Қошке Кемеңгерұлы

0
1608
шрифт

Қошке Кемеңгерұлы

Білім мен білікке ұмтылған Қошке Кемеңгерұлының тағдыр-талайы зиялыларымыздың жарқын ғұмырымен қат-қабат байланысып жатыр. Ол 1915 жылдан бастап 1930 жылға дейін үзіліссіз ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосты. Осы уақыт аралығында Қошке өз қатарластарымен бірге отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күреске қатысты. Оның сан салалы ізденіске толы ұлтты дамыту жолындағы қызметін 30-жылдары басталған Кеңес өкіметінің репрессия науқаны үзді.

Қошке Кемеңгерұлы 1896 жылы 15 шілдеде сол кездегі территориялық бөлініс бойынша Ақмола облысы, Омбы уезінің Қаржас ауылында дүниеге келді. Ата-бабасы мұнда Баянауылдың Сарытауынан қоныс аударған болатын. Деректерге қарағанда, Шорман би “Омбыға барғанда тамақ ішетін, намаз оқитын жерім жоқ” деп, баласы Мұса оқыған кадет корпусы көрінетін Ертістің сол жақ бетінен 250 сомға жер сатып алып, сол жерге 1849 жылы сенімді ағайыны Атанұлы Кемең­герге, өзіне арнайы үй салдырып, қызметшілері үшін тұрғын жай, малы үшін қора-қопсы тұрғызады.

Кемеңгер Дүйсенбай, Дүйсебай есімді екі ұл сүйген. Дүйсебайдан тарайтын Қош­мұхамбет есейе келе қалам ұстағанда, жазғандарына “Қошке Кемеңгерұлы” деп қол қояды. Ата атын қадірлеу – қазаққа етене тән дәстүр. Сондықтан ХХ ғасыр басында “ұлы” деген қосымша бүгінде біз арыла алмай жүрген орыстың “ов” жалғауының орнында қолданылған.

Діндар Дүйсебай ерте жастан хақ жолына түсіп, бойдақ күнінде-ақ Меккеге барып келіп, қажы атанады. Осы қасиетті Меккеге барарда ол Атығайдың беделді мырзасы Қартабаймен сапарлас болады. Жас Дүйсебайды Қартабай қатты ұнатып, елге келгенде оған Жәмила есімді қызын өз қолымен ұзатады. Сонымен болашақ қаламгер көзі ашық, ауқатты, берекелі отбасында туып, жан-жақты тәрбие алды.

Қисықтағы Қаржаста Белгібай молдадан оқыған Қошкені әкесі Омбы приход школына береді (Бұл кезде мұсылманша оқу орны – мектеп, медресе, орысша оқу орны – школа, училище аталған). Алғаш христиан дініне тарту үшін ашылған приход школдары мұсылмандардың ниетін аңғарғаннан кейін олардың балаларын “Божий Закон” сабағынан босатқан-ды. Жас Қошке осы школдан орыс тілін, басқа да пәндердің негіздерін үйреніп шығады.

Мұнан кейін Қошке Омбының ветеринарлық-фельдшерлік школына түседі. Арнаулы оқу орны болғандықтан мұнда ол зоотехника, медицина негіздері бойынша сабақ алады. 1913 жылы аталған школдың 2-класын бітіргенде, Омбы ауылшаруашылық училищесіне түсуге аңсары ауады. Осы жылы аталған білім ордасына Қошкемен бірге Ахмет Әбдірахымұлы, Смағұл Қазыбекұлы, Мұхтар Саматұлы сынды шәкірттер де түседі. Бұлардан бір жыл бұрын училищеге Сүлембек Байжанұлы, Бірмұхамед Айбасұлы, Асфандияр Шорманұлы секілді қазақ балалары қабылданған екен. 1916 жылы бұл оқуға Смағұл Садуақасұлы түседі.

Қошке бастаған Омбы шаһарындағы оқуға ұмтылған шәкірттер Алаш жастарының бір жерге ұйысып, топтасуына мұрындық болған тәрізді. 1915 жылы Омбыда “Бірлік” атты қазақ жастары ұйымының құрылғандығы, оның 1916-1918 жылдары шыққан “Балапан” атты қолжазба журналына Қ.Кемеңгерұлының редакторлық жасағандығы бұл ойымызды шегелей түседі. Қошкенің халыққа танылуына себепші “Айқапта” 1915 жылы шыққан бірнеше өлеңі мен осы “Бірлік” пен “Балапандағы” қызметі еді.

