Хамит Ерғалиев

0
1910

Қайран, Хамаң!

Дүниеден Хамаң – Хамит ақын Ерғалиев озғалы да бірнеше жылдың мұғдары болыпты-ау. Кейде өзіңнен-өзің отырып таңғаласың: біртуар тұлғаларды күнде көріп, олардың лебізін тыңдап жүргенде ондай адамдар ешқашан өмірден өтпейтіндей көресің. Оның үстіне Хамит Ерғалиев сияқты кесек мінез, өр тұлға хал­қының махаббатына бөленіп ортамызда жүре беретіндей көрінетін.

Кезінде ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов дүние салғанда дана Ғабең, Ғабит Мүсірепов зират басында сөйлеген сөзінде: “Қазақта ат тұяғын тай басар” деген мақал бар. Бірақ, бұл мақал әдебиетке жүрмейді” дей келіп, бақиға өткен Мұхаңның орнын енді ешкім де баса алмайтынын, оның орнын ешкім де толтыра алмайтынын баса айтып еді. Асыл Ғабеңнің алтын сөзі Хамаңды еске алғанда ойға оралып отыр. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндердің сүйікті інісі, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаевтардың өкшелес ізбасары, замандасы бола білген, қазақ поэзиясында революцияға бара-бар жаңалық ашқан Хамит Ерғалиев есімі қазақ әдебиетінің жадында әрқашан жаңғырып тұрары кәміл.

Мен Хамаңның шығармашылығына жан-жақты талдау жасап, баға бергелі отырған жоқпын. Ақынның бағасын көзінің тірісінде-ақ жырсүйер халқы беріп қойған. Өйт­кені, оның осы заманғы қазақ өлеңіне, әсіресе, ұйқас, ырғақ, екпін саласында енгізген техникалық жаңашылдығы мәңгі үлгі болып қала бермек. Өзгеге де, өзіне де қатаң талап тұрғысынан қарайтын ақын өлеңдегі ұйқас мәселесіне түбегейлі өзгеріс жасап, бұрынғы жеңіл-желпі ұйқаспен сыдыртып өте шығатын таптаурын әдістен үзілді-кесілді бас тартып, соныға жол тартты. Бұл тек жаңашыл ақын Хамит Ерғалиевке тән өзгеше құбылыс болды. Поэзиядағы Ерғалиев жасаған ерлікті әлі күнге дейін ешбір ақын қайталай алған жоқ. Қайталамайтын да шығар. Өйткені, ол үшін Хамит ақын болып туу шарт. Ал Хамит сияқты талант өмірге екі рет келмесі хақ. Себебі, тың ойлардан, соны ұйқастардан құралған Хамаң поэзиясы ақындары­мыздың талай буынына тағылым, үлгі-өнеге болып қала бермек.

Өз басым бір кезде ұлы Әуезовтен университет қабырғасында дәріс алған, одан кейін Сәбең, Ғабең, Ғабекең сияқты біртуарлардың көзін көрген бақытты ұрпақтың өкілі болғанымды мақтан тұтамын. Ал Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғалиев сынды поэзия тарландарымен іні ретінде, шәкірт есебінде араласып, баталарын алғаным менің жас жүрегімде өшпейтін жалын шалқытты.

Енді Хамаң өміріндегі өзім куә болған бірер жәйтті еске алайын. Хамаң тауып айтатын, сөзі мірдің оғындай өткір кісі болатын.

