Заманынан озып туған азамат еді
Сағат Әшімбаев туралы
Қоғамды қозғайтын, адам санасын өзгертетін тұлғалар болады. Олар өзінің қатарынан, заманынан озық туады. Өткен ғасырдың алпысыншы – сексенінші жылдарының арасы қазақ руханиятына дарындыларды үйіп-төгіп беріп-ақ еді. Өкініші, солардың көбінің ғұмыры қысқа болды. Орыс әдебиетінің бағына туған Писарев секілді құйрықты жұлдыздай жарқырап жанып, ағып түскен жарықтарымыздың бірі – қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына, ұлттық сананың өсуіне үлкен үлес қосып кеткен асылымыз Сағат Әшімбаев еді.
Мен Сағатқа сабақ берген, оны жақсы білген кісілердің бірімін. Сағат та заманынан озып туған азамат еді. Кездескен кезде қынабынан суырылған жалт-жұлт еткен қылыш елестеуші еді көзге. Қай ортаға барса да сыйып жүре беретін, өзінің пікірін бүкпесіз ашық айтатын, оппонентін лезде ашық пікірге шақыратын. Бұл, сірә, көп оқып, көп тоқығанынан болар. “Мына мәселе туралы көзқарасыңыз қалай?.. Өзім былай ойлаймын”, – деп “әу” деп ауыз ашқаннан-ақ ұршықша үйіріп, жіпсіз жетелеп, ағыл-тегіл текті сөзге бұрып әкететін. Жатсыну, тіксінуді білмейтін, аңқылдаған ақпейіл көңілдің тереңіне сүңгігендей әсерде болатынбыз. Қалай шүйіркелесіп, тіл табысып кеткеніңді білмей қалатынсың.
Сағат көп оқитын. Дүкенге бір жақсы кітап түсті десе – күндіз қолына шам алып іздеп тауып, оқымай тынбаушы еді. Шөлдегі жолаушы секілді білуге… білім кәусарынан мейір қандыруға… құныға, құлшына ізденуге әрдайым бейіл еді. Сол білгенін өзінің пайымына, байлауына қосып төгілдіріп айта жөнелгенде, кісі еріксіз ұйып тыңдайтын. Тыңдарманы көп болатын.
Сағат ініміз әдебиеттің тұлпарына мінгенде М.Әуезов, Е.Ысмайылов ағаларымыз бақи жалғаннан озып, Б.Кенжебаев әбден қартайып, көркем сөздің туын тіккен жазушылар ортасы бос қалғандай, әсіресе әдеби сын жанры жетім баладай жалтаң, азусыз халде еді. Сол бәсеңси бастаған әдеби сынның түтінін қайта шығарып, түндігін желпілдеткен Сағат бастаған бір топ жас перілер болатын. Ол әдебиетке келіп қосылған жаңа леп, тың күшті елден бұрын сезіп білді. “Балықшы балықшыны алыстан таниды” демекші, өзімен тұстас келіп жатқан жас топқа жетекші бола білді, соңына ілестірді, солардың сөзін сөйледі. Қай-қай ортадан болсын өзіне таныс, біліс, сырлас сыпайыны жылдам-ақ тауып ала қоятын.
Сағат Хан Тәңірінің балапан қыранындай топшысы ерте қатайып, түлеп ұшқан тас түлек еді. Өртеңге шыққан гүлдей ә дегеннен-ақ жайнап, жарқырап көзге түсті. Ол табиғаты таза, өзінің кіндік қаны тамған Аспантаулар әлемінің мөлдір бұлағындай, кәусар бастауындай, жасыл құрағындай қазақ әдебиетінің шоқ жұлдыздай алыптарынан бастап, одан кейінгі ақын-жазушылар, өзінің тұстастарына, сол кездегі оқырманы көп қазіргі “Жас Алаш” — бұрынғы “Лениншіл жас” арқылы қалың жұртшылыққа қаршадайынан-ақ танылып үлгеріп еді.
Академик Мұхаметжан Қаратаев: “…айтулы әдебиет сыншысы, сарапшысы, әділетсіздікке төзбейтін сарбаз атанды. Сағаттың “Сыншы мұраты” атты тұңғыш жинағы – осының айғағы” деп жазғанда Сағат бар болғаны қылшылдаған жиырманың үстіндегі жас жігіт еді. Азаматтық, сыншылық позициясы берік қаламгер болып қалыптасты. Өз өмірін, еңбегін адам рухының биіктігі мен тазалығын қорғауға арнады.
