Мұхит аралдары

0
2965
физика

Сабақтың мақсаттары:

1. Білімділік: Оқушыларды Мұхит аралдарымен таныстыру, оның ерекшеліктері мен маңызына тоқталу.

2.Дамытушылық: Оқушылардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін, танымдық белсенділіктерін ояту, шығармашылықтармен жұмыс істеуге дағдыландыру.

3. Тәрбиелік: Оқушылардың басқа елге, жерге, мемлекеттерге деген көзқарастарын біле отырып, елін, жерін, табиғатты аялайға, қорғауға, бірін-бірі сыйлауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Жаңа сабақ

Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, түсіндірмелі

Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы: Карта, оқулық, қосымша материалдар, суреттер.

Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту

Үй тапсырмасын сұрау:

Жаңа сабақты түсіндіру:

Мұхиттың орталық және оңтүстік-батысында шоғырланған аралдардың тобын Мұхит аралдары деп атайды. Бұл аралдардың саны 7 мыңнан асады, жалпы ауданы 1,3 млн км² болады. Мұхит аралдары экватордың екі жағында, солтүстік жарты шардың субтропиктік белдеуі мен оңтүстік жарты шардың қоңыржай белдеуі аралығын алып жатыр. Ірі аралдарына Жаңа Гвинея, Жаңа Зелендия, Гавай, Фиджи және т.б. аралдар жатады. Тарихи географиялық ерекшеліктеріне байланысты Мұхит аралдарына Меланезия («қара аралдар»), Микронезия («ұсақ аралдар»), Полинезия («көп аралдар») және Жаңа Зеландия болып бөлінеді.

Мұхит аралдары еуропалықтарға Ф.Магеллан саяхатынан кейін ғана белгілі болды. Кейіннен бұл аралдар туралы мәліметтерді Джеймс Кук пен орыс саяхатшылары жинақтап, толықтырды. Әсіресе, Жаңа Гвинея аралында 12 жыл тұрған орыс ғалымы Н.Н.Миклухо-Маклай Мұхит аралдарының табиғаты мен халқы жөнінде құнды ғылыми еңбектер жазып қалдырған. Мұхит аралдарында саяхатшылардың құрметіне қойылған географиялық атаулар көп таралған.

Табиғаты. Мұхит аралдарының әсем табиғаты алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Аралдардың кейбірінде асқақтаған таулар басым болса, кейбіреуін, теп-тегіс жазықтар алып жатыр.

Мұхит аралдары Тынық мұхит табанындағы қозғалыстардың нәтижесінде түзілген. Аралдардың басым көпшілігі жанартаулық әрекеттерден түзілген. Жанартаулық аралдардың ең ірісі – Гавай аралдары. Мұндағы сөнбеген Мауна-Лоа жанартауының биіктігі 4170 м. Ал екі литосфералық плиталардың жымдасу аймағында қалыптасқан аралдар геосинклиналдық аралдар болып табылады. Олардың ең ірісі – Жаңа Зеландия аралдары. Жанартау атқылауы геосинклиналдық аралдарда да күшті байқалады. Жаңа Зеландияның Солтүстік аралындағы сөнбеген Руапеху жанартауының биіктігі 2796 м-ге жетеді.

Географиялық орнына сәйкес, Мұхит аралдарында ауа температурасы жыл бойы жоғары болады, бірақ мұхиттан соғатын ылғалды желдер климатты жұмсартады, ылғал бір қалыпты түседі. Жаңа Зеландия аралының қоңыржай белдеуге енетін оңтүстік бөлігінде ғана температура біршама төмен болады. Экватор бойында жатқан аралдарда жел болмайды. Ал екі тропиктегі циклондар жолында жатқан аралдар тайфундардың жойқын ықпалына жиі ұшырайды.

Халқы мен елдері. Адамдар мұхит аралдарын ежелден қоныстанған. Олардың аралдары қоныстануы мен шығу тегі жайлы көптеген жорамалдар болғанымен, ғалымдардың көпшілігі оларды Оңтүстік-Шығыс Азиядан қоныс аударғандар деп есептейді. Мұхит аралдарының негізгі халқы – папуастардың тұрмыс-тіршілігі туралы нақты ғылыми деректерді орыс саяхатшысы Н.Н.Миклухо-Маклайдың еңбектерінен табуға болады.

Мұхит аралдарында Папуа-Жаңа Гвинея, Жаңа Зеландия және тағы басқа ұсақ аралдық елдер орналасқан. Мұхит аралдарының қазіргі халқы кокос пальмасы, батат, ананас, банан, қант құрағы, күріш өсіреді, балық аулаумен айналысады. Сонымен қатар аралдарда тас көмір, алтын, мыс өндіріледі.

Мұхит аралдарындағы ең ірі, шаруашылығы жақсы дамыған ел – Жаңа Зеландия. Елдің жері екі үлкен арал мен көптеген ұсақ аралдардан тұрады. 3,5 млн-нан астам халқы бар. Жаңа Зеландияда Еуропадан қоныс аударғандардың ұрпақтары – жаңа зеландиялықтар тұрады.

Байырғы маорилер ел халқының 10%-ын ғана құрайды. Жаңа Зеландия халқының әл-ауқаты жоғары елдер қатрына жатады. Астанасы – Веллингтон қаласы.

Жаңа Зеландия ауыл шаруашылығы өте жоғары дәрежеде дамыған, халқы қой және ірі қара өсірумен, егіншілікпен, балық шаруашылығымен айналысады. Елдің әр тұрғынына шаққанда малдың басы 20-дан асады. Д.ж.-нің көптеген елдеріне қой жүнін, ет, сары май, ірімшік, жемістер мен балық өнімдерін сатады.

Жаңа сабақты бекіту:

Мұхит аралдарының географиялық орнын анықтаңдар.

Қалыптасуына қарай аралдар қалай топтастырылады?

Аралдар табиғатын зерттеген қандай басты ерекшеліктері бар?

Физикалық және климаттық карталарды пайдаланып, Жаңа Гвинея мен Жаңа Зеландияның табиғат жағдайларын салыстырыңдар.

Мұхит аралдарында қандай халықтар тұрады?

Қорытынды: Қорыта келгенде, Жаңа Зеландияда табиғатты қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Жерінің 16%-ын қорықтар мен ұлттық парктер алып жатыр. Елде 10 ұлттық парк бар.

Үйге тапсырма: §58-оқуға. Кескін картаға мұхит аралдарын түсіп келу.

 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Предыдущая статьяМоя любимая школа
Следующая статьяНадежда