Бірде Хамаңмен бірге Белоруссияға сапарға шығудың сәті түсті. Беларусь классигі Якуб Коластың мерейтойында Хамаң сөз сөйледі (ол кісі қазақша да, орысша да сөзге шешен еді). Кеңес дәуірінде ондай бүкілодақтық іс-шараларда сөйлеушілерге Конституцияда жазылған ретпен сөз берілетін. Он бес республика өкілдері үшін бұл бұлжымас тәртіп болатын. Хамаң сөйлеп болып, орнына отырған кезде грузин ақыны Карло Каладзе: “Хамит Ерғалиевич, неге сізге сөзді бізден бұрын береді?” – дегенде ол: “Себебі, Қазақстан жарты әлемді асырап отыр, оның ішінде сіз де барсыз!” – дегенде ана кісі үндей алмай қалды. Енді бірде өзбектің аты танымал ақынының өлеңдерін бір топ ақын аударатын болды (ол ақын кейін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды). Өзіне тиісті өлеңдерді лезде аударып, баспаға әкелген Хамаң: “Мұндай өлеңдерді біздің талапкер жас ақындарымыз оң емес, сол қолымен жазады”, – деді. Сол Белоруссия сапарынан қайтар жолда біз Мәскеуге тоқтадық. Ұшақтан түскен соң бірден: “Кеттік Чистопрудқа!” – деді Хамаң. Қазір Қазақстан елшілігі орналасқан кәдімгі Чис­топрудный бульвардағы ғимарат. Кештетіп келген болатынбыз. Есікті ешкім аша қоймады. Хамаң ашуланайын деді. Мен: “Қайтесіз, Хама, онан да Аманғалидікіне барайық (Аманғали Сұлтанов – КСРО Жоғарғы Кеңесінде жауапты қызмет атқарып жүрген ақын досымыз еді), тіпті болмаса әдебиет институтының жатақханасына тартайық, Жұмекен орын тауып берер” (ақын Жұмекен Нәжімеденов сонда оқып жатқан) десем, болмады.

Хамаң енді дауысын көтеріп, есікті қаттырақ қағып болмаған соң, бір уақытта әр жақтан тықыр білініп, күзетші көрініп, бізге ұрсып берсін. Бірақ, Хамаңның мысы басты білем, әлгі күзетшінің дауысы бәсеңдеп, жуасып қалды. Оған Хамаң тоқтамады, ішке кірген соң Мәскеудегі Қазақстан өкілдігінің басшысы Өтешқали Атамбаевты (бұрынғы Қаржы министрі) орнынан тұр­ғызып, сол мекеменің барша қызметкерлерінің шаңын қақты. Атамбаев бастатқан басшылары кешірім сұрады. Содан кейін біздің сонда болған үш күнімізде бәрі де қасымыз бен қабағымызға қараумен болды. Сонда да Хамаң өкілдіктің басшы­сына: “Өтеш, сен бұларды әбден басындырып алғансың. Бәрі де сенің өзіңе байланысты. Қазақстаннан кім келсе де, бұлар күн тәулігінде жиырма төрт сағат бойы тік тұрып қарсы алуы керек. Өйткені, осы қызметпен нан жеп, отбасын асырап отыр. Бәрін кісімсітіп қойған сенің жасықтығың!” – деп қатал ескертіп кетті. Орыс көрсе жүні жығылып, бетегеден биік, жусаннан аласа боп тұратын басшы­лардың талайын көріп өскен басым Хамаңның өрлігіне іштей дән разы болдым.

Енді бірде бір топ ақын Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына поэзия кешіне бардық. Ол кезде институт ректоры қой шаруашылығы саласындағы еліміз­дің ірі ғалымдарының бірі Мүсілім Ермеков болатын. Хамаң бастап барған ақын­дарды өзі құшақ жая қарсы алды. Өзі Хамаңмен бұрыннан досжар адам екен. Кешті өзі ашып, кіріспе сөз сөйледі. Біз кезекпен өлең оқуға дайындалдық. Алғаш студенттер алдына шыққан ақынымыздың арзанқолдау өлеңіне аудитория есі шыға мәз болды. Мұны тыңдап отырған Хамаңның қабағы түнере бастағанын байқап отырмын. Оның үстіне залдың тең жартысы бос еді.