Бір кездері Ресей империясының аумағын кеңейте беру үшін қазақ жеріне сұғына салынған Омбы өз заңдылығымен өркендегені мәлім. Жалпы Омбыда ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Алаш оқығандарының екі толқыны саясат һәм руханият әлеміне қанат қақты.

1917-1918 жылдардағы саяси оқиғалар тұсында Қошке сергелдеңге түскен халық пен оқығандардың ішінде жүрді. Бұл кезде заман қатал, саясат құбылмалы еді. Осыған қарамай Алаш зиялылары сеңдей соғылысқан жұрттың арасынан бөлінбей, мәмілегерлік жолын іздеді. 1917 жылы сәуірде Қошмұхамбет Кемеңгерұлы Дінше Әділұлын ертіп, Ақмола облыстық қазақ комитеті атынан (Омбыдан) Ақмола қаласына келіп, уездік қазақ комитетін ашады. Оның төрағасы болып Сәкен Сейфоллаұлы тағайындалады. Қазақ комитетін құрушылар Ақмола шаһарында бірде медреседе, бірде қала басқармасының үйінде жиналып, аласапыран заманның қиындығынан халықты қалай аман сақтап қалу жолын ақылдасады.

Қошке Ақмолада Сәкен ұйытқы болған “Жас қазақ” ұйымының жұмысына да қатысады. Бірақ облыстық қазақ комитеті мен уездік қазақ комитеті арасындағы кейбір маңызды мәселелер бойынша туған келіспеушіліктен соң және “Жас қазақ” басшылары Алаш Ордадан бойын аулақ салғаннан кейін 1917 жылы тамызда Қошке Омбыға қайтады. Сол жылы күз, қыс айларында Қ.Кемеңгерұлы Ақмола облыстық Алаш партиясы комитетін ашуға күш-жігер жұмсайды. Сөйтіп, өзі сол комитеттің мүшесі болады. Желтоқсанның 5-13 арасында Орынборда әйгілі Алаш Орда үкіметін жариялайтын ІІ жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысады. Жас тұрғысынан жиырмадан енді асқан ол күрестен де, ізденістен де шет қалмады.

1915-1916 жылдары Омбыдағы қазақ жастары сол жағалаудағы Қаржаста жасырын жиналатын болса, 17-жылғы өзгерістен соң қала ішінде ашық мәжіліс құрды. Алғашқы бас қосулардың нәтижесі – 1918-1919 жылдары Алаш Ордаға қалтқысыз жәрдем берген, ел бірлігі мәселесінде біршама тиянақты жұмыс жасаған “Жас азамат” ұйымы мен газеті еді. Қошке осы ұйымның алқасына кірді, оның Қызылжар қаласында шығып тұрған үні – “Жас азамат” газетіне редактор болды. “Қазақ”, “Сарыарқа”, “Абай” сынды ұлттық басылымдардың ізбасары іспеттес “Жас азамат” бетінде алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған мақалалар нөмір құрғатпай шығып тұрды. Бұл газет большевиктердің имансыз әрекеттерін елге жария қылды. Сондай-ақ қиын кезде жастарды ауызбірлікке шақырды.

1919 жылы Қошке Омбы политехника институтына оқуға түседі. Мұнда ол бірінші курсты ғана оқиды. 1920 жылы Ақмола облысына (орталығы – Омбы) қарайтын Петропавл (Қызылжар) уезіне мұғалімдікке шақырылады. Мұнда ол жаңадан құрылған, аты заманына сай “Қызыл мұғалімдер курсында” оқытушы ретінде дәріс оқи бастайды. Бұл шақта мұнда Мағжан да сабақ беретін. Осы оқуды тәмамдаған, кейін Омбыдағы қазақ педучилищесінің директоры болған Жүнісбек Жанғонақов естелігінде: “Курста 200 мұғалім оқыды. Қошмұхамбет жаратылыс пәнінен сабақ берді. Ол кісі әдебиет мәселесімен де шұғылданып жүретін еді. Қайсы уақытта өзінің жазған әңгіме, пьесаларын қолжазбасынан оқитын”, — деп жазады.

