Ғабиден Мұстафин

0
2656
компьютер

ҒАБИДЕН МҰСТАФИН

(1902-1985)

Мен әрдайым бүгінгіні, шамам келгенше – ертеңгіні жаздым. Жазушы, алдымен, өз дәуірінің жаршысы. Мен өз бойымдағы бүкіл дарыным мен күш-қуатымды… халық мүддесіне қалтқысыз, алаңсыз бағыштаған жазушымын. Менің творчествомның өзегі, арқауы, негізі жаңа заман, жаңа адам.

Ғабиден Мұстафин

Ғабиден Мұстафин мұрасы – 20-40 жылдардағы Қазақстанның көркемдік шежіресі. Жазушы шығармаларынан ескен шындық – дән салмағынан басын көтере алмай, маужырай тербелген қалың бидай мен гүрсілдеген шыңырау шахтаны аралатып, туған өлкеге көз жібертеді – еңбекке толы уақытты, қарапайым еңбек адамын көресіз. Ғабиден Мұстафин жағымды кейіпкерлердің тұтас бір тізбегін жасады. Олар жарқын болашақ үшін батыл күресіп, ел- жұртының арман-тілегі, мүдде-мақсатының орындалуына аянбай ат салысты – азаматтық тұғырдан түспеді. Өз заманымен тығыз байланысып, күш-қуатын уақыт алдындағы борышты өтеуге арнау, өз замандасына аянбай қызмет ету, еңбек адамының ой-арманын, баянды ісін мадақтай жырлау, белсенді кұрескер биігінен таймау — Ғабиден Мұстафиннің рухани келбеті.

Жастық шақ. Алғашқы қадам.

Әдетте, жазушының ізденісі мен өмір жолы көркем шығармасында із қалдырып, ел басынан кешкен тарихи оқиғалар сайрап жатады. Ғабиден Мұстафин мұрасы – осынау қағиданың дәлелі мен айғағы.

Ол 1902 жылы Қарағанды облысының Тельман ауданында шағын дәулетті отбасында өмірге келді. Талапты бала әуелі ауыл молдасынан оқып сауатын ашады. «Басқа оқу жоқ еді» – дейді ол кейін жастық шағын қынжыла, мұңая еске алып. Кішкентай жүректе жанған шырақ оқу-білім іздетеді, 1916 жылы зауыттағы орысша-қазақша мектептің төртінші сыныбына түсіп, бір жылдан кейін бітіріп шығады. «Қайтып оқуға мұрша болған жоқ» – деп өкінеді кейін жазушы. 1918-1925 жылдары ауылдық кеңестің әр алуан жұмысына араласады. Білімге деген құштарлық Қазақстанның сол кездегі орталығы Қызылордадан оқу іздетеді. Бірақ балалық шағында алған шамалы білім оқу орнына түсуге мүмкіндік бермейді де, жоғарғы сотқа қызметке орналасады. Жазушының өзі айтқандай, көркем әдебиетке деген құштарлығы осы жылдары оянады.

Жиырмасыншы жылдар туған еліміз үшін аса бір маңызды кезең еді. Ауылдағы негізгі тартыстар Азамат соғысынан кейінгі ауыртпалықтар, әлі оңы мен солын айыра бермейтін кедейлердің қиын хал-күйі төңірегінде өрбитін. Жастайынан талай қиянат көрген болашақ жазушы қайнаған өмір ағымынан сырт қала алмады. Өзінің алғашқы қадамы туралы «көргенімді, сезгенімді жазатынмын» – дейді Ғабең. Демек, жазушылық өмірінің алғашқы сәтінен бастап бүкіл өнер жолына үлкен әсер осындай тартыстардың қызу ортасы еді.

Жас талапкер өзі көрген, сотқа келіп түскен шағымдарда айтылған қиянат, мұң-шер, жапа шеккен адамдар туралы нақтылы оқиға негізінде жазған хабарлам, очерк, фельетондарын «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне жариялап жүрді.

Сөйтіп, Ғабиден Мұстафин алғашқы қалам тартысынан-ақ өзінің өзекті тақырыбын – бүгінгі қайнаған өмірді дәл тапты. Тұңғыш кітабы «Ер Шойынға» (1929) арқау болған да өзі жақсы білетін ауыл өмірі, кедейдің сана-сезімі, таптық күрес еді. «Ер Шойын» – жазушының ғұмырлық тақырыбын белгілеген, өзінің талабы мен талантына сенім туғызған ерекше мәні бар жинақ.