Бір уақытта Хамаң сөз алды. Мінберге шыққан Хамаң бірден ректорға қарата сөйлеп, өкпесін айтты. “Қазақстанның маңдайалды ақындарын мынау залға шақыруға қалай дәтің барды?! Өзің ректор бола тұрып, бір залды толтыра алмағаның қалай?! Екеуміз аралас-құралас болғалы ақын жанын, ақын табиғатын түсінетіндей, білетіндей болып едің ғой. Ақын бала сияқты. Сенің кездесуді ұйымдастыра алмағаныңды өмірі ұмытпайды”, – осыны айтып Хамаң енді залға көз тастады. – Мына отырған балалар ертең ел басқарады. Басшылыққа негізінен сельхоз бен зоовет бітіргендерді қоятынын өзің бек жақсы білесің. Күні ертең миллиондардың тағдыры осылардың қолында. – Хамаң сәл бөгеліп, бір жөткірініп алды да, қайтадан ректорға қарап, сөзін сабақтады. – Сен олардың рухани деңгейін көтеруге күш салуың керек. Бұлар әдебиеттен, мәдениеттен мақрұм болса, халқымыз үшін нағыз трагедия сол емес пе?! Қарап отырмын, жаңа өлең оқыған ақынның (оған да бетің бар, жүзің бар демеді) арзанқол дүниесіне, оның “шық етті-тық етті”, “бырқ-бырқ, тырқ-тырқ” дегендеріне естері шығып, қарқылдап күліп, мәз болып отыр. Бұлар басқарған еліміздің, халқымыздың, ұлтымыздың ер­теңгі күні не болмақ?! Әдебиет пен өнерден хабары жоқ, рухани мешелдер қазақ ұлтының көсегесін көгерте ме?! Бұлардың обал-сауабы мына сіз бен бізге жүк­теледі. Мен мұны Қазақстанның ірі ғалымы, білім ордасының басшысы деп, Мүсілім, саған айтып тұрмын! Досым деп айтып тұрмын. Егер жас ұрпақ рухани деңгейі төмен, топас болып өссе, онда біз өресі биік жан емес, мал өсірген болып шығамыз! Оны болашақ кешпейді!”

Осыны айтып, Хамаң мінберден түсіп кетті. Бағанадан бері дегбірі қашып, салы суға кетіп отырған ректор созалаңдап орнынан әзер көтерілді. Мүсекең қапсағай, ұзын бойлы, атжақты, келбетті кісі еді. Еңкіш тартып тұрғаны, тіпті, ыңғайсыз болды. Іштей: “Хамаң қаттырақ кетті-ау”, – деп те ойладым. Ректордың үні тым баяу шықты. Ол әуелі Хамаңнан, сосын қалған ақындардан кешірім сұрады. Сосын кездесу кешін қайта ұйымдастырып, қай күні өтетінін алдын ала өзі хабарлайтынын айтты. Сонымен кездесу аяқталды.

Иә, Хамаң не айтса да алмас қанжардай тіліп түсетін өткір мінезді адам еді. Айбынды да айдынды болатын. Кесек мінезді Хамаңның ірілігі шығармашы­лығында да менмұндалап айқын көрініп тұратын.

Ақын поэма жанрында өлшеусіз еңбек етіп, тамаша мұра қалдырды. Оның поэмаларының тақырыбы да әралуан. Оған “Әке сыры”, “Үлкен жолдың үстінде”, “Біздің ауылдың қызы”, “Сенің өзенің”, “Оралдағы отты күн”, “Аңыз ата”, “Жылдар, жылдар” поэмалары дәлел.

Ақын шығармашылығының шыңы – “Құрманғазы” поэмасы:

Бір қызың туды мені толғасын деп,

Адамның асыл жанын талғасын деп,

Бұлыңғыр замандағы ата Құрман

Жүрегін жүрегімен жалғасын деп.

Келмейді оны ойлағым, баяулағым,

Сен маған әр толқыны аяулы ағын.

Тасимын тасқыныңмен бірге сенің,

Келмейді ұзақ жолда жаяулағым, –

деп басталатын осы поэманың кіріспесін қара домбырасын шерте отырып, ақынның майда қоңыр дауысымен шырқағанына талай рет куә болғаным бар. Күмістей әппақ, қалың шашын қайырып тастап, осы кіріспені шырқағанда жанарына жас үйіріле, терең тебірене толғанатын.

