Табиғаты

0
886
общество

Сабақтың мақсаттары:

1. Білімділік: Оқушыларды Антарктика материгінің табиғатымен таныстыру, оның ерекшеліктері мен маңызына тоқталу.

2.Дамытушылық: Оқушылардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін, танымдық белсенділіктерін ояту, шығармашылықтармен жұмыс істеуге дағдыландыру.

3. Тәрбиелік: Оқушылардың басқа елге, жерге, мемлекеттерге деген көзқарастарын біле отырып, елін, жерін, табиғатты аялайға, қорғауға, бірін-бірі сыйлауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Жаңа сабақ

Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, түсіндірмелі

Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы: Карта, оқулық, қосымша материалдар, суреттер.

Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту

Үй тапсырмасын сұрау:

Жаңа сабақты түсіндіру:

Зерттеушілердің қатал климат жағдайындағы теңдессіз еңбектері нәтижесінде Антарктиканың ғылымға белгісіз көптеген құпиялары ашылды. Антарктика материгін қалың мұз жамылғысымен қосып, Мұзды Антарктика деп атайды. Жаппай мұз басу Антарктика Аустралиядан ажырап, оңтүстік полюске қарай жылжыған кезден басталған. Мұздың орташа қалыңдығы 1720 м шамасында, ең қалың жарлері 4300 м-ден асады. Мұз жамылғысымен қоса есептегенде материктің орташа биіктігі барлық материктердің орташа биіктігінен 3 есе артық. Антарктиканы жауып жатқан мұз қалқанының орталық бөлігі қалың әрі көтеріңкі, шет жағына қарай жұқарып, аласарған күмбезге ұқсайды. Егер осы мұздарды ерітетін болса, Дүниежүзілік мұхит деңгейі 62 м-ге көтерілген болар еді. Ал мұз астында жатқан материк бөлігін Тасты Антарктика деп атайды.

Оның негізін гондваналық Антарктика платформасы құрайды. Оған батыс бөліктен Анд қатпарлы жүйесіне жататын Антарктика түбегі жалғасады. Олардың жымдасқан бөлігінде қазіргі жер бедерінің көтерілуіне себепші болып отырған жанартаулар тізбегі жатыр. Росс теңізі жағалауында сөнбеген Эребус жанартауы орналасқан. Бұл тау түзілісінің әлі де жүріп жатқанын көрсетеді.

Материк жер бедерінің ерекшелігіне қарай Батыс Антарктика және Шығыс Антарктика болып екіге бөлінеді. Батыс Антарктиканың жер беті өте күшті тілімденген, көпшілік бөлігі мұз салмағынан қатты майысқан ойыстардан тұрады. Теңіз деңгейінен еңбиік және ең төмен жатқан нүктелер де осында орналасқан. Ал Шығыс Антарктикадағы қалың мұз жамылғысымен жабылған жазық жерлер биіктігі 3000-4000 м-ге жететін таулармен алмасады. Таулардың тек ең биік шыңдары ғана жер бетіне шығып жатыр.

Антарктикадағы пайдалы қазбалар әлі де болса толық зерттелмеген. Қазіргі таңда материк қойнауында тас көмір, темір, слюда, графит, алтын, алмас, уран және түсті металдардың қоры бар екендігі анықталып отыр.

Антарктика – Жер шарындағы ең суық материк. Әсіресе ішкі аймақтардың климаты ерекше қатал. Ондағы қысқы орташа температура -60º -72ºС-қа дейін, ал жаз кезінде – 30º-50ºС аралығында болады.

Антарктика жағалауындағы сулар ұсақ өсімдіктер мен жануарлардың жиынтығынан тұратын планктонға бай. Планктон киттердің, итбалықтардың, балықтар мен құстардың 13 түрі, итбалықтардың 5 түрі, көк киттер, кашалоттар мен касаткалар мекендейді. Материк жағалауында құстардың ерекше түрі – пингвиндер көп таралған. Олардың 17 түрі кездеседі, ең көп тарағаны Адели деп аталатын кішкентай пингвин. Сонымен қатар салмағы 50 кг-ға жететін, бойы 1 м-ден асатын, өте әдемі император пингвині мекендейді. Жаз айларында материк жағалауларында дауылпаздар, теңіз шағалалары, су құзғындары ұя салады.

Жаңа сабақты бекіту:

1. Антарктика материгі қашан ашылды, оны кімдер зерттеді?

2. Оңтүстік полюске кімдер және қашан барды?

3. «Оңтүстік мұхит» дегенді қалай түсінесіңдер?

4. Антарктика материгін неге мұз құрсап жатыр? Мұздың қалыңдықтары қанша?

5. Тасты Антарктика дегеніміз не?

6. Антарктика жағалауына қарай неге ағынды желдер соғады?

7. Неліктен Антарктика материгінде тіршілік мұхит суымен байланысты?

Қорытынды: Қорыта келе, Атмосфераның жалпы ластануы әсерінен Антарктика мұздарының жедел қарқынмен еруі мүмкін деген жорамал бар. Сонымен қатар Жерді ғарыштан келетін зиянды сәулелерден қорғайтын атмосферадағы өзон қабатының Антарктика үстінде жұқарып сөгілгендігі де анықталып отыр. Бұл құбылыстың одан әрі күшеюі Жердегі тіршілікке зор қауіп төндіреді. Антарктика табиғатын зерттеушілер бұл апатты құбылыстарды тоқтату шараларын қарастыруда.

Үйге тапсырма: §60-оқуға. Кескін картаға табиғатын түсіріп келу.