Жырлаймын ұстаз өзіңді

0
924

1-жүргізуші:

Міне, жадырап жаз өтіп, алтын күз де келіп жетті. Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім-ақ сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен елестетеді. Жаңа оқу жылымен қатарлас келетін Мұғалімдер күні де күздің үлесіне тиіпті. Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әріп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя – мектебін әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырады.

Олай болса, мұғалім бақыты – шәкірт құрметі.

2-жүргізуші:

Құрметті ұстаз қауымы! Сіздерді қазан айында аталып өтетін Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздердің бала көңілдеріңіз əр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт ұстазымен мақтанады. Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сəттілік тілейміз

1 – жүргізуші
Армысыздар, ұстаздар, асыл жандар,
Шуақ болып көңілге шашылғандар!
Білім беріп біздерге талмай, тынбай,
Ғылым, ілім, оқуға шақырғандар!

2 – жүргізуші
Данышпан да, дана да оқып сенен,
Атақ – даңқын асырды бар әлемнен.
“Ұстаз” деген аяулы, асыл жанды,
Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең!

Екі жүргізуші бірге: «Мерекелеріңіз құтты болсын!»

1-жүргізуші: Бүгінгі шарамыздың шымылдығын ашып беру үшін Тағыл селолық округінің әкімі Сундеталин Сағымбай Қасенұлына сөз береміз.

2-жүргізуші: Келесі құттықтау сөз мектеп директоры Халикова Балдырган Баянқызына беріледі.

1 – жүргізуші: Ұстаздарды төл мерекемен құттықтау үшін келген ардагер ұстаз, аудандық маслихатының депутаты, жеке кәсіпкер Сакауов Қаду Оразбекұлына сөз беріледі.

«Менің ұстазым» әнімен Мадиева Жанна және Дуйсенова Мариямды қарсы алыңыздар.

2-жүргіуші: Сен қалай ойлайсың, Сәулет? Менің ойымша, кез-келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі ұстаздық-өнер, тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез-келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек.

1-Жүргізуші: Әдемі, мен осы сөзің дәлелді бола түсу үшін мына жыр шумақтарын қосайын.

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы –

деп ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, біздің мектебімізде сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Әрине, ұстаз жүгі–ауыр жүк. Адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!

2-Жүргізуші: Ендеше,

Ұрпақпен өмір жолы жалғанады,
Көңілді күндер тусын алдан әлі
Ән-шашу әсем әуен, түрлі өнер,
Бүгінгі күн сіздерге арналады.

1- жүргізуші
Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.

2-жүрг. Әдемі, екеуміз ұстаздар туралы нақыл сөздер айтып жарысып көрсек қайтеді?

1-жүргізуші: Ал ендеше баста.

2-Жүргізуші: «Ұстаз болу-өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау»,

1-Жүргізуші: «Ұстазға қарап шәкірт өседі»

2-Жүргізуші: «Аспаз көрген ат таныр, ұстаз көрген хат таныр»

1-Жүргізуші: «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла»

2-Жүргізуші: «Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы»

1-Жүргізуші: Аружан, екеуміз Ұстаз туралы қанша мақтау сөз айтсақ та тауыса алмаспыз. Ендеше, қымбатты ұстаздар, шәкірттеріңіздің өздеріңізге арналған өлең-шумақтарына кезек берелік.

1-оқушы:
Әр сабағың өтіп жатыр білінбей,
Перне басқан оркестрдің үніндей
Әр баланың жүрегіне жол тауып,
Тұрасың сен, дирижер боп күлімдей.
Әр сабаққа кіресің сен сыйынып,
Жыр оқисың нөсер болып құйылып
Қас-қабағын қалт жібермей шәкірттің,
Қарайсың-ау нұр жүзіне сүйсініп
Жалын атып, от боп, бірге жанасың,
Білім беріп, содан бақыт табасың
Бар өмірің өрнектеліп баламен,
Жасарып бір мәңгі жас боп қаласың.

2-оқушы:
Мұғалімді анамдай жақсы көрем,
Қиналамын қымбат теңеу таба алмай
Өз баласын тастап кетіп үйіне,
Ел баласын оқытады, ой Алла-ай.
Мұғалімді жақсы көрем сезімтал,
Үлгі етемін өнегелі сөзін бал
Мұғалімнің мұғалімін танимын,
Көкіректе көретұғын көзім бар.

3- оқушы
Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.
Ұстазыңды түсінген сен тереңнен,
Бар әлемге еңбегімен еленген.
Сенің бағың өрге қарай өрлесе,
Ол да бірге қуанышқа кенелген.
Сол арқылы сен де өмірді жалғадың,
Ізгі іс қой, ұстаз тілін алғаның.
Мақтау алсаң ұстаздардың алдында,
Ол өзіңнің орындалған арманың.
Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып.
Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы,
Қасиеті бас иелік мәңгілік!