Өткір көздері көзәйнегінен ұшқындап, жүзінен нұр төгіліп тұратын қыр мұрынды, дөңгелек жүзді жігіт еді. Аузын ашса көмейі көрінген ақкөңіл еді. Оқығаны да, тоқығаны да көп еді. Төл әдебиетімізді былай қойғанда, әлем әдебиетінде еркін жүзіп, Батысты оқып, Шығысты тоқып өсті. Замандастары арасында ойлылығымен де, тереңдігімен де, бүкіл бітім-тұлғасымен де оқшауланып айрықша көрінетін. Тұнық көздері де, терең сөздері де, көзілдірігі де, желкесіне төгілген шашы да өзіне жарасып тұратын. Жүзінде шындық, жылылық бар болатын.
Саңлақ сыншы Сағат әдебиет әлеміне алғаш аудармамен келді. Ол 1966 жылы Мәскеудің “Прогресс” баспасынан шыққан “Афоризмы” атты әлем ақыл-ой алыптарының даналық сөздері болатын. “Сын мұраты” (1974) атты тырнақалды туындысы үшін 1976 жылы Жастар сыйлығының лауреаты атанды. “Талантқа тағзым” (1982), “Парасатқа құштарлық” (1985), атты сын кітаптарын жұртшылық жылы қабылдады. Өзі өмірден өткен соң “Шындыққа сүйіспеншілік” (1993) атты еңбегі жарық көрді. Аталған еңбектердің әдеби, ғылыми айналымнан түспей, әркез сұранысқа ие болуы Сағат есімінің сан ғасырларға баратынының, артында қалған мұрасының өлмейтіндігінің айқын айғағы.
Екінің бірін көзге іле қоймайтын, паңдығы бір басына жетіп артылатын сырбаз қаламгер Ғабит Мүсірепов Сағатты ерекше бағалап, інілерінің бірі санап, салиқалы сұхбаттар бергеніне бәріміз де куәміз. Сағат асыл ағасы туралы қадау-қадау мақалалар да жазды. Сол дүниелер қазір ұлы қаламгердің ұлттық бейнесін көрсететін құндылыққа айналды.
Текті адамдардың бірін-бірі жазбай танитынына тәнтімін. Мен осыған інімнің артында қалған мұрасымен танысып отырып тағы да көз жеткіздім. Сағат әсіресе үш ұлыны пір санапты, ардақ тұтыпты. Шығармаларын талдап, желісіне арқау болған алуан түрлі оқиғалардағы ұлттың ұлылығын, халқының қасиетін бір арнада тоғыстырып, биікке көтеріпті. Олар – данышпан Абай, ұлы Мұхтар Әуезов, қара сөздің хас шебері Ғабит Мүсірепов.
“ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқы сана-сезімі оянуының бұрқ еткен ең айқын көрінісі – Абай поэзиясы. Ұлттық сана-сезім оянуының басы Абай…”, – дейді Сағат. Дұрыс айтады.
Кемеңгер Мұхтар Әуезов туралы: “Кезінде Белинский Пушкинді Байронмен, не соңғысын алдыңғысымен салыстыру рабайсыз деген ғой. Сондықтан да Н.Погодиннің: “Әуезов – қазақтар үшін екінші Абай, біз үшін Шығыстың Шолоховы”, – деген сөздері орынсыз-ақ. Мұнда пәлендей терең ой жатқан жоқ. Шындығына келгенде, Әуезов пен Шолохов творчествосы екі бөлек ұланғайыр дүниелер. Шығармашылық лабораториясы ұқсамаған жазушыларды бір-бірімен салыстыру қалай десек те көңілге қонбайды. Екіншіден, Әуезов Абай жетпеген биікке көтерілді. Абай айтпаған кең тынысты ойлар айтты, яғни ұстаздан шәкірті озды. Әуезов өз ұстазын қайталамағандықтан ғана ұлы. Және Әуезов Шығыстың Шолоховы еместігін, Шығыстың ұлы екендігін дәлелдеп берді, өзі соның жарқ еткен жарқын көрінісі бола білді. Олай болса, кейде жоғарыдағыдай бір жақты пікірлерге мәз болу жарасымсыз-ақ”.