Абыз ақынның төрінде бірнеше домбыра ілулі тұратын. Әр домбыраның үні әр түрлі, өзінше ерекше болатын. Олардың қайсысын қолға алуы – ақынның көңіл күйіне байланысты. Домбыраның құлақ күйін келтіріп, бабына түсірген соң, балуанға лайық саусақтарымен көсіп-көсіп тартқанда тыңдаушының жүрек қылын дөп басып шерткендей әсер ететін.

Хамаң достыққа берік, досына мейлінше адал адам болатын. Оған көз жеткізу үшін ақынның дос ағасы, ұлы сазгер Ахмет Жұбановтың бейнесін сомдаған “Күй дастан” поэмасын оқысақ та жеткілікті. Кейін Хамаң Ахаңның қызы, талантты композитор Ғазиза Жұбанованың бірнеше музыкалық шығармаларына мәтін жазды.

Ақын сонымен бірге ғажайып публицист еді. Замана сипаты, мезгіл мінезі хақында ойы ұшқыр Хамаңның қаламынан туған мақала, очерк, эсселерді республикалық га­зет-журналдар асыға күтіп отыратын. Ал теледидар арқылы оқыған өлеңдері, сөйлеген сөздері Қазақ телевидениесінің алтын қорында сақтаулы. Таңдамалы прозалық шығармалары “Шындық шырқайды” деген атпен жеке кітап боп шықты.

Ақын Хамит Ерғалиев шығармашылығы өз алдына зерттеуді қажет етеді. Бұл, әрине, болашақтың ісі. Хамаңның қазақ поэзиясына әкелген жаңалығы, жаңашыл­дығы айрықша мәселе.

Ал көркем аударма саласындағы ақын еңбегін атап өтпеу орынсыз болар еді. Әлем әдебиетінің небір жауһарларын Хамаң қазақ оқырмандарына таныстырып, артына орасан зор мұра қалдырды.

Ақын аударған Д.Байронның, У.Шекспирдің, П.Неруданың, Н.Хикметтің, А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, А.Некрасовтың, В.Маяковскийдің. Д.Бедныйдың, М.Светловтың, А.Сурковтың, Р.Ғамзатовтың таңдаулы шығармалары – көркем аударманың озық үлгісі. Сонымен қатар ол қырғыздың “Манас”, қарақалпақтың “Қырық қыз” эпостарын ана тілімізге аударушылардың бірі.

Х.Ерғалиев шығармалары орыс тіліне, ТМД халықтарының тілдеріне, сондай-ақ чех, венгр тілдеріне аударылды.

“Өзге емес, өзім айтам өз жайымды” деп Қасым айтқандай, Хамит ақын да өзі туралы тебіренісінде ақындық болмысын, өз жан дүниесін нақты да, дәл сипаттай білген:

Маған жат – тынбақ, сарқылмақ,

Қалжырап көрген жоқ жаным.

Өтермін өзім жарқылдап.

Өзегім толы ақ жалын.

Қызықпан құрғақ мадаққа.

Берілмен кесір кеңеске!

Міндетін ұлдың адақтап,

Армансыз жатам дөңесте!

Мен небір марқасқа, жайсаң жандардың жақсылығын көп көрген адаммын. Соның бірі де бірегейі Хамит ағай еді. Хамаң біздің үйіміздің қамқор досы болды.

Біреуден көрген жақсылығыңның шырайын шығарып айтпасаң – күпірлік болмақ. Асыл аға мен Жазушылар одағына мүшелікке өтерде кепілдеме берген демеушім, жебеушім болғанын ешқашанда ұмытпақ емеспін. Айта кететін бір жәйт – одаққа өтерде Хамаңнан басқа, қазақ поэзиясының классиктері – Ғали Орманов пен Сырбай Мәуленов және Қазақстан Жазушылар одағының поэзия секциясының атынан Қалижан Бекхожиндерден кепілдеме алған бақытты қаламгермін.

