ЖАМБЫЛ – ӘЛЕМ ТҮРКІЛЕРІ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ АЛЫБЫ
Түрік әдебиетінің мақтанышы Мехмет Юрдақұл:
…Мен түрікпін, дінім, ұлтым ұлы ғой,
Өне бойым жанған отқа толғандай…-деп жырласа, қазақ түркісінен шыққан ақын Жұбан Молдағалиев:
“…Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген…”-деп жырлады.
Ал, Мағжан әлем түркілерін өзінің поэзиясымен былайша асқақтатты:
…Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?
Түрікке адамзатта ел жеткен бе?
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,
Түріктің ерлеріне ер жеткен бе?…
Әлем түркілерінің мақтанышы ХУІ-ғасырда өмір сүрген Көроғылы ақын, 1785-1868-жылдары өмір сүрген Дадалоғлы ақын, Мехмет Емін Юрдақұл, Қожа Баходи Нақшбанди, әйгілі имәм Мұхаммед Исмайыл Бұхари, бүкіл әлемнің екінші ұстазы болған, ғылымның барлық түрін игерген қазақ түркілері Әбу Насыр әл-Фараби, Махмұт (Мұхаммед) Қашғари, Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы, Жүсіп Баласақғұн (Баласағұн емес,М.Ә.), Қожа Ахмет Жасауи, Ахмет Жүйнеки,Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, өзбек түркілері Лүтфи,Саккаки, Атай, Дүрбек, Бабыр, Ағаки, Мукуми, Фурқат, Әлішер Науайы, Ниязи, Қадри, Айбек, Әлімжан, Ғафур Ғұлам, Қаһар, Ұйғын, Яшен, Зұлфия, Міртемір, Шайыхзада, қарақалпақ түркілері Бердақ (Бердімұрат) Қарғабайұлы мен Әжінияз, Жиен жырау, түрікмен түркісі Мақтымқұлы, қырғыз түркісі Халық Ақиев, әзірбайжан түркілері Низами, Физулли, Молла Панах Вагиф, Хуршудбану Наватан, Расул Ғамзатов,Ғұмар Қараш, түріктер Зия Гокалып, Омер Сейфеддин, Хамдолла Субхи, Сыдық Қарашев, Әбу Мансұр Матариди т.б. өздерінің поэзиялық туындыларымен түркілерді әлемге танытты.
ХУІ-ғасырда өмір сүрген түріктің көрнекті ақыны Көроғылы шайқас кезінде қолына сазын (қобызын,М.Ә) алып, атқа мініп, қалың қолдың алдына шығып өлең-жырларымен қайрат берген, сарбаздарды шайқасқа бастап, ұраншы болған. ХУІ-ғасырда жорық жыршысы Доспамбет, ХУІІ-ғасырда Марғасқа, ХУІІІ-ғасырда Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, ХІХ-ғасырда Махамбет қолына домбырасын алып, сарбаздарды көтеріліске үндеген.Мұндай жорықшы жыраулардың дәстүрін кешегі екінші дүниежүзілік соғыста қазақ түркілері Мәскеу түбінде Бауыржан Момышұлы, Жамбыл Жабайұлы жалғастырды.
Жамбылды қазір әлемнің миллиондаған түркілері (Әлемде қазіргі таңда 160 миллион түркі халықтары бар) жыр алыбы деп мақтаныш етеді.
“ХХ-ғасырымыздың аса әйгілі ақыны шын мәнінде аты аңызға айналған замана жаршысының өткір де, асқақ үні – бір ғана қазақ халқы емес, осы күнгі түркі тектес барлық халықтар поэзиясының арсеналындағы ең озық игілік болып отыр…”-деп жазды заманымыздың заңғар жазушысы қырғыз түркісі Шыңғыс Айматов.Шын мәнінде Жамбыл әлем түркілері поэзиясының алыбы болды, бүкіл түркі халқы поэзиясының, соның ішінде қазақ поэзиясының шоқтығын биікке көтерді.
