылым салаларындағы еңбектерінің басым көпшілігі осы кезеңде жазылған екен. Оның себебі советтік диктатура кешегі Алаш қозғалысы жетекшілерін өз билігінен шет қалдырған соң, олар қалайда болсын ұлт мүддесі үшін қызмет етуді үлкен борыш санап, ендігі жерде ғылым, ағарту салаларына атсалысты. Осындай жағдайдан барып, Халел Досмұхамедұлы табиғаттану, Мағжан Жұмабаев педагогика, Міржақып Дулатов математика, Жүсіпбек Аймауытов психология, Телжан Шонанұлы әдістеме, Қошке Кемеңгерұлы жер шаруашылығы, Мұхамеджан Тынышпаев тарих оқулықтарын жазды. Бұлардың қай-қайсысы да аталған салаларда тұңғыш деген атқа ие.

Алаш қозғалысы қалыптастырған зиялылардың ішінде Халел Досмұхамедұлының қайраткер ретінде де, қаламгер ретінде де орны алабөтен. Ол сонау 1905 жылдан бастап Алаш қозғалысының басы-қасында жүрді. 1905 жылы Орал қаласында бес облыс өкілдері жиналған Қазақ конституциялық-демократиялық партия құру жиналысына қатысқан он сегіз жасар Халел ісімен де, сөзімен де туған халқына қызмет етіп өтті. Халел күрескерлік жолмен ел арасында жүріп, көнеден қалған мұраларды жинауға белсене кірісті. Оның осы саладағы еңбектері кейінгілерге дерек көзі ретінде мол пайдасын тигізді. Х.Досмұхамедұлының осындай маңызды еңбектерінің бірі – қазақ әдебиеті тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі – Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығымен байланысты. Ол 1924 жылы Ташкент қаласында «Мұрат ақынның сөздері» деген атпен жинақ шығарды. Бұл жинаққа өзі алғысөз жазды, ақын шығармаларында кездесетін тарихи атауларға, ру аттарына, топонимикалық атауларға, көне сөздерге түсініктер берді. Жинақтың басты маңызы: бүгін біз білетін Мұрат ақын өлеңдері, толғаулары, дастандары осы Халел Досмұхамедұлы арқасында толық жетіп отыр. Бұл рухани аз олжа емес. Қазақ поэзиясының алтын қорынан өзінің лайықты орнын алатын Мұраттың «Үш қиян», «Сарыарқа», «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Шалкез жыраудың айтқаны» сияқты әйгілі шығармалардың біздің заманымызға жетуіне зор үлес қосты. Кейінгі зерттеушілер, қазақ әдебиеті үлгілерін жинақ етіп құрастырушылар Халел Досмұхамедұлының осы еңбектерін пайдаланды. Олардың көбісі заманында «осыларды жинаған Халел Досмұхамедұлы еді» деп айта алмады, заман айтқызбады. Олай деп әділ бағасын беруге мүмкіндік күні кешеден бері ғана туып отыр. Ендігі жерде Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығына қатысты зерттеулерде, ақын өлеңдері енген жинақтарда Халел есімі аталуы тиіс. Х.Досмұхамедұлы Мұрат ақын өлеңдерін жинап бастырумен бірге, ең алғаш оның өмірбаянын да жазған кісі. Мұраттың шыққан тегі, тұрмысы, өлең жаза бастауы, өскен, жүрген ортасы, ақынның алдындағы ұстаз тұтқан өнер иелері туралы деректерді 1924 жылы жарық көрген жинақтың алғысөзінен табамыз. Мәселен, Мұраттың шыққан тегі жөнінде «Мұрат ақын туралы қысқаша мағлұмат» деген алғысөзінде Халел: « Мөңке баласы Мұрат 1843 жылы туып, 1906 жылы 63 жасында опат болды. Кіші жүздегі байұлы беріш деген рудың қаратоқай деген арысынан, аққолы деген бөлімінен болады. Туған жері Орал облысы, Гурьев (Үйшік) уезі, Қарабау деген жер. Жүрген жері – Бөкейлік,Орал, Маңғыстау. Мұраттың ата-тегі мал баққан шаруа қазақ. Туысқан ағасы Матай деген ақын болған. Мұраттың нағашысы адай Азамат, Саламат, Сәмет дегендер заманында айтқыш адамдар екен. Мұрат жасында аз-кем молдаға оқыған, қара танып,хат жазарлық қана оқығаны болған. Мұрат бала күннен-ақ өлең айта бастаған. Он бестен асқан соң той-тобырда өлең айтқанды мүсе тұтпай, заманындағы айтқыштардың бәрін айтысып, жеңген. Айтысқа өте шебер болған. Мұраттың өмірінде айтыстан жеңілген орны болмаған» – деп жазады.