Белгілі сыншы-ғалым З. С. Кедрина жазушының өнер жолын саралай келіп, оны тың тақырыптарға алдымен баратын батылдығын, жаңашылдығын «творчестволық барлауда» деп, басып айтты. Жинаққа кірген тұңғыш шығармасы «Сәрсен мен Боқаш» (1927-1928), «Ер Шойын», «Қан», «Қашқын» сияқты әңгімелерінде ауылда өтіп жатқан таптық тартысты нақтылы оқиға-көріністер арқылы реалистік дәлдікпен бейнеледі. Жазушының ыстық ықыласы қаналған тап жағында. Көркем образдар арқылы: «Адал еңбегінің қызығын көрмей, «адам!» деген ардақты атқа қолы жетпей қиналған адал жандар осылар!» – дейді жазушы. Байдың малын бағып, байлығын көбейтіп жүрген құтты қол жандар жас жазушыға адамгершілік пен ақиқаттың өзіндей көрінеді. Осындай жандарды сүліктей сорып, басын көтертпей езгіге салған үстем тапты автор жиіркенішпен, жек көре суреттейді. Жазушының мақсаты айқын, мүддесі ашық – кімді жақтайтыны, кімді даттайтыны түсінікті. Таптық күресте қажыр-қайрат. Ұйымшылдық қажеттігін суреттеген «Ер Шойын» жинағы тартыстың әлі толастамаған кезінде шыққанын ескерсек, кітаптың әлеуметтік, тәрбиелік мәні ерекше болғанын түсіну қиын емес.

Жас қаламгердің шығармаларында кейбір біркелкілікке құрылып, жинақтау сипаты, көркемдік мәнерлеу, тіл шеберлігі жетпей жатқанмен, алғашқы қадамынан-ақ автордың азаматтық белсенділігі, мақсатының айқындығы анықтала түседі.

Бірақ Ғ. Мұстафиннің ізденісі жеңіл болды, қиыншылыққа кездеспеді десек, шындықтан ауытқыр едік. Жас кезінде жүйелі білім ала алмаған жазушыға өмір – білім бұлағы, еңбек – өнер шырағы болды. Баяу қалыптасып, жеңіл шығармалар да жазды, бірақ тынымсыз еңбек, іздену, оқу білімді, парасатты, қайраткер жазушыға айналдырды.

Жаңа кітаптың қуанышы басылмай жатып, өмірді терең зерттеу қажеттігін түсінген қаламгер Қарағанды қаласындағы қайнаған еңбек майданына (1930) араласып кетеді – үш жыл шахтада жұмыс істейді, жер қазады, токарь мамандығын игереді. «Мен келгенде, – дейді жазушы, – Қарағандыда бес-алты жаман барак қана, 30-40 жұмысшы ғана бар еді. Олар көмірді қайламен қазып, сыртқа темір шелекпен қол бұрау арқылы шығаратын. Шахта дегендері – бір ғана құдық».

1933 жылы Ғ. Мұстафин «Қарағанды пролетариаты» газетінің жауапты секретары қызметіне тағайындалады. Бірақ көп кешікпей қазақ тілінде «Қызыл ту» атты жаңа газеттің ашылуына байланысты Новосибирь қаласына ауыстырылады. Өмірлік тәжірибесі байыған, журналист ретінде қаламы төселген Ғ. Мүстафин 1938 жылы газет жабылысымен Алматыға көшіп келеді. «Бұл менің тоғыз жыл бойы жазушылықтан қол үзіп кеткен, қайта оралған шағым», – деп жазады Ғабең.

Астана жазушыға көп әлеуметтік-қоғамдық жағдайды жаңа биіктен бағалауына, әдеби-мәдени өмірмен етене араласуға мүмкіндік береді. Сол бір идеология майданы шиеленіскен таптық тартыстың қызу жылдарында қаламгер, өзі айтқандай, күресші өнердің шебінде болды. Оның көз алдында жалынды ақын Сәкеннің. Cәбит пен Бейімбеттің, ұлы Мұхтар мен Ғабиттің үлгі тұтар жарқын бейнелері тұрды. Дәл осы жылдары әдебиетті көп оқып, көп үйренді. Жаңа өмірдің әсерімен философиялық, эстетикалық көзқарасы қалыптасып, әдеби талғамы биіктей береді. Көптен көңілін қобалжытқан етене жақын тақырыбы – Қарағанды шахтерлерінің өмірінен «Өмір мен өлім» атты тұңғыш романын жазады (1939). Бұл – оның үлкен қаламгерлік жолының бастауын аша түскен кітап еді.