Шынында, көп жұрт осы сөздің ақ-қарасын анықтамай, байыбына жетіп, пайымын аңғармай малданды. Мақтан етті. Бірақ ұлы қаламгер шыққан шыңға тұман іліп қойғанын аңғармады. Сағат сол тұманды парасаттылықпен, ойлылықпен ысырып тастады. Тума талантты, даусыз дарынды өз тұғырында қалдырды. Солай таныды. Оны ол кезде көбіміз біле қойғамыз жоқ. Осының өзінен-ақ сыншы Сағаттың кең құлашты, кемел ойлы екенін көруге болады. Көп айтты болды демей, өзінің байламын күмілжіп-кібіртіктемей, күнге бағып күлбілтелемей анық айтқан Сағатқа қалай риза болмайсың. Советтік дейтін заманда, жұрттың үнемі жоғарыға қарап, жалтақтап сөйлейтін уақытында, Сағаттың дәл осылай батыл, сенімді сөйлеуі шынында да батырлық еді.
Сонау ықылым заман, көне тарихтан бастап, Пушкин, Абай, Байрон, Толстой, Достоевский, Гете, Данте, Бунин, Әуезов, Хемингуэй, Маркес шығармаларын зерделей отырып бүгінгі қазақ прозасы мен поэзиясының хал-ахуалы төңірегінде ой тербеуі Сағаттың деңгейінің қаншалықты биік болғандығының айқын дәлелі. Білу бар да, оны әдебиеттің әжетіне жарата білу бар ғой. Сағат терең білімін туған әдебиетінің мұратына арнай білді. Бұл шындықты да мойындау қажет. Асылы, әдебиет әлемін еркін игеру Сағат секілді санаулылардың ғана еншісіне жазылған. Әйтпесе бізде білмей тұрып білгішсінетіндер аз емес.
Бұл аз десеңіз, Сағат Мұхтар Әуезовтің дарын, қарымын орыс әдебиетін былай қойып, Еуропа әдебиетімен иық тірестіре алатынын, тіпті жоғары тұрғанын риясыз дәлелдейді. “Орыс әдебиетшілері осынау әдебиетті ХІІ ғасырда туған “Игорь полкі туралы жырдан” “Тынық Донға” дейінгі аралықта алып сөз етіп жүр. Ал, біз әдебиетіміздің алтын бастауы саналатын V-VІІІ ғасырлардағы Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен Әуезовтің “Абай жолына” дейінгі кезеңдер бойынша алып қарайтын болсақ, жалпы әдебиетіміздің даму тарихының тым әріден басталатындығын көруге болады. Біздің көркемдік ой-санамыздың даму тарихы әріден басталатындығы зор мақтаныш! Осындай терең арналы әдебиетте Әуезов өзіндік үнімен қалмақ. Егер батыс әдебиетшілері Әуезовті шығыстағы Бальзак, Мопассан, тағы басқа деп жатса, мүлде қисынсыз пікір болар еді. Ол осы халыққа көрсетілген рухани сый-құрмет емес, мүсіркеушіліктен туған жадағай пікір екені дәлелдеуді қажет етпейді”. Көріп отырғанымыздай, сыншы Әуезовтің ұлы екенін, әлемдік әдебиеттің асқарлы шыңдарының бірі екенін дәлелдейді
Сағаттың бұл сөзінің астарында елдік рух жатыр. Астарлы сөз, қырағы ой жатыр. Тәуелсіздік тұсында бәріміз айтып жүрген, біз ешкімнен кем емеспіз, ұлы десең ұлыларымыз бар, дана десең даналарымыз бар, иық тірестіріп, сөз жарыстыра алатын алыптарымыз да бар дегенді Сағат орда бұзар отызында-ақ айтып кетті. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында бәрін қалай орын-орнымен айта білген десеңізші! Бейсекең бастап, мен қоштап зерттеген әдебиетіміздің ерте дәуірі жайында, байтақ эпостарымыздың құдіреті жайында көп білгісі келіп, құмартып ұзақ әңгімелескеніміз әлі есімде. Ғажайып эпостарды, дастандарды, құдіретті күйлерді, тамылжыған әндерді дүниеге әкелген қазақтың осы ұлы мұраларын әлі күнге дейін әлемге танытып, мойындата алмай жүргеніміз аянышты әрі өкінішті-ақ.