Қызылжар қаласында Қошкенің драматургтік қабілеті де ұштала түсті. Осыған дейін “Әулие тәуіп” секілді пьесасын сахналатып үлгерген Қ.Кемеңгерұлы енді бұл саладағы шығармаларының тақырыбын кеңейтті. Оның қаламынан 1919-1920 жылы “Қасқырлар мен қойлар”, “Бостандық жемісі” атты қос пьеса дүниеге келді. Бұл екеуі де Қызылжардағы қалалық бақтың сахнасында қойылды. Ж.Жанғонақов 1916 жыл оқиғасы туралы “Қасқырлар мен қойлар” пьесасында өзі – урядник рөлін, ал кейін жазушы болған Сәбит Мұқанов – болыстың шабарманы рөлін ойнағанын айтады.

1920 жылы 7 желтоқсанда Қазақстанның Сібір ревкомындағы өкілеттігі Сібір ауылшаруашылық және өндіріс институтының басшылығына Қ.Кемеңгерұлы мен М.Сейітұлын ветеринария факультетінің медицина бөліміне курстан тыс қабыл­дауын өтініп, арнайы хат жолдайды. Қошке осында оқып жүргенде аталған институт аты “Батыс Сібір мемлекеттік медицина институты” болып өзгереді. Бұл уақыттағы мекені туралы қаламгер: “Әке-шешем Омбы уезі, Теке болысы, Қисық жайлауындағы №9 ауылда тұрады. Менің қазіргі мекен-жайым: Омбы қаласы, 2-линия, 68-үй”, — деп жазады.

1923 жылы институт анкетасына қайтарған жауабында Қошке “Бостандық туы” газетінің қызметкері болғанын айтады. Дерек көздері “Бостандық туы” – Омбыда шығып тұрған “Кедей сөзі” газеті жабылғаннан кейін, 1921 жылы 19 наурыздан бастап жарық көргеніне куәлік береді. Бұл газеттің Омбыда 5-6 саны ғана шыққан. 1921 жылдың ортасында Ақмола облысы Қазақстанға қарағаннан кейін газет Қызылжарға көшірілген. Олай болса, қаламгер Омбыдан газетке тілші есебінде қатынасқан.

1923 жылдың көктемінде Қ.Кемеңгерұлының жеке өмірінде үлкен оқиға болады: ол профессор Зарницынның жетекшілігімен Қызылжар жерінде халыққа ем-дом көрсетіп жүргенде Мұхамеджанқызы Зурамен көңіл қосып, шаңырақ көтереді. Бұл кезде Қошке студент-практикант еді. Тағдырдың жазғанына не шара, 1924 жылы наурызда Зура бала үстінде дүниеден озады. Осынау трагедия Қошкені есеңгіретіп тастайды.

Қ.Кемеңгерұлы ІІІ курсты тәмамдағаннан кейін 1924 жылдың 21 тамызында Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне ауысуға өтініш береді. Сол жылы ол Түркістан Республикасының орталығы Ташкентке кетеді. Мұрағатта мынандай мазмұнда жеделхат тіркелген: “Ташкент. “Ақ жол” газеті редакциясына. Қ.Кемеңгерұлына. Ол ІV курстың дәрісін түгел тыңдады. Омбы. Омбы көшесі, 26-үй. Соколова”. Бұл деректен Қошкенің Ташкентте “Ақ жол” төңірегіне тұрақтағаны байқалады.

Қ.Кемеңгерұлы Ташкентке не үшін кетті? Ол мұнда ұлтқа қызмет ету үшін көшті. 20-жылдары зиялылардың көбі негізінен Ташкентке орнықты. Мұндағы саясат райы салыстырмалы түрде Орынбордан тәуір еді. Түркістанда өкімет басындағылардың ескі оқығандарға ықыласы бөлек болды. Х.Досмұхамедұлы 1922 жылы құрған “Талап” қауымына елшіл азаматтар топтасқан еді. Бұл шақта мұнда Алаш арыстары баспасөз, оқу-ағарту салаларында қызмет жасайтын. Қ.Кемеңгерұлы бір кездері қайраткер Т.Рысқұлұлы көтерген Түркістан конфедерациясы идеясына сенді.