Он жыл (1939-1948) «Әдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз» журналында қызмет істей жүріп, басында әдеби қызметкер, кейін редактор) ел өмірімен кең танысып, жазушылық еңбекке біржолата бет бұрады. 1942 жылы «Айғақ» атты шағын пьеса, «Тұтқын», «Күлмеген адам», «Құлаған құз», «Керуен» секілді әңгімелер жазды. Жазушының кемел кезі басталады.

Замандас туралы жыр. Үлкен жанр өрінде.

1940 жылы Ғ. Мұстафиннің алғашқы көлемді туындысы – «Өмір мен өлім» романы жарыққа шықты. Бұл – қазақ әдебиетіндегі ауыр өнеркәсіпке еңбек еткен жұмысшы табы мен техникалық интеллегенцияны бейнелеген тұңғыш шығарманың бірі еді. Қарағанды да көтеріліп келе жатқан зор жаңалық кеңінен суреттелгенмен, алғашқы әңгімелерде кеткен кемшілікті бұл кітаптан да байқауға болар еді. Әйтсе де, жаңа шығарма болашақ романистің шеберлігін шыңдауда үлкен мектеп болды.

«Өмір мен өлімнен» кейін қаламгердің сәтті кезеңі басталады. Ауылдағы өзгерістерге арналған «Шығанақ» (1945) пен «Миллионер» (1948) жарық көреді. Көп кешікпей орыс тілінде жарияланған бұл шығармалар қаламгер есімін кеңінен танытады. Мұстафин шығармалары шет тілдерге аударыла бастайды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті туындысына айналған «Қарағанды» романы (1952) мен жазушы шығармашылығының бір шыңы – «Дауылдан кейін» (1960) романы басылып шығады. Соңғы жылдары өз басынан кешкенін, көргенін ғұмырнамалық «Көз көрген» романында жинақтады.

Өте маңызды тақырыптарға арналған бұл романдарға кең тұрғыдан қарау керек. Жиырмасыншы жылдардағы кескілескен таптық тартыс, қалың бұқараның рухани өзгеруі, ауылдың өзгерісі ен далаға өнеркәсіп алыптарының салынуы – феодалдық құрылыстың тас-талқаны шығып, жаңа бір қоғамның қанат жаюы кең бейнеленген кең құлашты шығармаларға айналды.

Шығанақ туралы сыр.

Қазақ әдебиетінде шаруа еңбек адамдары тақырыбына жазылған шығармалардың ішіндегі айрықша көркемдік қуатқа ие болғаны – «Шығанақ» романы.

Өмірдің талай бел-белесін басынан кешірген Олжабек бейнесі өзінің типтік сипатымен ауылдардағы миллиондаған орта шаруаның жолайырықтағы әуре-cарсаның шыншылдықпен әйгілейді. «Өзімдікі» дегенде өзегі талып, көкірегінің күйгеніне қарамай, жалғыз саяғын көш жерден іздейтін Олжабектер аз болған жоқ. Бұл өмірден алынған шындық еді.

Табиғатында момын, қақ-cоқпен ісі жоқ Олжабек азын-аулақ жиған-тергеніне қатер төнгенінде шиыршық атып шыға келеді – кәкір-шүкірін ортаға өткізуге іші қимай, үй-ішімен колхоздан қашып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған Жерұйықты іздеп жөнеледі. Ойлап қараңдар: жылдар-жылдар тырнақтап жиған көз құртты – азғантай малынан айрылғалы тұрғанын сезгенде Олжабектің көкірегіне дерт құйылып, тұла бойы қызғаныштан удай ашиды – тас қияны паналап, айдалаға безіп кетеді. Ал, дәл осы кезде Россия орталығында Никита Моргунок, шалғайдағы қара қазақ Олжабектей, еркіндік іздеп қаңғи жөнеледі. Олжабектің көрген күні қараң: әйелі мен баласынан, қызғыштай қорыған «байлығынан» айрылған, бандының талауына түскен, өлімші болып сабалған Шығанақ ел ішіне қайта оралып, қызу еңбек еткен сүттей ұйыған абзал жандар ортасынан құтты қоныс, бақыт табады. Сөйтіп, жазушы сайы мен саясы мол өмірді, қаға берісі мен қалтарысы көпт адам тағдырын бар болмысымен тұтастай ашады.