Хамаң өмірден көргені де, түйгені де көп, тұнып тұрған шежіре болатын. Одаққа мүшелікке өткенде Жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы – партизан-жазушы Әди Шәріповтың өзі қолымызды қысып тұрып: “Сендер Одаққа өткенде ешқандай дау-дамай болмады, президиум мүшелері бірауыздан қолдау білдірді. Бұл – жақсы нышан. Әдебиет биігіне самғай берулеріңе шын жүректен тілектеспін!” – дегенде төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалғанын неге ұмытайын.

Бірде мен Хамаңды қонаққа шақырдым. Келмей ме деп қауіптеніп едім, жоқ, келді. Алматының бір шетінде – Симферопольская деген һәм қараңғы, һәм тұйық көшедегі қамыс-каркас үйімде Хамаң таң атқанша әңгіме-дүкен құрып, сыр шерткен күн – біздің отбасы үшін бақытты сәттердің бірі. “Ақын тапқан алтын етек жеңешем!” – дегенде анашымның тебірене көзіне жас алғаны бар. Сол кеште Хамаң “Жалды Құрманғазы” – күй атасы туралы ғажап әңгіме айтып еді. Сонау Үркіт (Иркутск) губерниясына жер аударылған Құрманғазының қайтар жолында Жетісу, Арқа өңірлерін бірде жаяулап, бірде салт атпен жүріп өткенін, жол үстінде жеті қараңғы түнде бір қорымға келіп түнегенін, таң алдында жер астынан шыққан адамның дауысынан ұйқысының шайдай ашылғанын, содан кейін мойын омыртқасынан сегізкөзіне шейін жалы бар, жүрек жұтқан батыр күйшінің летаргия­лық ұйқыға кеткен қыздың жерленгеннен кейін оянып, ыңырсып жатқан жерінен көрді ашып құтқарып қалғанын жырдай ғып айтқанда, үй ішімізбен аузымызды ашып тыңдағанымыз бар. Осындай ғаламат хикаяларды тыңдаумен атар таңды көзімізбен атырдық. Мұндай сәтті қалай ұмытарсың!

Қайран, Хамаң! Ол біреуге жақсылық жасағысы келіп тұратын, адамға жаны ашығыш, елгезек мінезді асыл адам болатын. Қол ұшын беретін ешкім жоқ, зайыбым Софияны жұмысқа орналастыра алмай, көп сандалғаным бар. Сол кезде маған жәрдем берген де осы асыл Хамаң болды. Сөйтсек, “Мектеп” баспасының директоры Сафи Назаров деген кісі Хамаңның досы екен. Директордың кабинетіне кіруге жасқаншақтап тұрғанда, екеумізді ақын аға өзі алып кірді. Мәселеміз оншақты минөтте шешілді. Асылдың сынығы – Райымжан Бөкейханов ағамыз математика редакциясының меңгерушісі екен, директор сол кісіні шақырып алды да, Софияны кіші редакторлық қызметке қабылдатты. Кейін Райымжан аға әкеміздей қамқорымыз болды.

Қайран, Хамаң! Қабырғасын күйреткен Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралып, туған әдебиетімізде жарты ғасырдан астам уақыт тер төккен асыл аға – ұлы ақын Хамит Ерғалиев қаламгер атына кір келтірмей, арына дақ түсірмей өткен абыз. Әкеден жастай қалсам да, Хамаң сияқты абзал жандардың қамқорлығына бөлендім. Егер бойымда адамға деген мейірім, жанашырлық болса, ол осындай жайсаңдардың тағылымы, өнегесі. Астанаға көшіп кеткендіктен, мен абзал аға көз жұмғанда жерлеуге қатыса алмадым, өз қолыммен топырақ сала алмадым. Тағдыр ісі шығар. Осы естелігім қазақтың қайсар ақыны Хамит Ерғалиевтің зиратына мен салған бір уыс топырақ болғай!

Қайран, Хамаң!..