Қошке отбасының Ташкенттегі жылдары хақында осы қалада туған перзенті Нарманбет былайша баян етеді: “Анамыз айтатын: “Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы әкелеріңмен әңгімелескенде “Қарағым, Қошке” дейтін” деп. Қалап алған мамандығы дәрігер болғандықтан, әкеміздің талайларға шарапаты тиіпті. Бәрі есте қала ма, анамыз оның жұртқа көрсеткен көмек-жәрдемін әрдайым айтып отыратын. Мысалы, ол ақын Исаның (Байзақұлы) ауруға шалдыққан бас құйқасын жазған. Дәл осындай көмек кейіндері елге танымал қызметкер атанған Шәкен Елеуішұлына да көрсетілген. Әкей сонымен бірге бізге әрі үйге күтуші болған Әсия деген кісіні іш құрты науқасынан айықтырған”

Ташкентке табан тіреген Қошке мұнда 1921-22 жылдардан орныға бастаған Алаш зиялыларымен тығыз қарым-қатынас жасай бастады. Бұл кезде Ахмет пен Міржақып – Орынборда, ал Әлихан Бөкейхан Мәскеудегі “Күншығыс” баспасының қазақ секциясында қызметте еді. Ташкентте Қошке сондай-ақ Халел Досмұхамедұлы, Мұхтар Әуез, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Абдолла Байтасұлы, Даниял Ысқақұлы сынды арыстармен араласып тұрды. Қошкенің Түркістанға ат басын бұрған кезі әйгілі “Алқа” бағдарламасының оқығандар ортасында кеңінен талқыланған шағына тұспа-тұс келді. Бағдарламадағы мына жолдар Қошке мұратымен үндесіп жатты: “Жаңа әдебиеттің тартылса ағұзысы ғана тартылды, біссімілдәсі әлі басталған жоқ. Өміріміздің күнді һәм күңгірт дәуірлері болған һәм бар. Қазақтың өзінің жаратылысқа, өмірге, тұрмысқа көзқарасы, өзінше философиясы, терең сезімі болған һәм бар. Осылардың бірі туралы әлі айтарлық қалам тартылған жоқ. …Осылар түспей, әдебиет өз әдебиетіміз бола алмақ емес”.

Сәл кейінірек, 1926 жылы “Көркем әдебиет туралы” атты мақаласында осы ойды Қошке таратыңқырап, жүйелеп айтқаны мәлім. Оның көркемөнер табиғаты мен заңдылығы туралы пікірі әлі де көкейкесті.

Ғұмырының Ташкент кезеңі Қ.Кемеңгерұлы шығармашылығының тынысын кеңейтті. Ол Омбыда бастаған “Қазақ тарихынан” зерттеуін аяқтап, Мәскеудегі “Күншығыс” баспасына тапсырды. Аталған баспадан сонымен бірге 1925 жылы қаламгердің “Бұрынғы езілген ұлттар” атты ғылыми еңбегі мен “Қазақша-орысша тілмашы” жарық көрді. Сөздікті түзуге Қ.Кемеңгерұлының жетекшілігімен Байғасқаұлы, Баймақанұлы, Дәулетбекұлы, Темірбекұлы, Сәрсенбайұлы қатынасқан. Қошке осы Ташкентте жүріп 2 кітаптан тұратын қазақ тілінен “Жабыропалықтар үшін оқу құралын” жазды. Оның біріншісі 1928 жылы Ташкентте, екіншісі 1929 жылы Қызылордада басылды.

1918-1919 жылы С.Садуақасұлы: “Жас талап Кемеңгерұлының прозасы келеше­гінен үміт күттіреді” деп жазғанындай-ақ, Қошке қаламынан оның өмірінің Ташкент жылдарында “Отаршылдық ұсқындары,” “Қанды толқын”, “Момынтай”, “Ерлік жүректе”, “Қазақ әйелдері”, “Жетім қыз”, “Дүрия”, “Назиха” тәрізді тумысы ерекше әңгімелер туды. Суреткер Қ.Кемеңгерұлы әріптесі Мұхтар Әуез, Жүсіпбек Аймауыт­ұлы секілді прозада ұлттық нақышты сақтай отырып, көркем бейнелеудің биігіне ұмтылды.