Романның бас қаћарманы – Шығанақтың өмір жолы — адам деген ардақты атты, түсте көрген арманын, бақытын еркін еңбек, қосқан өмірден тапқан қазақ кедейінің жолы. Шығанақтың тағдыры да жеңіл емес. Тағатсыз ой шырмауы, тынымсыз еңбек, ел қамы, жер сәні – кәрі тарланды күрке босағасынан тұрмыс шыңына көтерген рухани кеңістігі. Кешегі қара табюан тақыр кедей – бұл күнде төңірекке азаматтық биік мұнарадан көз жібереді, ол өмірдің қадір-қасиетін, өз борышын түсінген жан. Шығанақ бұл күнде – арамдыққа душар болса, табан тіреп қарсы тұрар, адалдық үшін жанын қияр азамат. Өмір теркісін жұмыр басы жетерліктей көрген ел атасы – Шығанақ өзінің, өзі сияқты еңбек сүтін емген шымыр білек жандардың өмірдегі ізгі орнын әбден ұққан: адамды (Олжабекті) өзгерту, құлазыған шөлейт даланы құлпырту, өмірді сәндеу өз қолының ісі екенін жақсы түсінген.

Миллиондаған ауыл шаруасының өмір жолы — өз мүлкіне деген санасының өзгеруі оңай болмаған. Жазушы табиғатты өзгертуші бейбіт еңбек адамын жырлай отырып, өмірге нәр беріп, адамның өзін жаңғыртатын жасампаз еңбекті дәріптейді.

Егер Олжабек соқпағы колхоздастырудың аоашапқынын қамтыса, романның негізгі оқиғасы – екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы еңбек адамының ерлігі. Барлық оқиғаның ортасында – «ақ тарының атасы» Шығанақ Берсиевтің өмірі мен ерлігі, әлемді таң қалдырған рекорды. «Шығанақ бейнесін, – деп жазды Мұхтар Әуезов, – жазушы халық бойындағы даналық қасиеттің жаңа сападағы бір үлгісі, өнегелі адам сипаты етіп, көтере көрсеткен .Соғыс жылдарында сусыз сараң сахарада ғажайып мол егін — өнім алған еңбек даналығын келісті ғып көрсете білген. Шығанақ бейнесінде еңбек таразысын танытатын өзі дана, барынша адал пейілді адам бейнесі жақсы сипатталған.» Шығанақтың тұлғасы мен ерлігі әлем жұртшылығының назарын аударды. Атақты неміс ақыны Бартольд Брехт арнаулы поэма жазды. Қызығы мол, қиындығы сан алуан аға ұрпақ тағдырын, нұрлы келбетін қаламгер қастерлей бейнеледі.Біз бір сәт диқан қарт Шығанақпен бірге Ақтөбе жазирасының жусан иісімен сергек тыныстап, жылы топырақты уыстап тұрып: «Дән себер сәт туды!!» деп, дәл басып, кесіп айтып, туған жердің қадір-қасиетін зердесіне тоқи білген көне көз еңбек адамының келбетіне, шуақ көңіліне сүйсіне қарасақ, енді бір сәт Александр Твардовскийдің Никита Моргунок, немесе Михаил Шолоховтың Кондрат Майданниковіне ұқсап азын аулақ жиған-тергенін қызғыштай қорғап, ит арқасы қиянда қалбалақтап бара жатқан Олжабектің де көкірек күйін түсінеміз.

Шығанақ тұлғасының халықтық сипатын, типтік қасиетін терең ашқан ұлы Мұхтардың сөзі мейлінше ақиқат: «Геройдың — (Шығанақ) ішкі-тысқы сын-сыйпаттарын алып суреттейді. Адамның ішкі cезімдері, ой толғау, қажырлы арманы халықтық кең қызықты мінездер ретінде әдемі үйлесіп, тұтаса қалыптасқан». . Тағдыры да, қимыл-қарекеті де қилы-қилы аға ұрпақ — әкелеріміз Шығанақ пен Олжабек өз замандасының типтік қасиетін бойына топтастырған мәнді, жанды бейне. Олардың өмір жолы, мінез құлқы шыққан ортасына, топырағына сай. Сүйіп-сүйсініп отырып, жазушы оларды киіз байпақ, саптама етігімен — сол өмірдегі өз қалпымен суреттейді. Ұлттық сипатпен бірге олардан адамгершілік асыл қасиеттің қалыптасуын көреміз. Жаңарып, қайта туған Шығанақ, Олжабек бейнелері Отанға деген қуаныш сезімінің, сөнбес махаббаттың көркем сөз кестесіне түскен ескерткіші іспетті.