Ал, Мырза Тұрсын-заде “Ең биік шың- адамның жүрегі.Жамбыл өзінің поэзиясымен сол шыңға жол таба білді және ол шыңды бағындырды…”-деп жазды.
Қазақ түркілері ежелден жырды рухани азығына айналдырған, жыр арқылы ұрпақ тәрбиесіне аса көңіл бөлген халық.Шешендіктің сан қырлы сырларын жас ұрпаққа үйрете отырып, адам жанының рухани байлығын кемелдендіріп отырған.
Қазақ түркілерінен шыққан Сыпыра жыраудан бастап Жамбылға дейінгі әдебиетіміздің даңғыл жолы қазіргі кезеңде қазақ түркілерінің поэзиясын бүкіл әлемге танытты.
Қазақ түркілерінен шыққан белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков былай деп жазған еді:”…Ғасырдан ғасырға жалғасып, атадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ сөз өнерінің екі үлкен айшықты мектебі бар тәрізді.
Бірі – өмір, замана жайында терең толғанатын шешендік, фәлсафалық, данышпандық мектеп.Мұның аты сақталып бізге жеткен түпкі атасы Асан қайғы, одан бұл өнер ғасырлар аттап кешегі ұлы Абайдың қолына тиді.
Екіншісі- өле өлгенше көмейі күмбірлеп, жағы талмаған дария- даңғыл жыраулар мектебі.Мұның әзірге біз білетін аты мәлім түпкі атасы- Сыпыра жырау.Оған іліктес Шалкиіз, Бұқар, Шөже, Майкөт жыраулар аталады.Сондай жыраулардың ең соңғы үздігі-Жамбыл…” (1).
Қазақ түркілерінен шыққан халық ақындары Шашубай,Нұрпейіс, Кенен, Нартай,Орынбай, Омар, Доскей ,Қалқа, Қуат, Үмбетәлі, Нұрхан, Саяділ Жамбыл дәстүрін дамытушы әрі жалғастырушылар болса Өтім Балтуғанұлы, Омар Сейілұлы, Бекенқұл Ақымбетұлы, Ұлжан Бекенқұлқызы, Қанышбек Назарұлы сияқты майталман жыраулар Жамбылдың ақындық-жыраулық дәстүрін қадірлеп өткен.
Жамбыл поэзиясының ежелгі түркі поэзиясының көшбасшыларының бірі Иоллықтегіннің поэзиясымен рухани байланысын сөз етер болсақ мұнда әлі талай біз білмейтін құпиялар баршылық.Иоллықтегін мен Жамбыл поэзиясының үндестігі арадан сан ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтқан емес.Жамбыл да Иоллықтегін сияқты елін бірлік-ынтымаққа шақырады.
Күлтегін жырында (УІІ-ғасыр):
Сөзімді түгел естіңдер:
Бүкіл жеткіншегім, ұланым…(2)-деп жырланса, Жамбыл Жабайұлы:
…Балалар, аманбысың, шырақтарым,
Майысып көлге біткен құрақтарым…-дейді.
Күлтегін жырында:
“…Біріккен әулетім, халқым…
…Бұл сөзімді мұқият тыңда,
Терең ұқ…
…Біріккен халықты от-су қылмадым…(“От-су”-“өштестірмеді”-деген мағынада),(3).
-деп жырланса,
Жамбылда:
…Кімде кім бірлік бұзса-халыққа қас…-деп жырланады.
Екеуінде де негізгі мақсат- халық бірлігі.Иоллықтегін мен Жамбыл Жабайұлы шығармалары арасындағы рухани байланысты осыдан сезуге болады.
Күлтегін (үлкен жазуында):
…Алып кісілер бізге шабуыл жасады,
Сол мезетте өкініп,
Күлтегінді шағын қолмен жібердік.
