Аустралия және мұхит аралдары. Географиялық орны. Жер бедері мен пайдалы қазбалары.

0
1400
компьютер

Сабақтың мақсаттары:

1. Білімділік: Оқушыларға Аустралия материгімен таныстыра отырып, олардың ерекшеліктері мен маңызына тоқталу.

2.Дамытушылық: Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын оята отырып, картамен жұмысты жандандыру, танымдық белсенділігін дамыту.

3. Тәрбиелік: Оқушылар басқа мемлекеттермен таныса отырып, өз елін сүюге, құрметтеуге, табиғатты аялауға бірін-бірі сыйлауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Жаңа сабақ

Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, түсіндірмелі.

Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы: Аустралияның физикалық картасы, оқулық, қосымша материалдар, суреттер.

Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту

Үй тапсырмасын сұрау:

Жаңа сабақты түсіндіру:

Аустралия – Жер шарындағы ең кіші материк. Оның ауданы маңындағы аралдармен қоса есептегенде 7,6 млн км². Материк атауының өзі латыншадан аударғанда «оңтүстік» деген мағына береді. Өйткені Аустралия түгелімен оңтүстік жарты шарда жатыр, оңтүстік тропик шеңбері оны дәл ортасынан кесіп өтеді. Ауданының кіші болуына қарамастан, материк табиғатының өзіндік ерекшеліктері бар:

Аустралия – Жер шарындағы ең аласа материк, орташа биіктігі – 215 м.

Аустралия – сөнбеген жанартаулары жоқ бірден-бір материк.

Аустралия – Жер шарындағы ең құрғақ материк: оның 2/3 бөлігін шөлді аймақтар алып жатыр.

Материктің басқа құрлықтардан ертерек бөлініп қалуына байланысты мұнда алғашқы сүт қоректілер (жұмыртқа салушылар мен қалталылар) мен биік ағаштар эвкалипттер (биіктігі 100 м-ден асады) сақталып қалған

Материк жағалауындағы ұзындығы 2300 км, ені 2 км-ден 150 км-ге дейін жететін Жер шарындағы ең ірі маржандық құрылым – Үлкен Тосқауыл рифі орналасқан.

Аустралия материгінің жерін бір ғана ел – Аустралия Одағы алып жатыр.

Материктің теңіз деңгейінен ең биік орналасқан нүктесі – Үлкен Суайрық жотасының оңтүстігіндегі биіктігі 2228 м Косцюшко тауы, теңіз деңгейінен ең төмен орналасқан нүктесі – Эйр көлінің деңгейі (-16м).

Географиялық орны. Аустралия оңтүстік жарты шардың басқа материктерінен оқшау орналасқан. Тек солтүстігінде Азияның аралдарымен жалғасады. Материктің жағалауындағы нашар тілімденген, материктің оңтүстік-шығысында ғана бірнеше қолайлы қойнаулар кездеседі. Аустралия жағалауларын Тынық және Үнді мұхиттарының жылы сулары шайып жатыр. Мұхиттағы судың беткі температурасы жазда +28ºС-қа жетсе, қыста +20ºС-тан төмен түспейді. Сондықтан материк жағалауларын бойлай, әр түрлі пішіндегі маржандық құрылымдар көптеп кездеседі. Толысу кезінде ғана кемелер олардың арасымен ашық мұхитқа шыға алады. Аустралияны жан-жағынан мұхит сулары шайып жатқанымен , оның көпшілік бөлігіне жауын-шашын өте аз түседі. Бұл жағалау бойымен суық ағыстардың өтуімен және материктің оңтүстік тропик үстіндегі орнымен байланысты. Ал жылы ағыстар өтетін солтүстік және шығыс жағалауларында ылғал біршама мол түседі.

Жер бедері мен пайдалы қазбалары. Аустралияның жер бедері онша күрделі емес. Африкадағы тәрізді, материктің негізгі бөлігін гондваналық ежелгі платформа алып жатыр. Тек шығыстағы Үлкен Суайрық жотасына сәйкес келетін бөлікке ғана палеозойлық қатпарлық құрылым тән болады. Көршілес орналасқан Тынық мұхит литосфералық плитасындағы қозғалыстарға байланысты материк бірнеше рет тұтастай көтерілді және төмен түсіп, майысуларға ұшырады. Соның әсерінен одан Жаңа Гвинея аралының Оңтүстігін құрайтын бөлік пен Тасман аралы бөлініп, бұғаздар мен шығанақтар жүйесі қалыптасты.

Платформа фундаментін құрайтын кристалды жыныстар оның батысы мен орталық бөлігінде жер бетіне шығып жатыр. Мұнда орташа биіктігі 400-600 м-лік аласа таулы үстірттер мен жекелеген күмбезді таулар таралған. Таулардың кейбір бөліктерінің биіктігі 1000-1500 м-га жетеді. Құрғақ климат жағдайында жүретін физикалық үгілу әсерінен тауларда сан алуан таңғажайып пішіндер қалыптасқан. Тау етектерін қиыршық тастар мен құмды жалдар көмкеріп жатыр. Платформаның шеткі және қатпарлы құрылымдарымен шектескен бөліктеріне ойпаттар сәйкес келеді.

Аустралия материгі пайдалы қазбаларға бай. Олардың қалыптасу жағдайлары мен құрамы Оңтүстік Африкаға ұқсас келеді. Материк алтын, алюминий, мыс, никель, марганец, темір мен уран, цирконий (алмастың түрі) кендеріне бай. Аустралияның оңтүстік-шығысында тас көмірдің ірі кен орындары шоғырланған. Орталық жазықтарда мұнай мен газ мол қоры бар.

Жаңа сабақты бекіту:

Аустралия географиялық орны жағынан Африканың қандай бөлігіне ұқсас болып келеді?

«Материктер мен мұхиттардың зерттелу кезеңдері» тақырыбы бойынша Аустралияның зерттелу тарихындағы маңызды оқиғаларды еске түсіріңдер.

Аустралияның жер бедері қандай, оны Африканың жер бедерімен салыстырыңдар.

Физикалық картаны пайдалана отырып, материкте кең таралған пайдаоы қазбаларды атаңдар.

Қорытынды: Бүгінгі сабақта, Аустралия және мұхит аралдарын, географиялық орнын және жер бедері мен пайдалы қазбаларын айтып түсіндірдім.

Үйге тапсырма: §53-оқуға. Кескін картаға Аустралия орталығын салып келу.