4-оқушы

Сәлем бердік ұстаздар баршаңызға,
Сіздермен тола берсін ортамызда.
Бүгінгі ел басқарған азаматтар,
Білім алған сіздердің арқаңызда.

Бүгінгі күн құшақтарың гүлге толсын,
Дендеріңнің саулығы мықты болсын.
Білімменен суарған шәкірттерін,
Төл мерекең ұстаздар құтты болсын!

Ұстаздарым биік тұлға байсалды,
Құшақ жайып өз мерекең қарсы алды.
Қуанышты жарқын тілек білдіріп
Құттықтаймыз, ұстаздарым баршаңды.

2 жүргізуші: «Ұстаз» ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.

1 жүргізуші: Ия, ұрпаққа айтар ақылы, көрсетер өнегесі бар, аналық, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі бар аға ұрпақ өкілдері, мектептің жүрегі ардагер ұстаздарымыз ортамызда отыр.

2- жүргізуші: Құрметті Қаду ағай және Бөпежан апай қош келдіңіздер, мерекелеріңіз құтты болсын. Өткен жолдарыңызға көз жіберіп, еске ала отырып, өздеріңізге сұрақ қоюға рұқсат етіңіздер.

1 сұрақ: Ұстаздық өмірге қалай келдіңіз? Жүрек қалауымен бе, әлде осы мамандықты таңдауға себепші оқиға немесе бір жағдай болды ма?

2 сұрақ: «Ұстаз болу жүректің батырлығы» дейді, осы ұстаздық қызметті таңдауда батырлықпен қатар қандай қасиет адам бойынан табылу керек деп ойлайсыз?

«Ұстазым» орындайтын 5 сынып оқушылары.

1- Жүргізуші:
Қазақта жақсы сөз бар, «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деген, ендеше сахна төрінде ұстаздар мен ойын ойынайық.

Астрономия ойыны (әр топтан бір мұғалімнің көзін байлап, айналдырамыз. Сосны мұғалім орындықты тауып отыру керек, басқа топ мүшелері оған айтып отырады (оңға, солға т.с.с.)

2-жүргізуші:

Мұғалім демекші, балалар, осы апайлар мен ағайлар сіздерден әр жылдың соңында қорытынды емтихан жұмыстарын алады емес пе?! Маған бір ой келіп тұр. Осы сәтті пайдаланып біз де ұстаздарымыздан сынақ алайық. Ендеше әр ұстаз мына шарларға салынған билеттерден алып, сол билетте жазылған сұрақтарға жауап берсін.

Емтихан ойыны

1. Сіздің ең алғашқы махаббатыңыз нешінші сыныпта болды?
2. Сабаққа кешігіп келген күндеріңіз болды ма?
3. Түрік сериалдарын үзбей көресіз бе?
4. Агентке аптасына неше рет кіресіз?
5. Сіздің ең жақын досыңыз бар ма?
6. Бір ән орындап беруіңізді сұраймыз.
7. «2» деген бағаны алып көрдіңіз бе? я болса, не үшін?
8. Сабақта анекдот айтқан кездеріңіз болды ма?
10. Сыныпта сіз үшін ең сүйікті оқушы болу керек пе?

11. Сабақта ұйықтап қалған оқушыны оятасыз ба?

12. Ата-аналарға балалардың тәртібі туралы хат жазасыз ба?

13. Сабақ үстінде ұйықтап қалған кездеріңіз болды ма?

«Егіз лебіз» Мырзабаев Сәулет және Кенжегулова Гульсум

1-жүргізуші:

Ұстаз-шәкірт алдында сыйлы адам. Ұстаз жайлы айтылар сыр да, жыр да көп. Ұстаз сенімін ақтау-адамгершіліктің белгісі. Мұғалімнің жүрегі соғып тұруы үшін: жауаптылық, қажырлылық,, білімділік, жүректілік, сүйіспеншілік, сабырлылық керек екен

2-жүргізуші:

Асыға сәлем жолдап жүректен біз
Бірге өсіп ен жайлаған ұл менен қыз,
Тәтті күй, асқақ ән мен әсем биді,
Сіздерге тарту етіп ұсынамыз,-дей келе алдарыңызда мектебіміздің оқушылары, қарсы алыңыздар.

1. Бектенбетов Райымбек «Бол жанымда»

2. Байкунов Нургожа «Ерке сылқым» күйі

3.Мадиева А., Усербаев Д., Усербаев И. «Үнді биі»

1-жүргізуші:

Осымен бүгінгі мерекелік шара аяқталды. Шарамызды халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлының сөзімен аяқтағымыз келеді: “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”

1-2 жүргізуші: Мерекелеріңіз құтты болсын! Ұстаздар мерекесіне арналған салтанатты жиынымызды жабық деп жариялаймыз!