Жойқын соғыс жасапты.
Алып Шалшы ақ атқа мініп шауыпты.
Баршасы түргеш халқының
Сол жерде өлім тауыпты…(4). Қазақ түркілерінен шыққан атақты батырлар Кенесарыны,Наурызбайды,Бұқарбайды, Нәпбайды, Бұғыбайды,Саурықты, Сыпатайды, Байсейітті, Сұраншыны Жамбыл жырға қосады:
…Алдына дабыл өңгерген,
Артына сауыт бөктерген.
Кенекем келді алыстан.
Ақ ауызы арқырап,
Ақ сауыты жарқырап…
…Наурызбай келді арыстан.
Жауды көрсе қуанған,
Алмасын қанға суарған,
Табыннан шыққан Бұқарбай.
Ту ұстаған Нәпбай,
Жортуыл жолшы Бұғыбай.
Жалаң қылыш байланған,
Жау қайда деп сайланған.
Батырлар келді Қордайға…
Кенесары келген соң,
Өңкей ерді көрген соң,
Ерлігін жаннан асырған,
Бес қаруын асынған,
Келді Саурық, Сыпатай,
Жас Байсейіт, Сұраншы,
Келді бәрі қалмастан,
Кенесары алдында,
Өңкей көкжал бас қосқан…
Тоныкөк (УІІІ-ғасыр) жырында:
“…Мен былай дедім:
-Мен, білге Тоныкөкпін.
Алтын қойнауын асып келдік,
Ертіс өзенін кешіп келдік,
Кім келсе де батыр дедім…(5).
Күлтегін (үлкен жазуында) елді қорғау идеясы- жырдың мәңгілік алтын діңгегі.Ежелгі түркілердің ең басты идеологиясы- туған жерге деген, туған елге деген махаббатты ұрпақтардың санасына сіңдіру.
Халық ішіндегі алауыздықтың кесірі түркі халқының жойылып кетуіне әкеліп соқтыра жаздады.Табғаш халқының тепкісіне көнген түркілер жырда былайша жырланады:
…Бектерінің халқының ымырасыздығынан,
Табғаш халқының тепкісіне көнгендігінен,
Арбауына көнгендігінен,
Інілі-ағалының дауласқандығынан,
Бекті халқының жауласқандығынан,
Түркі халқы елдігін жойды.
Қағандығынан айырылды…(6).
Түркі халқының алаауыздығы мемлекеттің күйреуіне әкеліп соқтырған.
Оған себепкер болған табғаштарға жағымпазданып, олардың алдауына ерген түркілердің атқамінерлері.Олар жырда былай жырланады:
…Соңындағы інілері қаған болған,
Ұлдары да қаған болды.
Соңындағы інісі ағасындай болмады,
Ұлдары әкесіндей болмады.
Біліксіз қағандар отырған екен,
Жалтақ қағандар отырған екен.
Әміршілері де біліксіз екен,
Жалтақ болған екен… (7).
Жамбылдың “Өтеген батыр” (екінші нұсқасы) жырында біліксіз, жалтақ болыстар :
Елді сатып, қан сорған,
Қарғылы қара болыстан…(8)
Ал Жамбылдың “Халық Армиясы” атты өлеңінде:
…Ұлық, төре, бай, манап,
Патша жақты паналап,
Елді бірге талады…
..Хан мен сұлтан, бай мен бек
Патшаларға телмеңдеп,
Табандарын жалады…”-дейді.
Жамбылдың “Өтеген батыр” жырында (екінші нұсқасы) Елін сүйген, жерін сүйген Өтеген батыр бейнеленеді.Жырда әрине, Өтеген батыр Асан қайғыға ұқсап еліне жер ұйық іздейді.Жер іздегенде ол туған жерінен безіп кетпек емес, өз атамекеніне тең келетін жер бар ма екен деген сұраққа жауап іздейді. Патшаның жерді алса халқының не болатынын қайғырады.
