Ұзын – қысқа. Биік – аласа. Кең – тар.

0
1526

Сабақтың тақырыбы: Ұзын – қысқа. Биік – аласа. Кең – тар.

Сабақтың мақсаты: 1.Білімділік: «ұзын -қысқа», «биік-аласа», «кең -тар» ұғымдарын қалыптастыру;

2.Дамытушылық: көрсетілген белгілері бойынша заттарды салыстыру дағдыларын дамыту.

3.Тәрбиелік: ұқыптылыққа, тапқырлыққа тәрбиелеу.

Сабақтың әдісі:

Пәнаралық байланыс: Дүниетану.

Сабақтың барысы: І . Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық

Көтеріп шаңырақ,

Керегелер керіліп.

Өрімдей болып өріліп

Киіз үй боп көріндік.

ІІ. Тірек білімдерін жетілдіру.

Ауызша есептеуге заттарды санауға, тапсырма бойынша заттар тобын арттыру және кемітуге, дыбыстарды санауға, өзара сәйкестікті қоюға (қарындашты үстелге неше рет тақылдатсан, сонша шаршыны қой; мен неше рет санасам, сонша рет еңкей, т.б.) жаттығулар беріледі. «Неше рет?», «Пойыз құрастырайық», «Эстафета», «Зейін сал» сияқты ойындарды ойнатуға болады.

Ауызша есептеуге заттарды әртүрлі белгілері бойынша салыстыруға арналған жаттығуларды енгізу маңызды («Артық затты тап», «Заттардың қандай айырмашылығы мен ұқсастығы бар?»).

IІІ. Жаңа материалмен таныстыру.

Жаңа материалмен таныстыруды практикалық жұмыстан бастауға болады. мұғалім ені кең және тар 2 түрлі таспаны көрсетеді; «Таспаларды салыстырын-дар. Ені тар таспаның түсі қандай? Ені кең таспаның түсі қандай?»

Мұғалім ұзындығы, ені бойынша әртүрлі 3 жолақ қағазды (ені тар, ұзын жасыл жолақ: ені кеңірек, ұзындығы орташа қызыл жолақ: ені кең ұзын сары жолақ) көрсетеді де, тапсырма береді: «Егер ені тар жолаққа қарағанда ені кең, бірақ ең ені кең жолаққа қарағанда ені тар болса, ол жолақтың түсі қандай? т.б.»

ІV. Оқулықпен жұмыс. №1 суретпен жұмыс істей отырып, мұғалім балаларды ұзындығы, ені бойынша салыстыруға үйретеді. Алғашқы рет оқушыларға қарапайым ой қорытындысын жасау ұсынылады: «Егер шалбар ұзын болса, онда шолақ шалбар …..(қысқа)».

№2 тапсырма бойынша тіл дамыту жұмысын ұйымдастыруға болады («ұзынырақ – қысқарақ, биік – аласа, кең – тар» сөздерін қалыптастырып, сурет бойынша сұрақ қойғызу).

№3 тапсырма көзбен шамалай алуларын, зейіндерін дамытуға бағытталған.

V.Сергіту сәті

Құстай болып ұшамыз

Қанатты біз қағамыз.

Ұлу болып жорғалап,

Өсімдікке қонамыз.

Қане енді тұрайық

Қолымызды созайық.

Қанат қағып ұшайық.

VI.Дәптермен жұмыс 10 -12бет

№1 тапсырманы ауызша талдап алғаннан кейін дәптерлеріне орындайды.

№2 тапсырма бойынша фигураларды пішіні, түсі, мөлшері бойынша салыстырады. Фигураны, оның қасиеттерін дұрыс атап, төрт қоршаудағы осы фигураларды тауып, бояйды .

№3тапсырма балаларды жазуға дайындауға арналған. Мұғалім торкөздерге қалай жазу керек екенін тақтада жазып көрсетеді.

№4 тапсырма. Оқушылар кестенің қарапайым түрімен алғаш рет кездеседі.

Кестенің бағаны , қатары болатынын түсіндіру қажет. Кестемен дұрыс жұмыс істеуге үйрету үшін мынадай сұрақтар қойылады:

-Екінші бағанның екінші қатарында үй орналасқан. Шатырын қандай түспен бояу керек? Қабырғасын ше ?

-Екінші қатардағы үйлердің шатыры көк болуы керек болғандықтан, шатырын көк түспен бояймыз …

VII.Сабақтың қорытындысы.

-Бүгін қандай тақырыппен таныстық?

-Сабақта не істедік?

-Қандай тапсырма қиын болды?

VIIІ. Жақсы жұмыс істеген оқушыларды мадақтау.