Мені Сағаттың ерекше алғырлығы мен алымдылығы таңдандырады. Ол жап-жас кезінде-ақ аталы сөз айта білді. Ол тағы бірде былай деп жазады: “Жалпы, Абай өмірі, Абай заманы төрт кітапқа арқау болды ғой деп, тарихи адамдарымыздың өмірінен міндетті түрде екі-үш немесе төрт-бес кітап жазуды “модаға” айналдырмаған жөн сияқты”. Бұнысы да боямасыз шындық. Әлем әдебиетінде Абай секілді алыптарды танытудың сан түрлі жолы бар. Оған мен бір мысал келтіре кетейін. Орыс әдебиеті Пушкинді әлі күнге зерттеп, зерделеп біте алмай жатыр. Бір қуанарлығы біз данышпан Абайдың да сондай қырларына дендеп ене бастадық. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясын ақ орда десек, әлгі жазылып жатқан, жазылатын еңбектер оның көркіне көрік қосатын ақшаңқан отаулар ретінде кең қанат жая береді. Әр нәрсеге еліктегіш халық екенімізді ескерсек, Абай жайындағы төрт томды оқығаннан кейін татитын, татымайтын көп томды тарихи романдар, қазақ әдебиетінде көбейіп кетуі мүмкін еді. Сағат орынды-ақ ескерткен.
Сағаттың Абай туралы мақалаларын оқысаңыз, ол ұлы ақынның өлеңдерін талдап қана қоймайды, алда атқарылар істі, әлі де тереңдете түсер тақырыптардың бар екенін еске салып отырады. Әсіресе ақынның гуманистік қасиет, адамгершілік және мораль мәселелеріне, Тәңір сөзінің астарында әділдік пен шындықтың жатқанына, дүниеде себепсіз ешнәрсе болмайтынына, жасандылық пен жалғандықтың ғұмыры ұзақ еместігіне талдау жасай келіп, бұл тақырыптар қазақ үшін мәңгілік дегенді меңзейді. Сағат шығармашылығының өн бойынан адамға сүйіспеншілік, өмірге іңкәрлік айқын аңғарылады.
Сағат Әшімбаев саналы ғұмырында қадірлеп өткен Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығын сөз еткенде, болмыстағы бояу мен атаудың сан түрлі болатынын, бірақ солардың түп атасы жеті түрлі, атап айтқанда ақ, қара, көк, жасыл, қызыл, қоңыр, сары дейді де, бұлардың бәрі қай заманда да өз түр-түсін сақтап келе жатқанын, өзгермейтінін ескертеді. Сөйтеді де ұлы Ғабең творчествосын полотно-палитрасына жатқызып, әлгі негізгі жеті бояудан жетпіс бояу жасағанын тілге тиек етеді. Өзі сын жазғанда жетпіс бояуды жеті жүз түрге жеткізіп, дүние жүзіндегі атақты жазушылардың шығармаларымен шендестіріп, жазушы шеберлігін алақанға салғандай ашып береді.
Алаштың ардақтысына айналған Зейін аға – Зейнолла Қабдоловтың бір қанатты сөзі бар еді. Ол: “Әдебиет – ардың ісі” деген сөз. Сол ардың ісіне адалдық танытқан азаматтардың бірі – Сағат Әшімбаев. Оның әдебиеттегі сыншылығын бәріміз де жоғары бағаладық. Қазақ әдебиеті сынына алғаш философиялық бояу дарытқан да осы Сағат Әшімбаев болатын. Төл әдебиет сынымызда Сағат салған сара жол сайрап жатыр.
Сағат үшін сын жанры “біреуді мұқату” немесе “тізе батыру, ділмәрсу” емес, ұлттық ойлау мен танымның көкжиегін кеңейту, өрісін ұзарту болатын. Өнерге, шындыққа және әділеттілікке өліп-өшкен сүйіспеншілік жоқ жерде сын да, сыншы да жоқ. Ол “Ақиқатты айтқан айыпты емес, оны көріп тұрып көзін жұмып айналып өткен адам айыпты” деген қағидамен ғұмыр кешті. Жақсылыққа жаны құмар, жаңалыққа жүрегі құштар Сағаттың өмірлік ұстанымы, өзі айтқандай: “Жақсылықтан басқаның бәрі жалған, қайырымдылықтан өзгенің құны қара бақыр, сыйластықтан бөтен сымбатты нәрсе жоқ”. Жақсылықты, қайырымдылықты, сыйластықты ғұмыр бойы ту етіп ұстау көрінгеннің қолынан келе бермейді. Ұлттық болмысқа сыншылық тұрғысынан қарау кешегі данышпан Абайдан қалған дәстүр болатын.
