Тынық мұхиты

0
1417

Сабақтың мақсаттары:

1. Білімділік: Оқушыларды Тынық мұхитымен таныстыру, оның ерекшеліктері мен маңызына тоқталу.

2.Дамытушылық: Оқушылардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін, танымдық белсенділіктерін ояту, шығармашылықтармен жұмыс істеуге дағдыландыру.

3. Тәрбиелік: Оқушылардың басқа елге, жерге, мемлекеттерге деген көзқарастарын біле отырып, елін, жерін, табиғатты аялайға, қорғауға, бірін-бірі сыйлауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Жаңа сабақ

Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, түсіндірмелі

Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы: Карта, оқулық, қосымша материалдар, суреттер.

Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту

Үй тапсырмасын сұрау:

Жаңа сабақты түсіндіру:

Тынық мұхит – д.ж-гі ең үлкен және ежелгі мұхит. Тынық мұхит тек үлкендігімен ғана емес, мұхит табанындағы жер қыртысының өте күрделілігімен, жиі қозғалғыштығымен, өте тереңдігімен, жанартау атқылау мен жер сілкіну құбылыстарының жиі байқалуымен, суында жылу қорының мол болуымен, аралдардың көптігімен, тіршілік дүниесінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді.

Географиялық орны. Тынық мұхиттың негізгі бөлігі батыс жарты шарда, экватордың екі жағын ала орналасқан. Ол Африкадан басқа материктің барлығын шайып жатыр. Мұхиттың әсіресе Еуразия материгін шайып жатқан бөлігінде жағалау өте күшті тілімденген: мұнда жағалық теңіздер мен ірілі-ұсақты шығанақтар, бұғаздар өте көп. Олардың көпшілігі материктік қайраңда орналасқандықтан онша терең емес. Ал кейбір теңіздер литосфералық плиталардың жымдасу аймағында орналасқандықтан өте терең және мұхиттан аралдық доғалар арқылы бөлініп жатыр.

Зерттелуі. Тынық мұхит табиғатын нақты, ғылыми тұрғыдан зерттеу тек екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін ХХ ғасырдың екінші жартысында басталды. Экспедициялар негізінен Дүниежүзілік мұхит мен материк арасындағы өзара байланыстарды зерттеу мақсатында ұйымдастырылды.

1957 жылы Ресейдің «Витязь» ғылыми-зерттеу кемесі Тынық мұхитта зерттеулер жүргізіп, оның ең терең бөлігі – Мариана шұңғымасын ашты. Қазіргі кезде Тынық мұхит табиғатын зерттеу арнайы құрылған халықаралық ұйымның басшылығымен жүргізілуде.

Табиғаты. Тынық мұхит ең ежелгі мұхит, ол түгелдей дерлік Тынық мұхит литосфералық плитасында орналасқан. Мұхиттық плитаның көршілес жатқан материктік плиталармен жымдасқан жері мұхит табанының өтпелі аймақтарына сәйкес келеді.

Мұхиттағы пасаттар басым болатын экватор бойында жылдық жауын-шашын мөлшері 2000 мм-ден кем болмайды. Тынық мұхиттың солтүстік-батысындағы Еуразия жағалауында муссондық циркуляция күшті байқалады. Жазғы муссон материк жағалауы мен аралдарға мұхиттан мол ылғал әкелсе, қыста материктен соғатын суық, әрі құрғақ муссон қоңыржай белдеудегі жағалық теңіздердің ұзақ уақыт қатып жатуына себепші болады. Ал сол ендіктердегі ашық мұхитта судың беткі температурасы әлдеқайда жоғары болады. Осы жағалаудағы тропиктік белдеуде жаздың аяғы мен күздің басында қысым айырмашылығы әсерінен қалыптасатын тайфундар байқалады. Ал қоңыржай белдеулерде жылдың салқын мезгілінде батыс желдерінің ықпалы күшейеді.

Тынық мұхиттың өсімдіктер мен жануарлар дүниесі өте бай және алуан түрлі болып келеді. Олардың басқа мұхиттардағы тіршілік дүниесінен басты айырмашылығы – өте ежелгі және алып түрлердің көптеп кездесуі. Бұл ерекшеліктер мұхит суының көлеміне, табиғат жағдайларының алуан түрлілігіне байланысты. Тынық мұхитта басқа мұхиттарда кездеспейтін балықтарлың өте ежелгі түрлері, теңіз кірпілері, семсерқұйрық, теңіз мысығы, теңіз құндызы, теңіз қабыланы сақталып қалған. Өте бағалы албырт балық түрлерінің 95%-ы Тынық мұхиттың Еуразия жағалауында тіршілік етеді. Осы маңда суық және жылы сулар араласатындықтан минтай, камбала, майшабақ, таңқышаяндар көп ауланады, жалпы тіршілік дүниесіне өте бай.

Жаңа сабақты бекіту:

Тынық мұхит табиғатының басты ерекшеліктері қандай?

Тынық мұхиттың қай аудандарында теңіз дауылдары соғады?

Тынық мұхитқа ғана тән жануарлардың түрлерін атаңдар.

Тынық мұхитты адамдар қандай қажетіне пайдаланады?

Қорытынды: Қорытындылай келе, Мұхит байлықтарын ретсіз пайдалану, сулардың мұнаймен, радиоактивті қалдықтармен ластануы соңғы жылдары белең алуда. Әсіресе, өнеркәсібі күшті дамыған елдер орналасқан жағалауларда ластану дәрежесі жоғары. Ластанған сулар ағыстармен бүкіл мұхит айдынына таралады, тіпті Антарктика жағалауындағы жануарлардың денесінен зиянды заттар табылған. Тіршілік ортасының шамадан тыс ластануынан және шектен тыс аулаудың нәтижесінде ерекше теңіз жануарлары – су сиырлары жойылып кеткен. Қазіргі кезде теңіз мысықтары мен киттердің санының азаюына байланысты оларды аулауға тыйым салынған.

Үйге тапсырма: §57-оқуға. Кескін картаға түсіріп келу.