1925 жылы Қазақстан астанасы Ақмешітке көшті де, шойын жолдың бойындағы бұл қазақы елді мекен Қызылорда деген жаңа атау алды. Осында 1926 жылы 13 қаңтарда мемлекеттік ұлт театры Қ.Кемеңгерұлының “Алтын сақина” пьесасымен тұңғыш шымылдығын ашты. Осы қойылым драматургке игі әсер етіп, 1926 жылы “Парашылдар”, 1927 жылы “Ескі оқу”, 1930 жылы “Күнәсіз күйгендер” атты пьесалар жазып, көрерменге ұсынды. Талантты сыншы С.Садуақасұлы Қошкенің драматургиясын: “Жеке адамның ішкі сыры бұған анағұрлым танысырақ”,- деп бағалады.

Қошке Кемеңгерұлы Ташкентте шебер журналист ретінде де қабілет-қарымын аңғартты. Ол Омбыдан келісімен “Ақ жол” газетінде қызмет істеді, сондай-ақ ғылыми-танымдық “Сана” журналының бірер санына редакторлық етті. “Ақ жол” тілшілерінің 1925 жылы өткен тұңғыш жиынын ұйымдастыруға атсалысты. Әлеумет, шаруашылық, ғылым-білім хақында алуан-алуан мақала жазды. Әдебиет жөніндегі айтыста сындарлы пікір білдірді.

Күйбең журналистік, ағартушылық тіршіліктен қолы босағанда замандастары туралы жазбақ болған романына материал жинады. ҰҚК архивінен табылып отырған, 1925 жылы 16 наурызда Д.Әділұлына жазған хатында ол: “Сен өміріңде талай тарихты бастан кешірген жансың ғой. Менің ептеп қаламды ермек ететінімді білесің. Өмір жолыңмен танысқым келеді. Кішкене уақытыңды бөл. Есеп беру кезеңі туды. Мен қазақ зиялылары жөнінде роман жазуға отырдым” дейді.

Ташкентте Қошке мен Гүлсімнің (Омбы зиялысының қызы) Зәйра, Нарманбет, Сәуле есімді үш перзенті дүниеге келді.

Саяси сапырылыстарға толы 20-жылдардағы Ташкент тарихында Қошмұхамбет Кемеңгерұлы тек қаламгер ретінде ғана емес, ағартушы-педагог ретінде де қалды. Ол 1926 жылы Орта Азия университеті мен Түркістан әскери училищесінде дәріс оқығанын айтады. Қайраткер сондай-ақ САГУ-дың рабфагында, даярлық бөлімінде, шығыстану факультетінде, кеңестік шаруашылық пен құқық факультетінде, педагогика факультетінде қазақ тілінен дәріс оқыған.

Университетте екі жыл қызмет жасағаннан кейін Қ.Кемеңгерұлы шындап ғылым жолына ден қойғысы келді. Бұл орайда ол түріктануды таңдады. 1928 жылы 23 қазанда Қошке Шығыстану факультетінің түріктану кафедрасына аспирант болып қабылданды. Аталған факультеттің аспирантурасында Қ.Кемеңгерұлымен қатар Мұхтар Әуез де оқыған. Бұл екі дарынды азаматқа А.Шмидт, М.Гаврилов, А.Дубсон сынды ғалымдар тәлімгерлік жасады.

Нағыз ғылым ашық, жүйелі пікірсайыстан соң барып қана туады. Қошке тіл маманы ретінде Юдахин, Поливанов, Шмидт тәрізді тәлімгерлерімен қазақ тілінің күрделі мәселелері жөнінде айтысып қалып отырған. Мысалы, 1929 жылы мамыр айында болған орфографияға арналған конференцияда жаңа орфография мен термин жасау принциптері жөнінде Е.Омаров, Қ.Жұбанов, Қ.Кемеңгерұлы орнықты пікір білдіріп, бұра тартқан еуропалық ғалымдармен айтысқан. Бұл бесіктен белі шыққан, буыны бекіп келе жатқан тіл ғылымының еуроцентристік көзқараспен текетіресуінің көрінісі еді.

Қошке осы Ташкентте жүріп, қазақ тілі білімінің проблемалары жөнінде бірқатар зерттеу жазды. САГУ-де оқыған Даниял Ысқақұлының айтуынша: “1927 жылы Ташкенттегі Казпедвузға С.Садуақасұлы директор болып келгенде, осы оқу орнына Қошкені оқытушы етіп алған”.

