Ақтамберді жырау

0
1007
явления

Сарыұлы Ақтамберді (1675 – 1768)

Сарыұлы Ақтамберді (1675 – 1768) атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері. Ұлы жүздің Ошақты руынан. Әкесі Сары мен шешесі Сырбикеден жалғыз туған. Жыраудың «атадан жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары да жалқын су болар» деуінде өз өмірінің шындығы бар.

Қазақ тарихындағы аласапыран кезеңде өмір сүрген Ақтанберді «дұшпаннан көрген қорлығым, сары су болды жүрекке. Он жетіде құрсанып, қылыш ілдім білекке. Жауға қарай аттандым, жеткіз деп, құдай, тілекке» деп, өзі айтқандай, он жеті жасында ақ қолына қару алып, ел қорғауға аттанады.

Жыраудың ақындық даңқымен балуандық, батырлық даңқы қатар шығады. Орта Азия хандықтарымен, қалмақтармен арадағы ұрыстарға қатысып алғашқы кезде жеке басының ерлігімен, соңынан қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. Сақа батырлар санатына қосылған кезде атақты «Ақтабан шұбырындының» куәгері болады.

Осы кезде ол жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт азаттық күресін ұйымдастырушылардың және жеңісті жорықтарға дем берушілердің бірі ретінде танылады.

Жоңғар мемлекеті талқандалып, шығыстағы бұрынғы жау қолында қалған жерлер босатылған кезде сонда қайта қоныс аударған қазақтарды ата мекеніне біржола орнықтыру жолында Ақтанберді айтарлықтай роль атқарады. Өзіне қараған руларды отырықшыландырмақ болып, арық, тоған қаздырады, егін ектіреді.

Ақтанберді шығармалары негізінен нақылдық толғаныстар түрінде болп келеді. Олар көшпелі қазақтардың ой арманымен, мақсат мүддесімен астасып жатады. Жыраудың «Түйе мойнын тұз кесер», «Күлдір күлдір кісінетіп», «Жылқыдан асқан мал бар ма?» тәріздес әйгілі толғауларынан қазақ халқының мінез құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көз қарастары анық аңғарылады. Мал атаулының, оның ішінде жылқы түлігінің көшпелілер өміріндегі орыны жайында өз тұстастары арасында дәл Ақтанбердідей толғаған ақын жоқ. Ол жылқыны тіршілік көзі, жігіттің көркі деп есептейді. Әсіресе, батырдың жан серігі, жауға мінер тұлпары ретінде мадақтайды.

Ақтанберді жырларындағы негізгі сарын ерлікке үндеу, жауға қарсы күреске жігерлендіру. Ол жау табанында қалған жерлерді азат етуді аңсайды, бүкіл қазақ болып бірігіп атқа қонуды, жоңғарларға күйрете соққы беруді армандайды. «Балпаң балпаң кім баспас», «Жауға шаптым», «От басар орыны отаудай» секілді біраз жырларында жұртшылықты ата жаумен айқасқа шақырады. Ел қорғау жолында өлген ерде арман жоқ деп білді.

Аласапыран кезеңде туып, шайқас алаңында шыңдалып өскен Ақтанберді жырлары қазақтардың он сегізінші ғасырдағы жаугершілікке толы өмірінің шынайы суреттерін алға тартады.

Күлдiр де күлдiр кiсiнетiп,

Күреңдi мiнер ме екемiз,

Күдерiден бау тағып,

Ақ кiреуке киер ме екемiз!

Жағасы алтын, жеңi жез,

Шығыршығы торғай көз

Сауыт киер ме екемiз!

Ор қояндай жүгiнтiп,

Аш күзендей бүгiлтiп,

Жолбарыстай шұбарды

Таңдап мiнер ме екемiз!

Сол шұбарға мiнген соң,

Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төске алып,

Қол төңкерер ме екемiз.

Жалаулы найза жанға алып,

Жау қашырар ма екемiз!

Тобыршықты әндiген

Толтыра тартар ма екемiз!

Тобылғы түбi құралай,

Бытыратып атар ма екемiз!

Жарлауға бiткен жапырақ –

Жамылсақ тоңар ма екемiз.

Жазыққа бiткен бүлдiрген –

Сұғынсақ тояр ма екемiз!

Тобылғы сапты қамшы алып,

Тұмар мойын ат мiнiп,

Қоныс та қарар ма екемiз!

Ел жазылып жайлауда

Жақсылар кеңес құрғанда

Мұртымыз өрге шаншылып,

Бұрын да сөйлер ме екемiз!

Ақтамберді Сарыұлы (1675-1768) – жырау, қолбасы, қазақтың көне жыраулық мектебінің белді өкілі, дипломат.

Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. «Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» дегеніне қарағанда күреске ерте араласқан жауынгер жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мәселелерін жырларында жақсы бейнелеген. Қысқа, нақыл, шешен сөздердің шебері.

Ол 1742 жылы Орта жүз ру басшыларының Орынборда ант беру жиналысына өкіл болған. 1738-1752 жылдары қазақ-қалмақ арасында болған қанды қақтығыстардың барлығына дерлік қатысқан. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының зұлмат қан кешуін бастан өткерген. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау болған. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған.

Ақтамберді жырау өз ғұмырнамасын толғауларына көркемдік қуаты зор, келісті нақыштармен түсірген. Шығармалары зиялы зергердің қолтаңбасын танытады. Әлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды. Азғантай қазынасының өзі афоризмдерге толы. «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа, қарт Бөгенбай», «Менімен ханым ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар болды» және тағы да басқа өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, патриоттық күй-сезімдерге толы.

Ақтамбердінің «Балаларыма өсиет» деп аталатын толғауы соңғы туындыларының бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі бірлікке, талап-мұратқа, татулыққа үндейді. Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін ескертеді. Халықты алауыз мінездерден сақтандырады.

Ақтамберді толғаулары мен жырлары С.Мұқановтың «Қазақтың 18-19 ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер», «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15-18 ғасырдағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарына енгізілген.