: …Талса да оймен Өтеген,
Ойынан ешкім озбаған.
Басқа жаннан өзгеше,
Тереңнен сырды қозғаған.
Елдің қамын көп ойлап,
Болар істі болжаған.
…Жетісудай жеріңен,
Айрылып айдын көліңнен,
Бетпақ шөлге қамалып,
Ел боларсың тоғысқан… (9).
УІ-УІІ – ғасырлардағы түркілердегі алаауыздық ХУ-ХУІІІ-ғасырларда қазақ хандарының, ірі тайпаларының арасында да орын алды. Мұны белгілі ғалым-жазушы М.Мағауин:” Ағасының інісіне пышақ салған заман еді…”-деп жазды. Осындай алаауыздық- шет ел басқыншыларының қазақ даласына әлсін-әлсін шабуыл жасап тұруына жағдаяттар жасады.Олар бүгулі жұдырықтай тас түйін отырғанда мұндай болмас еді. Мұндай алауыздықтың соңы Ресей империясының қол астына бодан болып кіруімен аяқталды.
Өтеген батыр осыны алдын ала сезген.Оның елін, жерін қайтсем аман алып қалам деп шарқ ұруы осыны дәлелдейді.
Мұндай жағдайдың ХУ-ғасырда өмір сүрген жырау Асан қайғының басында да болғаны белгілі.
Жамбылдың “Өтеген” батырында:
…Айдарлыңды құл қылып,
Тұлымдыңды тұл қылып…(10) -деген тармақтар “Күлтегін” (үлкен жазуында):
…Табғаш халқына бек ұлдары құл болды,
Пәк қыздары күң болды…(11) -делінеді.
Жамбыл жырларынан ежелгі түркі поэзиясының лебі еседі.Иоллықтегін түркі батырлары мен данышпандары Күлтегінді, Тоныкөкті, Білгені жырға қосса, Жамбыл қазақ түркілері Кенесарыны, Өтегенді, Саурық, Сыпатай, Сұраншы батырларды жырға қосады.
“Түркі халқының атақ-даңқы өшпесін деп…” жырлаған Иоллықтегін мен арадан ондаған ғасыр өткен соң:”Күнді көрдік, ел болдық, асу бермес өр болдық…”-деп түркі халықтарының бірлігін жырлаған Жамбыл поэзиясы арасындағы рухани байланыс өскелең ұрпақтарды отаншылдық сезімде тәрбиелеуде мыңдаған жылдар бойы мәнін жоғалтпайтын асыл мұра.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1.М.Жолдасбеков, “Жамбыл және оның ақындық ортасы”, кітапта: “Асыл арналар”, “Жазушы” баспасы, 1986-жыл, 140-бет.
2.” Күлтегін” жазуы,”Ежелгі дәуір әдебиеті”, құрастырып, алғы сөзін жазған: Алма Қыраубаева, Алматы, “Ана тілі” баспасы, 1991-жыл, 5-6-беттер.
3.Бұл да сонда, 6-18-беттер.
4.Бұл да сонда, 21-бет.
5. “Тоныкөк” жазуы,”Ежелгі дәуір әдебиеті”, құрастырып, алғы сөзін жазған: Алма Қыраубаева,
6.Бұл да сонда, 11-бет.
7.Бұл да сонда, 11-бет.
8.Жамбыл Жабаев, “Өтеген батыр”, екінші нұсқасы, кітапта: “Өтеген батыр”, құрастырған Айзада Сейітқызы, Алматы, “Мерей” баспасы, 1994-жыл, 53-бет.
9.Бұл да сонда, 53-бет.
10.Бұл да сонда, 54-бет.
11. “Күлтегін” (үлкен жазуы),”Ежелгі дәуір әдебиеті”, хрестоматия, екінші кітап, Алматы, “Ана тілі” баспасы, 1991-жыл, 12-бет.