Әдебиет сыншысы болу дегеннің қиын екенін мойындамайтын адам жоқ. Менмін дегендердің талайының сыншы боламын деп сықпыртып жазғанмен, түйінін жасай алмай, алған тақырыбын аша алмай, шығарманы бағалай алмай орта жолда қалып қойғанын білеміз. Ендеше, сыншылық – кез келген әдебиетшінің өресі жете бермейтін, нағыз таланттарға ғана бұйыратын болмыс. Сағат соны бойына біткен дарынымен бағындыра білді, сыншылықты ұшан-теңіз білімімен бағындырып, құйрық жалы сүзілген сұлу торы аттай топты жарып, шашасына шаң жұқтырмай өмірден өтті. Оның сын мақалаларына ой жүгіртіп қарасаңыз, әдебиет сынына барудың өзінің сын әрі батырлық екеніне және Сағаттың сыншы болмауы мүмкін емес екеніне көз жеткізесіз.
Кезінде бәріміз де табынып, бүгінде көбіміз ауызға ала бермейтін, айналып өтуге тырысатын Маркстің, Энгельстің, Лениннің, өзге де әлем ойшылдарының еңбектерін әдеби шығармалардағы оқиғалармен ұштастырған тұстары, тіпті керемет жатық оқылады. Әлгі даналармен өрбітіп ой жарыстырады. Оқып қана қоймайсың, ақын-жазушылардың романдары мен повестерінен, өлеңдері мен поэмаларынан мол мағлұмат алып, танып-біліп, ондағы терең тағылымдарға таңдай қаға сүйсінесің. Кейде Сағаттың сын мақалаларынан кейін сондай шығармаларды оқуға ұмтылатын да кездерің аз болмайды. Ол әдебиетке биік талап тұрғысынан қарады, талап қоя да білді.
Сағаттың мақалаларын оқып отырған кезде әдебиет әлемін аралағандай ерекше әсер аласыз. Өйткені, ол туындыларын тар шеңбермен шектеп қоймай, небір әлемдік құнды еңбектерді дәлел-дәйекке келтіріп, қаламгерлердің шығармаларын жан-жақты салыстырып, салмақтап барып түйін жасайды. Сонда аз ғұмырының ішінде осыншама рухани құндылықтарды қалай оқып үлгерді екен, қалай көңіліне түйіп, санасына сыйғызды екен деген ойға қаласың.
Көбіміз айтып жүретін бір сөз бар. Ол ерте кеткен талант өз жалынына өртеніп кетті ғой дегенге келеді. Мен осы сөзді Сағатқа қаратып айтуды жөн көріп отырмын. Ол қашан көрсең жалын боп жанып, от болып өртеніп жүретін. Ұлт дегенде, тіл дегенде қолды-аяққа тұрмай кететін. Жұмыр жердің бетіндегі ұлтын сүйген ұлылардың біраз мақалаларын аударғаны да есімізде. Соларға бүгін үңіліп қайта қарасам, аудару үшін аудармаған екен. Ұлтын сүйген азамат сол ұлтына әлемдік дәрежедегі қаламгерлердің озық ойын жеткізуді мақсат тұтыпты. Мысалы, И.Эренбургтің “Пабло Пикассо шығармаларының сыры” деген мақаласының аудармасында ұлы суреткердің бүкіл өмірін қазақ оқырмандарына таныстыра отырып, оның “Мен іздеймін, мен табамын” деген сөзіне ерекше назар аударады.
Сағаттың өзі де өміріне осы сөзді бағыт-бағдар етіп алады. Оған оның аз ғұмырында артында қалдырған мол мұрасы дәлел. Сол секілді авар ақыны Расул Ғамзатовтың “Әнім де, жырым да сен – туған елім!” деген мақаласын 1972 жылы аударып жариялапты. Осындағы ақын сөзіне қарап отырсаң