Соғыстан кейінгі халық шаруашылығы мен әдебиетіне арналған «Миллионер» повесінде ауыл еңбекшілерінің рухани-әлеуметтік келбеті кеңінен бейнеленген. Колхозды ауылдың жаңа кезеңін суреттейтін «Миллионер» повесі «Шығанақ» романының заңды жалғасындай: тақырып – біреу, кейіпкерлер – жүйелес, бірақ уақыт жағынан екі кезең суреттелген. Жаңа уақытқа сай жаңа әуен-бояумен әрлендірген «Миллионер» ауылдың келешегін паш етеді, жаны сұлу адамдар жырланады. Кезінде сыншылар: шығарманың негізгі тартысы Жомарт пен Жақып жоспарына байланысты еді деп, – талданған-ды. Бұл дұрыс та, бірақ бұл тартыс күрделі әлеуметтік- қоғамдық құбылысы ашуға дәнекер ғана. Өйткені осынау тартыс үстінде жас қауымның ой шеңберінің керемет өскенін, жаңа көзқарасты азамат болып қалыптасқанын, жаны таза, адамгершілігі мол жандар екенін көреміз. Кейін «Миллионер» шет тілдердің тіліне аударылғанда шығарманың осы жарқын рухы жоғары бағаланған-ды. «Миллионердің» кейіпкерлері – талғамы биік, cезімтал жандар, олар өмірдің сұлу табиғатын, терең түсінеді, өмірді халықтық тұрғыдан бағалайды. Егер «Шығанақ» романындағы Олжабектер: «Қайтсем, өмірден опық жемей, жылы ұя табам!» деп жеке басының қамын ойлап жанталасса, «Миллионердің» кейіпкерлері: «Қайтсем, еліме, жұртыма септігім тиеді» деп, алдарына мақсат қояды.

Мұстафин қиялдағы сүттен ақ, қардан таза кейіпкерлерді емес, қарапайым күнделікті өмірдегі өзіндік қайшылығы бар, бірақ әрқашанда адамгершілік өреден табылатын адал жандарды үлгі тұтады. Ақ тілекті Жомарттар Саттар Ерубаев («Менің құрдастарым») хикаятының сүйікті кейіпкерлері Рахмет, Лизамен мінездес, cипаттас. Адамға тән қайшылық «Миллионер» повесінің бас арнасына айналған. Қыстың боранына, ыстығына шыдап, ауылдың өсіп-өнуіне көп үлес қосқан Жақып сол қол жеткенге қанағаттанып, өмірдің ағымына ілесе алмай қалады. Ізденбеу, жаңалыққа талпынбау – өмірлік үлкен кемшілігіне айналып, кешегінің келте пішілген кесімінен аса алмай қалады. Туған елдің келешегін ойлаған Жомарт ойының өресі биік ауылды жаңа белескеілгерілете түсуге ықпалын тигізбек. Демек, жазушы екі түрлі ой-cезім төңірегіндегі тартыс арқылы қоғамдық-әлеуметтік, адамдық мәселе қояды. Соғыстан кейінгі ауылдың даму жолы өзінің табиғи, күрделі қалпында, екі түрлі көзқарас – екі түрлі жоспар арқылы суреттеледі.

Әрине, қазіргі көркпмдік және саяси-қоғамдық биіктен қарасақ, жазушы шығармаларына бірталай мін тағар едік. Өмірдің кейінгі дамуы көп жағдайда аға жазушының сеніміне, арман-тілегіне қайшы келеді – ол қызыл идеологиялық заманның иірімі мен қайшылықтарын, болашақтың бағыт-бағдарын толық болжай алмады. Әйтсе де адамгершілікті аңсаудан, сәулетті де дәулетті өмірді армандаудан туған. «Миллионер» повесі – өзінің кіршіксіз тазалығымен, мөлдір сезімімен уақытында жұмыр жердің талай бұрышынан оқырман тапқан шұғылалы шығарма. Қаламгердің қаламынан жаратылған ізгі тілекті, рухани дүниесі тап-таза еңбекқор да қарапайым кейіпкерлері оқушылар көңіліне әлі де абзалдықтың нұрын шаша берері хақ. Ал шындықты ту еткен жазушының шығармалары сол заманның айшықты бейнесі ретінде, қазақ қара сөзінің классикасының сол бір замандағы үлгісі ретінде сақталып қалары анық.