Қ.Кемеңгерұлының ғылыми еңбегінің қатарына 1927 жылы Г.Архангельскийдің құрастыруымен орыс тілінде жарық көрген “Қазақ тілінің грамматикасы” да кіреді. Қошкенің редакциялауымен шыққан осы зерттеудің алғы сөзінде құрастырушы: “Настоящий труд представляет записки лекций по казахскому языку, читанные тов. Кеменгеровым – преподавателем казахского языка на б.Туркестанских Курсах Востоковедения РККА в 1924-1925 гг.”, деп жазып, ұстазына үлкен алғысын білдіреді. Ал, баспагер тарапынан жазылған сөзде А.Байтұрсынұлының бұл еңбекті жоғары бағалағаны айтылады.

Қошке Кемеңгерұлы 24-30-жылдары тек бір Ташкентпен ғана тоқырап қалмады. Орынбор, Қызылорда, Семей, Шымкент қалаларына түрлі іссапармен барып, қаламгерлермен байланыс жасап тұрды.

1929 жылы жазда қаламгер Қызылтау, Сарытаудың топырағын соңғы рет басқан екен. 1930 жылы 13 қазанда Қ.Кемеңгерұлы “Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушы” деген жалған айыппен Ташкентте ұсталып, абақтыға жабылады. Осы кездегі көңіл күйін, шеккен мехнатын ол “Қамалдым өткелі жоқ терең жарға, Әділдік таба алмадым амал бар ма?” деп сипаттаса, немере ағасы Нұрмағамбетке жазған бір хатында “Құс – ауға, балық торға кездесті ғой, Тағдырдың жазуына жоқ қой шара” дейді.

Осы 30-жылдың қазан айының соңында Қошке Ташкенттен Алматы абақтысына айдалды. Ол Алматы түрмесінде 1932 жылдың сәуір айының соңына дейін отырады. 20 сәуірде үштіктің шешімімен 58-баптың 10,11-тармағы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылып, Украинаның Валуйки қаласына жер аударылады. Қаламгер мұндағы темір жол жүйесінде дәрігер болды. Дәл осы жол құрылысында 1932-1933 жылдары С.Садуақасұлы инженер болып қызмет жасаған еді. Сондай-ақ Валуйки, Воронеж бағытында Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, Ж.Ақбайұлы, Е.Омарұлы, С.Қадырбайұлы, К.Тоқтыбайұлы, М.Тынышбай, Ж.Күдеріұлы, М.Мырзаұлы сынды азаматтар жер аударылған еді. Міне, осы кісілер амалын тауып, жүздесіп тұрды деуге негіз бар

1935 жылы Қошке Кемеңгерұлы Валуйкиде мерзімін толық аяқтады. Заң бойынша енді ол елге қайтуға ерікті еді. Бірақ айлалы НКВД саяси тұтқындарды елден жырақ ұстауды қалады. Сол себепті Қ.Кемеңгерұлына толық ерік бермей, Омбының Шарбақкөліне қоныстануға рұқсат етті. Ол аудандық денсаулық сақтау бөліміндегі қарапайым қызметті таңдады.

Зәйра Қошкеқызының естелігіне қарағанда, әкесі 1937 жылдың ортасында сонау Ташкенттен бастап жазған замандастары туралы романды аяқтаған, енді соны Алматы баспаларына жеткізудің жолын қарастырған. Сол кітап кейін қолжазба күйінде НКВД қармағына түскен.

1937 жылдың қара құйыны Шарбақкөлдегі дәрігер Қошкені қиналмай-ақ тапты. Ол оның сыртқы киімінің де (дәрігер ғой), жан дүниесінің де аппақ таза екенін ескеріп жатпады. Қайраткерді ату туралы үкім 17 қарашада бекітіліп, 21 қарашада Омбыда орындалды. Қошкенің бақи дүниеге көшкенін туған-туыстары білмеді – тек бір Алла ғана білді. Қошке әділет, азаттық жолында шейіт болды.

1957 жылы 17 тамызда Сібір әскери округінің трибуналы әкесін ресми түрде ақтағанда, Зәйра, Нарманбет, Сәуле тоталитаризмнің жөн-жосығын білетін саналы азаматтар еді. Қазір олардан тараған ұрпақ ата аманатына адал, өскен-өнген.

1995 жылдан бері Қошкенің мұрасы бірнеше дүркін кітап болып шықты. 2004-2006 жылы “Алаш” баспасы қайраткердің үш томдық шығармалар жинағын жариялады. Қошкетану ғылымы да қалыптасып, салаланып келеді.