Халелдің осы алғы сөзін оқып отырғанда, автордың екі мәселеге айрықша назар аударғаны байқалады. Біріншісі – Мұрат Мөңкеұлы шығармаларындағы тарихтық негізі бар деректер, екіншісі – ақын өлеңдерінің тілі. Осы көлемі шағын алғысөзден көптеген жер-су аттарын, ру атауларын, адам аттарын оқуға болады. Оны Халелдің өзі де айтып өтеді. Мәселен, ол былай деп жазады «Мұраттың сөздерінде жерлердің аттары көп ұшырайды. Бұлардың көбі ескі аттар. Осы аттардың бір қатары осы күнде Еділ, Жайық алаптарында ұшырайды».

Жоғарыда жазушы Мұрат өлеңдеріндегі тарихи деректерге мән берген деген болатынбыз. «Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін елеусіз тастай алмайды» – дейді Халел Досмұхамедұлы. Осылай дей келе, ол Мұрат өмір сүрген дәуір мен ақын шығармашылығы арасындағы табиғи байланысты өте білгірлікпен ашып бере алған. Оны Халелдің мына бір пікірлерінен аңғарамыз: «Мұрат бір жағынан өткенді білген шежіре болса, екінші жағынан халықтың мұңын, елдің зарын айтатын әлеуметшіл ақын. Қазақ елі елдігінен айырылып, «штатқа» көніп, нағыз болдырып тұрған кезде Мұрат өмір сүрді. Мұраттың заманы – бостандық үшін «егескен ердің бәрі жер тіреген» заман. Патша хүкүметінің қазаққа құрған саясатының гүрлеп тұрған заманы, қазақтың бұрынғы тұрмысы өзгере бастаған, қазақтың бұрынғы кең қоныстан, сүйкімді әдеттен, еркін салттан айырыла бастаған заманы» – дей келіп, ақынның әйгілі «Үш қиян» толғауынан мына шумақтарды келтіреді:

Бұл қоныс жеті жұрттан қалған қоныс,

Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс.

Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ, Мамай,

Біз түгіл осыларды алған қоныс.

……………………………………………………

…………………………………………………….

Кемелсіз қонған елін көп тоздырған,

Қайырсыз осы секілді неткен қоныс?

………………………………

………………………………

Кетейін десе жөн таппай,

Адыра қалған Үш қиян,

Қол ұстасып жүрген жер

Мұраттың өлеңдерін талдаудан Халел Досмұхамедұлының қайраткерлігі байқалады. Сыншының ондай қайраткерлігі ақын шығармаларындағы отаршылдыққа қарсы сарындарды талдауынан, саяси, әлеуметтік, қоғамдық пікірлерінен байқалады. Мәселен, ол: «Мұраттың өлеңдерінде патша хүкүметінің қазаққа жұмсаған саясаты айқын байқалады. Хүкүметінің жақсы жерлерді тартып алғаны, ел қамын жегендердің қуылғаны, өлтірілгені анық айтылады» – дейді.

Мұраттың отаршылдыққа қарсылықтан туған шығармаларында, көбінесе, отаршылдардың қазақ жерін тартып алуы, байырғы жұртты ығыстыруы көбірек жырланатын. Өткен ғасырдың екінші жартысында жазылған Мұрат шығармашылығы туралы зерттеулерде осы мәселе үнемі айтылатын. Мұрат ақынның осы ерекшелігін Х. Досмұхамедұлы өте дұрыс байқаған.

Халел Досмұхамедұлы Мұрат ақынның өзіндік дәстүрі болғандығын да айтып өтеді. Ал ақынның поэзиясына келгенде: «Өлеңдерінің сырт жағына келсек, Мұраттың тілі әдебиетімізге негіз болған ел әдебиетінің тілі » деп бағалайды.

Алаш қайраткерлері қазақтың рухани дүниесін байытатын мәдени, әдеби құбылыстардың қай-қайсысына болса да баға беруге тырысып, өз заманынында қалың көпшілікке таныстырып отырды. Осындай ұлт үшін рухани мұраны насихаттаған үлкен шоғырды өз тарихымызда ең алдымен алашшылдар арасынан табамыз. Алаш қозғалысы – тек қана белгілі бір кезеңді қамтыған саяси, тарихи, қоғамдық құбылыс емес, тұтас ұлттық өрлеуді тудырған орасан құбылыс. Соның ішінде қайраткерлігімен де , қаламгерлігімен де ұлтына қызмет еткен Халел Досмұхамедұлы сияқты ұлы тұлғалардың орны айрықша.

«Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы азаттық қозғалысы жетекшілерінің жиырма жылдай уақыт бойы аса күшті Ресей самодержавиелік мемлекетіне қарсы теңдесі жоқ жанқиярлық күресінің қорытынды жемісі болды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед